Түркістан өңірінде кітап оқуға жұрттың қызығушылығын арттыру, мүмкіндік жасау бағытында бірқатар бастама қолға алынған болатын. Мысалы, былтыр аудан, қала әкімдіктерінде «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы жүзеге асырылды. Ал биыл халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» жобасы іске асырыла бастады.
Жуырда Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының бөлімшесі ашылды. Қаладағы ең үлкен сауда орталығында 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Кітапхана бөлімі бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, яғни айына орта есеппен 1500 адамды қамтиды деп жоспарланып отыр. Мұндай тың жоба аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғасын таппақ. Кітапхананың ашылуына жергілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты. «Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр. Өздеріңізге белгілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр. Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық. Қоғамды кітап оқуға қызықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді», деді облыс әкімінің орынбасары.
Базардағы кітапханада түрлі бағыттағы көркем әдебиеттер мен кәсіпті нығайтуға бағытталған және жігер беретін әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Бұл туындылар кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып қана қоймай, жаңа әрі креативті идеялардың тууына мүмкіндік бермек. Халықтың сұранысына сай кітап сөрелері тұрақты түрде жаңартылып отырады. Арнайы қатарлар немесе сөрелер орнатылып, сол жерде азаматтар оқыған кітаптарын сыйға қалдырады, басқа кітаптармен алмастыра алады. Сонымен бірге келушілерге мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар ұсынылады. Өңірде жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кәсіпкер сауда-саттықпен айналысады. Жоба аясында аудан, қалалардағы үлкен сауда орталықтарында да кітапханалар ашылып, бастама жалғасын табатын болады. Жалпы, облыс көлемінде 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Сөзіміздің басында айтып өткен «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, кітапқа деген қолжетімділік артты. Қазіргі таңда облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Айта кетейік, облыстағы 251 мәдениет мекемесінің 45-і ғимаратсыз отыр. Бірі әкімдік немесе мектепте, енді бірі жекеменшік ғимаратта жұмыс істейді. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша былтыр кітапханасымен бірге 13 мәдениет үйі пайдалануға беріліп, 2-еуі күрделі жөндеуден өтті. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, биыл Мақтаарал, Жетісай, Сайрам және Шардара аудандарында жалпы 4 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі. 2024 жылға өтпелі болған Сауран мен Жетісай аудандарында 2 клуб мекемесі, Отырар, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Созақ, Келес аудандарындағы 7 ауылдық мәдениет үйінің құрылысы қайта жанданады.
Түркістан облысы