Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінде білім алып жатқан студенттер «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құрамына кіретін «Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында тәжірибелік сабақтарын өткізуге мүмкіндік алды.
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы қазір бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа кезеңге өту үрдісі жүріп жатқанын айтты.
«Сіздер бұл қарашаңырақта үлкен сыннан өтіп, мол тәжірибе жинайсыздар. Журналист қоғам ағымына орай, талабына сай тұшымды дүние ұсына алуы тиіс. Газет редакциясындағы білікті, білгір, тәжірибелі журналистердің қайрауы мен шыңдауынан өтіп ысылу керек. Студент кезден адам өзінің таңдаған мамандығы бойынша даму жолына түседі, кем-кетігін түзейді. Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Медиа алаңда өздеріңнің іздеріңді қалдыру үшін еңбек ету қажет» деген Д.Қамзабекұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық унивеситетімен«Egemen Qazaqstan» газеті ертеден әріптестік байланыс орнатқанын айтты.
Соның бір көрінісі есепті еліміздегі ірі медиақұрылым мен ұлттық университет басшылығы арасындағы келісім нәтижесінде болашақ журналистердің теориялық білімін өндірісте, тәжірибе жүзінде ұштастыруға жағдай жасалып отыр.
Еуразия ұлттық университетінде практик мамандарды оқытушылық қызметке шақыру тәжірибесі бұрыннан бар. Білім ордасы мен еңбек ұжымдары, жұмыс беруші мекемелер арасындағы уағдаластық негізінде студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі де жүйелі жолға қойылған. Бұған қоса редакцияда жұмыс процесімен таныса отырып, білікті мамандардың дәрісін тыңдау, тұрақты түрде тәжірибелік сабақтар өткізудің де студенттер үшін пайдасы мол болары анық.
«Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ газет редакциясымен университетте факультет құрылған кезден бастап әріптестік байланыс орнатылғанын айтты. Екіжақты меморандум аясында бірлескен жұмыстар атқарылғанын, сол үрдіс жалғасын табатынын жеткізді.
«Факультетіміздің практикалық сабағын газет редакциясында өтікізуге қолдау көрсеткен «Қазақ газеттері» ЖШС басшылығына алғыс білдіреміз. Студенттеріміз үшін 105 жылдық тарихы бар аға басылымның редакциясында тәжірибеден өтіп, тәлім алуы зор бедел, үлкен мектеп болмақ деп санаймын», деді Қ.Сақ.
«Қазақ гаазеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет кейінгі толқын үшін БАҚ саласында өріс кеңейгенін, жұмыс табу аса қиындық тудырмайтынын, бірақ бәсекеге төтеп беру, заман ағымына ілесу қажеттігін айтты. Әлеуметтік желінің күш алып тұрған шағында дәстүрлі БАҚ-тың да дәрежесі төмендемеуі тиіс екенін, журналистің кәсібилігі ізденіс пен бейтараптық көзқарасынан да айқындалатынын жеткізді
Журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шүрентаев студенттердің аға басылым редакциясында тәжірибеден өтіп, білімін шыңдайтынына сенім білдірді. Жоғары курс студенттері үшін оқу тәжірибесін редакция ұжымында өткізу келешекте жұмысқа орналасуына да зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Редакцияда өтетін «Қазіргі медианың менеджменті және маркетингі» тақырыбындағы алғашқы практикалық сабақты «Egemen Qazaqstan» газетінің Интернет редакция жетекшісі Қуат Әуесбай өткізеді.