Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойнын өткізген елордалық «Барыс» Ресейдің «Лада» (Тольятти) командасынан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Бұған дейін елордалық клуб қатарынан үш мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алған еді. Салдарынан 49 ойыннан кейін 40 ұпаймен 19-орында тұрған-ды. Сол себепті «Барысқа» әрбір ойында жеңіске жетудің маңызы зор болатын. Кездесу барысында қос команда ойынды белсенді бастады.
10-минутта ресейлік хоккейші Никита Попугаев соққан гол «Лада» командасын алға шығарды. Ал екінші кезеңде олардың қатарынан Андрей Алтыбармакян 30, Трой Джозефс 38-минутта мергендік танытты. Осылайша, елордалық клуб қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.