Стенд атудан Кувейтте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында трап бағдарламасы бойынша жерлестеріміз топ жарды.
35 елден жиналған 350-ден астам мерген сынға түсіп жатқан сары құрлық сайысында 140 ұпай жинаған Әлішер Айсалбаев/Мария Дмитренко жұбы алдына жан салмады. Екінші орынға 137 ұпаймен Мохаммад Бейранванд/Марзиех Парвареш жайғасса, үздік үштікті Юхао Гуо/Сяоцзин Ван (136 ұпай) түйіндеді.
Айта кетейік, бұрнағы күні Мария Дмитренко трап бағдарламасы бойынша жеке және командалық сайыста қос қола жүлде иеленген болатын.
Стенд атудан Азия чемпионаты 22 қаңтарға дейін созылады. Кувейтте Париж Олимпиадасының 8 лицензиясы сарапқа салынады. Скит жəне трап бағдарламасында елімізден барлығы 18 спортшы өнер көрсетіп жатыр.