29 ақпан мен 12 наурыз аралығында Италияда бокстан лицензиялық турнир өтеді. Әр салмақта жартылай финалға шыққан боксшылар Париж Олимпиадасының жолдамасын қалтаға салады.
Осы орайда, құрама команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов лицензия сарапқа салынатын жарысқа кімдер қатысатынын айтты.
«Олимпиадаға іріктеу турниріне елдегі соңғы Спартакиаданың жеңімпаздары қатысады. Алты боксшыны жарысқа қосамыз. Ал Азия ойындарында жолдама мәселесін шешіп қойған Қамшыбек Қоңқабаевты жаттығу жиынына жіберуді ойластырдық», деді М.Айтжанов.
Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетов тек қана 63,5 кг-да таңдау болатынын жеткізді.
«Бұл салмақта Ертуған Зейнуллинов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлының біреуі баруы мүмкін», деді ол.