Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Түркиядағы трансвеститтер клубына барған мұғалімдерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Екі мұғалім ақысыз демалыс алып, трансвеститтер клубында көңіл көтерген еді. Желіде тараған видеоны көрген ата-аналар қауымы ұстаздардың мектептен кетуін талап еткен. Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты №250 мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің бұл «демалысы» мектеп басшылығына ұнамай, жиналыс өткізген. Осыдан кейін екі педагог та өз еріктерімен жұмыстан кетті.
Асхат Аймағамбетов мұғалімдер де өз құқығы бар қарапайым азаматтар екенін, сондықтан алдымен жағдайды түсінген жөн екенін алға тартты.
«Мұғалімдер де – бәріміз сияқты азамат. Олардың құқығын шектеуге болмайды. Сондықтан бұл жерде біз мұғалімдерге қойылатын талаптарды нақты ажыратуымыз керек екенін білесіздер. Әрине, жоғары талаптар өз алдына. Бірақ біз олар қарапайым азаматтар екенін түсінуіміз керек», деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл жағдайда істі нақты түсініп, олардың қандай кінәсі бар екенін анықтап алу керек.