• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Қаңтар, 2024

Аштық ақиқаты

253 рет
көрсетілді

Назарбаев университетінде неміс тарихшысы Роберт Киндлердің «Сталиндік көшпенділер» атты кітабы таныстырылды. Мазмұнды іс-шараға алыстан ат терлетіп автордың өзі келіп, қатысты. Бұл ғылыми монографияда өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ даласында болған аштықтың себеп-салдары нақты тарихи деректерге сүйеніп жазылған.

Автор бұл кітапты жазу барысында Еуропа, Ресей және Қазақстандағы архив пен осы тақырыптағы ғылыми еңбектер мен әдеби-көркем шығармаларды назардан тыс қалдырмаған. Ғалым тари­хи құжаттар арқылы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап, 1950 жылға дейінгі халқымыздың тауқыметті тағдырының кең панорамасын жасаған.

Жиынды Назарбаев университетінің оқытушысы, тарихшы Михаил Акулов жүргізді. Ол өз сөзінде аталған кітаптың құндылығы мен мазмұнына тоқталып, жазылу ерекшелігін атап өтті. Автордың өмір жолынан қысқаша мәлімет берді.

Бұл тақырып Берлин еркін уни­вер­ситеті Шығыс Еуропа институтының Шығыс және Орталық-Шығыс Еуропа тари­хының профессоры Роберт Кинд­лерге бұрыннан таныс. Ол 2006 жылы патшалық Ресейдің соңғы кезеңі мен Кеңес одағының алғашқы кезеңіндегі Қазақстандағы отырықшыландыру сая­саты туралы жобамен жұмыс істеген. Сол кезде отызыншы жылдары елімізде болған аштыққа баса назар аударып, кейін осы тақырыпта диссертация қор­ғап, «Сталиндік көшпенділер» атты кітап жазды. Бұл жинақ алды­мен ағыл­шын тілінде, одан соң орыс тілін­де ба­сылған. Ал қазақ тіліне аударуға «Фо­лиант» баспасы ұсыныс жасаған.

«Шынымды айтсам, қазақстандық баспадан осындай ұсыныс түскенде таң­ғалдым. Бір жағынан, қуандым. Алай­да кітаптың қазақша нұсқасын оқи алма­ғаныммен, оны оқыған азаматтар өте сапалы аударылғанын айтты. Сол үшін аталған баспаға, аудармашыға шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл еңбекті жазу барысында көп архив деректе­ріне үңілдім. Осы тақырыпта жазылған әдеби көркем шығармаларды қарадым. Қазақстандағы аштық оқиғасы­ның себеп-салдарын барынша зерттеуге күш салдым. Қаншама адам осы зұлмат­тың кесірінен құрбан болды. Меніңше, бұл ашаршылық қазақ халқына қасақана ­жасалды дей алмаймын. Бұған сол ке­зең­дегі Кеңес одағы жүргізген халық­ты оты­­рықшыландыру, ұжымдастыру секіл­ді науқандар басты себеп болды. Сон­дықтан бұл оқиғаға геноцид деп баға беру қиын. Егер басқа зерттеушілер оны геноцид деп қарастырса келісем. Талай жанды жалмаған зұлмат қазақтардың демографиялық дамуын шегерді. Халық саны кеміді. Шын мәнінде, осы оқиғаның қылмыскері кім? Біреулер Сталинді, енді біреулер сол жылдары Қазақстанды басқарған Голощекинді жазғырады. Жер­гілікті функционерлердің де кінәсі болды деп айтады», деді неміс ғалымы.

Ғылыми монография қазақшаға өте жатық аударылған. Жазушы, аудармашы Өтен Ахмет автордың еңбегіне жоғары баға беріп, отызыншы жылдардағы зоба­лаң туралы айтты.

«Қазақстандағы секілді алапат аштық басқа жерде болған жоқ деп ойлай­мын. Бірақ соның бағасы толық берілген жоқ. Өйткені халқымызды қынадай қыр­ған зұлмат толық зерттелмеді. Ро­берт Киндлердің осы оқиғаға қа­тыс­­ты кітабын аудару барысында көп­­теген жайтқа көз жеткіздім. Ав­тор­­дың әрбір сөзі, сөйлемі тарихи фак­­тілермен нақтыланған. Фактінің қай­­дан алынғаны анық көрсетілген. Бұ­дан зерт­теушінің еңбекқорлығы мен өз ісіне жауапкершілікпен қарай­­ты­­нын аңғарасыз. Мен шетелге көп шық­па­сам да, өз елімді түгел аралағанмын. Осы жинақта көрсетілген елді мекендер, ауылдар, қалалар, кенттер – көзіммен көрген жерлерім. Бәрі көңілімде сайрап тұр. Жас күнімізде бұл тақырып біз үшін жабық болды. Бірақ әке-шеше­міздің, ауылдағы үлкендердің бір-бірімен сыбырлап айтқан әңгімелерінен аштықтың халқымызға қандай зардап әкелгенін, бір отбасы ғана емес, тұтас ауылдар мен рулардың жойылып кеткенін естідім», деді жазушы.

Өтен ағамыз осы аштық зұл­маты туралы одан әрі сөзін жалғай келіп, оны айтқанда көкейде үнемі бір сұрақ тұратынын баяндады.

« Ол қандай сұрақ? Бұл геноцид пе? Кітап авторы өз ұстанымын айтып, геноцид емес деді. Біздің кейбір тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз геноцид деп есептейді. Енді қараңыз: Көшпелілер өмірі – басқа өркениет еді. Оның барлық саласы қамтылған, реттелген болатын. Билік басына большевиктер келгеннен кейін сол өркениеттің беломыртқасын үзді. Тас-талқанын шығарды. Бұрын қазақ даласында аштық болмаған. Жұт деген ғана болған. Бірақ онда адам емес, мал қырылған. Бір жағынан, бізде әлі күнге дейін осы жантүршігерлік оқиғаға қойылған дұрыс ескерткіш жоқ. Содан кейін Екінші дүниежүзілік соғыста оралмаған жауынгерлерге арнап, әр аймақ шығарған мемориалдық кітаптар бар. Ал аштан қырылған қазақ­тардан тізімі жинастырылған жинақ бар ма? Біз неге соны жасамаймыз. Қысқасы, бұл кітапты оқу керек», деді қаламгер.

Сондай-ақ басқосуда журналист Әлия Әшім аштық туралы жаңа көз­қараста деректі фильм түсіруді көздеп отырғанын айта келіп: « Біз оны зарлы, қайғылы сипатында емес, осындай апаттан аман қалып, ерік-жігер танытқан халқымыздың биік рухы идея­сында түсіргіміз келеді», деді ол.

Іс-шара соңында университет жас­­тары неміс тарихшысына аштық та­қырыбына қатысты өздерін мазала­ған сұрақтарын қойып, емін-еркін сұхбат­тасты.