Бүгінгідей озық технологияның заманында қай салада да ілкімді жаңалықтар ілгерілеп келеді. Өнерде де шектеу, шекара жоқ. Мәселен, жуырда әлеуметтік желіден аниме (жапон мультипликациясы) стилінде салынған Әлихан Бөкейханды көріп қалдым. Елең етіп, автордың парақшасына кірсем, басқа да тұлғалар мен ақындар образдары жаңа формада бейнеленіпті. Қаралымы да жақсы. Демек Алаш қайраткерлерінің тың сипаттағы бейнелері халықтың көңілінен шыққаны анық.
Жас суретші Аружан Ұнарбекова әлеуметтік желіде аниме стиліндегі ерекше туындыларымен танымал. Әсіресе иллюстратордың ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген стикерлері елдің есінде болар. Иә, бала-қиялдың аспаны шексіз. Аружанның қылқаламға деген қызығушылығын жапон комикстері оятқан. Қазіргі уақыттың, әсіресе шығармашыл жандарға игілігі көп. Ашық алаңда кез келген шебер өз туындысын ұсына алады. Жас таланттың атын шығарып, атағын алыс-жақын шетелге жеткізген де осы әлеуметтік желі екен.
– Бірде TikTok-қа қызықты видео салайын деп, суреттерімнің бірін жарияладым. Аудитория ұнатты. Артынан тағы бір видео шығардым, ол да көптің көңілінен шықты. Тапсырыстар түсіп, табыс таба бастадым. Бірде Мемлекет басшысының суретін салдым. Халық жақсы қабылдады, 2 миллионға жуық қаралым жинады. Таңғалып, баға бергендер де көп болды», – дейді Аружан бір сұхбатында.
Жас суретшінің ерекшелігі – тарихи тұлғалардың образы заманауи стильде салынған. Қоғамға да жаттанды бейнелер әсер ете қоймайтыны шын. Сондықтан Аружан Қасым-Жомарт Тоқаевты Мемлекет басшысы ретінде емес, қарапайым адам ретінде, жастардың талғамына сай ұсынады.
Президенттің суретімен стикерлер жасап шығару идеясы да халыққа ерекше ұнады. Стикердегі Мемлекет басшысының цитаталарын Аружан интернеттен өзі іздеп тауып, таңдап пайдаланған. Дайын жұмысты халыққа көрсетуге Президенттің телерадиокешені көмектескен.
Кейінгі уақытта Алаш қайраткерлерінің заманауи бейнесі әлеуметтік желілерде жиі таралып жүр. Тау-тұлғалар образы Аружанның шығармашылығында да ерекше мәнге ие. Суретші Абылай ханның, Әлихан Бөкейханның, Ілияс Жансүгіровтің, Дінмұхамед Қонаевтың образдарын аниме стилінде салды.
«Мақсатым – батырларымызды елдің есіне салу еді. Жас буын оларды ұмытпаса екен деймін. Барлық үйдің қабырғасында Әлихан Бөкейхан бейнеленсе ғой деген ой болды. Тарихи тұлғалардың образын қатты өзгерткен жоқпын. Жұмысым ұнады, қызығушылық танытқандар болды», дейді суретші.
Айта кетейік, Аружан Ұнарбекова «Тасқын» анимациялық студиясында еңбек етті. Жас дарын күйші Құрманғазы туралы мультфильмді жасауға атсалысқан. Кейіпкерлердің суретін салып, кәсіби суретшілерден сабақ алып, тәжірибе жинаған. Оның пікірінше, елімізде қазақ анимациясы қарқынды дамып келеді.
Сурет өнерінде түрлі эксперименттерге барып, өз стилін қалыптастырған жас таланттың туындылары елімізде ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие. Бала кезінен үйір болған сүйікті ісінен бүгінде табыс та тауып жүр. Әсіресе АҚШ-тан тапсырыс берушілер көп екен. Араб жазушысы Аружанға кітабына комикс салуды ұсынған. Шығармашылықта өз жолын тапқан жас суретшінің қылқаламы ұлттық бояудан арылмақ емес. Алдағы уақытта да қазақтың діңгегіне айналған зиялыларды заманауи сипатта бейнелеуді жоспарлап отыр. Автордың шеберлігі уақытпен бірге шыңдала түсіп, өнердегі тақырыбы да, тынысы да кеңейетіні сөзсіз.