Жетпісінші жылдан былайғы ұрпақ арасында Мұхтар Шахановтың рухымен тыныстамағаны кемде-кем шығар. Кітап, газет-журнал оқымайтындар әндерге жазылған өлеңдерін тыңдап өссе керек. «Ғайша жеңгей», «Ғашықтық ғаламаты», «Жігерлендіру», «Төрт ана» сияқты шығармалары ауылдағы талай қара домалақтың бетін әдебиетке, өлеңге бұрғанын білеміз. Екімыңыншы жылдардың алғашқы онжылдығында ауылдағы әр қазақтың телефонынан Шаханов жырлары саңқылдап естіліп жататынын ұмыта қойғанымыз жоқ.
Сондай арманшыл ортада есейген біз «Танакөз» бен «Ғашықтық ғаламатын» оқып өстік десек, аздық етер еді. Кемшін соғар едік. Біз осы екі шығармамен өмір сүрдік. Мектеп оқушысы кезімізде-ақ жастап оқыдық. Бұлақтай мөлдір сезімдерді былғап алмауды, достықта ар-ожданды биік ұстауға талпындық. Асқақ сезім қанатында арман-қиялға көз жібердік. Ізгілік пен ізеттің бәрі шын ақын жазған шығармаларда тұратынын сездік. Кеудеміздегі жан көкейдегі сырды оятқанда барып күш алатынына көз жетті. Махамбеттей жігерлендіріп жырлайтын Мұхтар Шаханов шығармаларын бір қыдырып шыққанда әлі де осындай ойға қаламыз.
«Ізгілік пен ізеттің байлауында,
Мама қаздар самғайтын қойнауында.
Достық атты қазына аралы бар,
Сонау Мақсат тауының жайлауында»
деп басталатын «Танакөзді» оқи бастағанда-ақ жанымыз ерекше нұрға бөленер еді. Қазақ даласында қаншама буынның аузынан түспеген поэма өмірді адал сертпен сүюге, махаббат пен достықтың туын өлсең де жықпай өтуге үндеген жалынды жастықтың жүрегіндей кеуделерде соғып жүрді.
Кез келген өлең, өлең ғана емес, шын таланттың жанынан туған әдеби туынды құдіретке жүгіндірмей қоймайды. Бір қарағанда маған жүгін, қайталап мені оқы деп жалындап немесе мөлдіреп тұрғандай көрінгенімен, ой көзімен қайта үңілсе, құдіретке жүгіндіреді. Сезімді, арды, көңілді, пейілді, ықыласты, бір сөзбен айтқанда, Тәңірдің адам баласына сыйлаған ең басты артықшылығы махаббатты түйсіндіреді. Қандай жағдай төнсе де, пенде баласының адам болып қалуы – кеудесіндегі сүйіспеншілік сезімге, махаббатқа байланысты екені бұрыннан белгілі. Осындай ең аяулы сезім – махаббат пен достыққа дақ түсірмеуді тұңғыш рет «Танакөзден» түйсінгендейміз.
Бала күнімізден құлағымызда қалған әннің сөзі екен: «Қуаныш пен бақытты мүсіндеген, келбетіңнен сенімнің күшін көрем». Дүниеде қуаныш пен бақыттың өлшемі мен кескіні бар да шығар, кім біліпті? Сезініп қана білетін дерексіз нәрселердің құны өлшеусіз ғой. Ақындар өмір бойы жырлап өтетін құбылыстар екі-ақ жолға сыйып кеткеніне қайран қалдырмай қоймайды автор. Адамзат баласын осы күнге дейін ұстап тұрған үміттің жібі мен сенімнің күші десек, олар да осы екі жолда. Бақыт формуласына пара-пар екі жол. Сұлу жар, сүйген жар, асыл жар, әрине бақыт формуласы.
«Дәрменсіз ғой, дәрменсіз білек енді,
Шікәм көңіл көтермес мінегенді.
Жүрегімнің жазира күнгейінен
Сенің бейнең асқақтап түрегелді»
дейді автор «Алғашқы махаббатқа хат» атты циклдік өлеңдерінің бірінде. Қайсысын бұрын жазғанын білмейміз, алдыңғы екі жолды һәм осы шумақты тарқатып, ашып берген «Тереңдік жыры» деген өлеңі бар. Ақынның іңкәр сезіммен сұлулыққа бас июі. Шахановтың бас июінің әр жағында ерлік жатады негізі. Жалпы, адамзат баласы сұлулықты, асылды мойындағанымен, түйсініп бас июін жиі кездестіру қиын. Соған талпынып немесе қасиетіне жетіп өмір сүру басқа әңгіме деген ойдамыз. Ондай биікке шығаратын қасиет ерлік, кесек мінез деп білеміз. «Қуаныш пен бақытты мүсіндеген» сенімі күшті сұлулықты мойындау өз алдына, соған пара-пар сезім мен рухты арқау қылып, онымен өмір сүруге құдіретің жетуі керек қой. Автордың біз айтып отырған «Тереңдік жыры» әлгіндей серттің есігін айқара ашады. Соған қарағанда, махаббат пен ерлік егіз сияқты. Жүрегінде махаббаты күшті жан ғана ерлік жасай алады. Ал махаббат, сұлулық болмаса ерлік те болмайтындай көрінеді.
«Өзіме-өзім ете алмай қалсам иелік,
Күшімді жидым, арманым, саған сүйеніп.
Сен менің асқар белім боп,
Шалқисың кейде шадыман шалқар көлім боп.
Көңілінде терең көлі бар жандар бақытты,
Көңілінде терең көлі бар жанға өлім жоқ» деген ақын арасында сүйген жарына шектірген азабы мен мехнатын, оның сенімі мен шыдамын айтады. Соның бәріне төзген «әйел халқының парасат көркі» бір сүйсе құлай сүйерін, құлай сүйгендер асқақ тұрарын әйгілей келіп, «сол үшін таудай мерейім, сол үшін бақыттымын мен!», деп аяқтайды.
Көкейден сөз суыру – кеудеден жан суырумен пара-пар білгенге. Таудан сарқырай құлаған өзен суының табиғатында сол таудың рухы мен түйсігі барын ұқтырады Шаханов жырлары. Жан-жүрегінің ең аяулы, асыл сезімдерін өзегінен жұлып берген ақын өзгенің жүрегіне жылу сыйлап, түйсігін оятып қана қоя ма? Жан бітіреді. Ақылына, ойына, сезімі мен арына. Сезімге қанат бітіріп, сөзге жан бітірудің өзі оқырманның рухани әлемін байыту деген сөз. Демек автор өзіне тұқымдыққа ғана алып қалып, жарты жанын жұлып берген шығармаға. Ең аяулы, нәзік жаратылысқа саналғанымен, Тәңірінің қалауымен дүниеге келіп, өсіп-жетілген жан мен рухтан күшті әрі дамытушы құбылыс жоқ дер едік. Манағы буырқанған тау өзені қайда асығып барады? Бір жүректен сая тауып тыншуға немесе өзінен де ұлы арналар тудыруға. Сол арқылы адамзат игілігіне айналуға серт еткен ақын шығармалары да сондай.