Нидерланд Корольдігінің Херенвен қаласында хоккейден 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбіреді.
ІІ дивизионда сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы кезекті ойынында Түркияның қақпасына жауапсыз 6 шайба салып, ірі жеңіске жетті. Жерлестеріміз сапынан ойын бастала сала 1,40 секундта Яковлева алғашқы шайбаны қарсыластар қақпасына тоғытса, араға 17 секунд салып Зубкова (1,57 секунд) есепті еселеп, матч тағдырын шешіп тастады. Ал 13 минут 46 секундта Крухольская есепті 3:0-ге жеткізді. Екінші кезеңде Зубкова, Хохлова және Раковскаяның мергендігімен көзге түсті.
Осы жеңістің арқасында еліміздің хоккейшілері А тобынан плей-оффқа шығу мүмкіндігін нығайта түсті. Айта кетейік, бұған дейін қыздарымыз 1-турда Ұлыбританияға 0:4 есебімен есесі кеткен болатын.
Қазақстанның қыздар командасы алдағы күндері Латвия (18 қаңтар), Қытай (20 қаңтар) және Нидерландқа (21 қаңтар) қарсы мұзайдынға шығады.