• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Теннис 17 Қаңтар, 2024

Australian Open-ді жеңіспен бастады

72 рет
көрсетілді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Жерлесімізге ә дегеннен-ақ тәжірибелі қарсылас тап келді. Кезінде әлемдік рейтинг­те көш бастаған, қазір 38-орында тұрған че­хиялық Каролина Плишкова оңай шағылар жаңғақ емес-ті.

Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның бәрінде Е.Рыбакина басым түскен еді. 2020 жылы Дубайда 7:6 (7:1), 6:3, 2022 жылы Мексикадағы Гвадалахарада 7:6 (7:5), 6:2 және өткен жылы тағы да Дубайда 6:4, 6:2 есебімен басым түскен-ді. Бірақ екеуі «Үл­кен дулыға» турнирінде алғаш рет бетпе-бет келді.

Бірінші партияда Каролина 2:0 есебімен алға кеткенімен, Елена таразы басын теңестіре алды. Тай-брейкте де чехиялық спортшы 6:3 есебімен алға шығып, төрт бірдей сет-болды пайдалана алмады. Е.Рыбакина қатарынан бес допты өзіне жазды – 7:6 (8:6). Екінші сет­те есеп 1:1 болған мезетте, Рыбакина брейк­пен алға кетті – 2:1. Ақыры матчқа доп бер­генде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Енді Е.Рыбакина 1/32 айналымда әлемнің 57-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен шеберлік байқасады. Өткен жылы Елена фи­налға дейін жетіп, онда Беларусь өкілі Арина Соболенкоға есе жіберген еді – 6:4, 3:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Недовесов пен Александр Бублик жарыс жолынан шығып қалды.