• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 19 Қаңтар, 2024

Құралай Ешмұратова: Қуыршақ бала қиялын асқақтатады

219 рет
көрсетілді

Қазақтың кәсіби қуыршақ театры десе, ойға бірден Құралай Ешмұратованың есімі оралады. Себебі еліміздегі қуыршақ театрының ең алғашқы кәсіби режиссері болған талантты жанды бүгінде театр әлемі «Қуыршақ театрының анасы» деп таниды. Ол шынымен солай. Өнегелі өмірінің аттай алпыс жылын осы салаға арнаған сахна саңлағы қуыршақтарды сөйлетіп қана қойған жоқ, Астана қаласының төріндегі кішкентай көрермендерге арналған театрдың іргесін қалап, келешегіміз үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Балаларға қызмет ете жүріп жанының да бала қалпын сақтай алған мұраты асыл аяулы жанмен өмір һәм өнер туралы өнегелі әңгіме өрбіттік.

Кіндігімді Сәбира Майқанова кесті

 

– Құралай Халекетқызы, әңгімеміздің әлқиссасын жарық дүние есігін ашқан жарқын сәтіңізден бастайықшы. Білуі­мізше, театрда, спектакль үстін­де өмірге келген екенсіз. Ал кін­дігіңізді сахна саңлағы Сәбира Майқанова кесіпті деседі...

– Ол рас. Өзің білетіндей, мен Семей өңірінде туып-өстім ғой. Әкем де, анам да – өнер адамы. Әкем өмір бойы сол Семей театрының актері болып қызмет еткен. Үш соғысқа қатысыпты. Алланың пешенесіне жазған жа­рығы, дәм-тұзы таусылмаса керек, қанды майдан ортасынан аман келіп, театрдағы жұмысын жалғастырыпты. Сол кезде мен өмірге келіппін.  Анам да өнерден алыс емес, биші де, әртіс те болған адам. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтіп кетті. Ананың сүті, әкенің құты арқылы бойына өнер дарыпты дейтіннің біреуі мен болсам керек, тіпті өмірге келетін орын ретінде де перзентхананы емес, театрды таңдаған екенмін. Ол кезде театрлар айлап гастрольдік сапарларға шығып, елдің түкпір-түкпірін, ауылды жерлердің барлығын аралайтын еді ғой. 1945 жылдың жазында Сәбира Майқанова, Шахан Мусин бастаған әкемтеатрдың белді актерлері Семейге гастрольдік сапармен келіп, қойылым қояды. Анамның ол кезде айы-күні жетіп отырса керек. Бірақ «Алматыдан театр келіпті» дегенді естігенде қайтіп үйде тыныш отырсын, спектакль тамашалауға театрға келеді. Қызық болғанда қойылым үстінде толғағы қысып, анамды жабылып жүріп сахнаның арт­қы жағына әкеледі. Сөйтіп, шілің­гір шілденің 4-і күні спектакль үстінде театрдың грим бөлме­сін­де іңгәлап мен өмірге келіппін. Кіндігімді қазақ сахнасының анасы атанған алып актриса, аңыз тұлға Сәбира Майқанова кес­кен екен сонда. Кейін ес біле келе анамнан: «Сонда мені қа­лай босандыңыз? Айқайлап қо­йы­лым көруге келген көрерменге кедергі келтірген жоқсыз ба?» деп сұрасам: «О не дегенің, қы­зым? Айқай түгілі қатты дема­лудың өзіне қорықтым» деп жауап берді. Көрдіңіз бе, не деген жанкештілік?! Мен сонда анам­ның, жалпы сол кездің адам­дарының өнерге деген шексіз махаб­батына, көрерменіне деген риясыз құрметіне әлі күнге дейін таңғаламын. Жанымен сүйген кәсібін жанынан артық қойған нағыз өнер адамдары ғой ол кісілер. Сол кезде қан­дай спектакль жүріп жатқанын әкем­нен сұрамаппын. Соған әлі өкінемін. Бірақ қойылымдағы кейіпкерлердің бірінің есімі Құралай болса керек. Соның құр­метіне Құралай атандым деп ойлаймын.

 – Театрда туып, театрда өскен кішкентай Құралайдың өнерден өзге ойының болмауы да заңды шығар...

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаса керек. Менің де ес білгелі танығаным, көргенім театр болған соң, өнерде өзгеге көңіл қойма­дым. Жалғыз-ақ арманым болды, ол – актриса болу. Сол арман­ның жетегінде Семейден Алматы­ға келіп, Құрманғазы атын­да­ғы консерваторияның театр бөліміне, профессор, КСРО халық әртісі А. Тоқпановтың шеберханасына оқуға түсіп, оны 1967 жылы бітіріп шықтым. Ол кез­де тұрмысқа шығып та үлгерген едім. Тұңғышым Тоғжанға жүкті болдым. Дипломымды алып балалар мен жасөспірімдер театры­на келіп едім, жүктілігіме байла­нысты мені жұмысқа қа­был­да­мады. Содан амалсыз қуыршақ театрына табан тіредім. Бағыма орай бұл жақта қазақтілді бөлім ашылып, соған маман тапшы екен, мені құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Міне, осы сәттен бастап менің өмірім де, өмірлік мұратым да түбегейлі өзгерді. Төрт жылдай қызмет еткен соң ұжым біліктілігімді арттырып, тәжірибе жинап қайту үшін Мәскеуге оқуға жіберді. Таңдау жасау қиын болса да, білімнен бас тартпадым. Есесіне Мәскеу қаласында қуыршақ өнерінің білгірі, КСРО халық әртісі, Ресейдегі қуыршақ өнерінің негізін қалаған маман, білікті педагог  Сергей Владимирович Образцовтың шеберханасында тәрбиеленіп, мол тәжірибе жинадым. Ол кісіден өте көп білім алдым, қуыршақтың қызығы мен қыр-сырына қанықтым. Сергей Владимирович ақсүйек болмысты адам, білікті педагог, нағыз өз ісінің маманы болатын. Менің қуыршаққа деген мәңгілік махаббатымның оянуына ықпал етіп, себепкер болған бірден-бір адам сол кісі. Жалпы, менің ұстаздан жолым болған десем, мақтанғандығым емес. Асқар Тоқпановтай тау тұлғаның дәрістерінен түйген даналық Образцовтың шеберханасында шыңдалды. Қос ұстазымнан алған білімді әлі күнге дейін азық етіп келемін. 

– Сөзіңіздің арасында «Мәскеу маған таңдау жасатты» деп қалдыңыз... Ол қандай тәуекел еді?

– Әртіс болу қандай үлкен жауапкершілік болса, әйел адам үшін оның салмағы бірнеше есе ауыр. Әсіресе отбасылы болсаң, көп нәрсені құрбан етуге тура келеді. «Мыңды бірге сатам ба, әлде мыңды бірдің жолында құрбан етем бе?» деген сан ой мен міндет шарпысқан тығырықтан шығудың түбі бәрібір тәуекел болары анық. Менің де алдымда сондай үлкен таңдау тұрды.  Студент кезімде тұрмыс құрдым. Ол кезде екі қызым өмірге келген болатын. Амал жоқ, бала-шағамды, жолдасымды тастап, алыс сапарға аттандым. Себебі арманымнан бас тарта алмадым. Оқуға деген құштарлық, мамандыққа деген махаббат түбі маған бәрібір тыным тапқызбасын білдім өйткені. Алайда отбасы, жақындарымнан айлап алыста болу оңай болмады. Әсіресе ер адам үшін бұл үлкен сынақ екен. Жолдасым да өнер адамы болатын. Арадағы ұзақ жол мен қашықтыққа төтеп бере алмады. Осылайша, жол ортасында өз жөнімізді табуға тура келді.

 

Баланы алдай алмайсың...

 

– Алпыс жыл бойы жансыз қуыршақтарға жан бітіріп, сан түрлі бейнеде сөйлеткен қай­рат­кер Құралайды қуыршаққа ең ал­ғаш ғашық еткен қандай күш?

– Біздің кезімізде қуыршақ көп болған жоқ қой. Бар болған күннің өзінде оны сатып алып беретін ақша қайдан болсын? Әртіс адамдар онша бай емес дегендей. Бірақ есесіне, біздің үйде күнде кешкісін маңайына үйдегі бар баланы жинап алып, ертегі оқып беретін әжеміз болды. Сол кісі бізді қиялдауға, ертегіге сенуге үйретті. Әжемнің тағы бір керемет қасиеті – бізге арнап шүберектен басын буып, қолын тігіп, көзін көмірмен бояп қуыршақ жасап беретін. Сол қуыршақтан қызық, сол қуыршақтан ыстық ойыншықты  өмірімде көрмеппін. Менің қуыршаққа деген махаббатымның бастауында бәлкім осындай бір жып-жылы естеліктер жатқан шығар деп ойлаймын.

– Театр өнерінің ішінде қуыршақ өнері ең қиыны саналады. Себебі сеніміне селкеу түсіргенді бала танымы кешірмейді. Мұндай олқылықтар жіберілмеуі үшін жас мамандарды қалай тәрбиелеу керек?

– Иә, шынымен де қуыршақ өнері – өте қиын, күрделі өнер. Бұл – бір. Екіншіден қуыршақты сезіне білу керек. Саусақ пен жүрек бірге соқпаса, қуыршақтың пластикасы мен актердің ішкі пластикасы бірге жүрмесе, онда шынайы бейне де тумайды. Ал қуыршақты олай сезініп ойнату әр адамның қолынан келмейді. Қуыршақ театрының әртісінде Алладан берілген айрықша бір дарын болады. Сол қасиет дарыған актердің көрермен үшін теңдесі жоқ. Баланың сенімі туралы өте дұрыс айттыңыз. Оларды алдау өте қиын. Сондықтан да қолымыздағы қуыршаққа бар сенім мен сезімімізді саламыз. Себебі қуыршақ сахнаға шығып жай ғана жүріп, жай ғана қимылдай салмайды. Оның әрбір әрекетінде өмір бар. Ал оны шынайы жеткізіп, көрерменін сендіре білу нағыз әртістің ғана қолынан келеді. Ең бастысы, қуыршаққа ойнатып жүрген актердің өзі сенуі керек. Сонда оған бала да риясыз иланатын болады. Қуыршақтың құдіреті сонда.

 

Қуыршақ театрында ғимарат жоқ

 

– Ал бүгінгі қуыршақ театр­лары­ның қандай проблемасы бар?

Айта берсе, қуыршақ театрында мәселе көп қой. Соның ең әуелгісі – қуыршақтың өзі. Қазіргі таңда елімізде қуыршақ жасайтын мамандар өте тапшы, тіпті жоқ десе де болады. Бұған дейін болған мамандардың көбі өмір­ден өтіп кетті. Көзі тірілерінің өзі біраз жасқа келіп қалды. Ал жас мамандар, өкінішке қарай, біздегі жоғары оқу орындарында даярланбайды. Себебі оларды оқытатын ұстаз жоқ.  Сондықтан да амал жоқ, қуыршақтарды шетелден тапсырыс беріп алдыруға мәжбүрміз. Оның машақаты шашетектен екенін өзіңіз де топшылап отырған боларсыз. Жалпы, бізде қуыршақ театр­ларына деген көзқарас дұрыс емес қой. Балалардың театры деп биліктегілер менсінбей қа­райды. Ал оның болашақ­тың іргетасы екендігін ешкім сезін­гісі, ұғынғысы келмейді. Қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтты дейсің бе? Осы жағынан келгенде қуыршақ театрларының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Жалақы мәселесі мен әртістер­дің тұрғын үй жағдайынан  бас­тап, қарапайым ғана театр ғимаратына дейін қамқорлыққа зәру. Басқаны айтпағанда, бас қаламыз – Астананың төрінде тұрған қуыршақ театрының ғимаратының жағдайы жыларман күйде. Арнайы театр болып салынбағаннан кейін күн сайын түрлі қайшылықтармен бетпе-бет келіп жатамыз. Әу баста тұрғын үй кешені ретінде бой түзеген ғимараттың бірінші қабатын жайлаған біз үшін жоғары қабатта тұратын тұрғындардың қас-қабағына қарап, жалтақтап жүріп өнер тудыру өте қиын. Спектакль басталған сәтте электр кернеуінің шектен тыс көбеюінен жоғарғы қабаттағы пәтерлердің жарығы өшіп қалады. Ал кешкі сағат тоғыздан кейін қатты музыка қойып дайындық жасау тіпті мүмкін емес. Тұрғындар­дың жағдайына қарай жалтақ­тап жүргеннен кейін, сапалы өнер тудыру мәселесін қозғау­дың өзі қисынсыз сияқты.  Сонда да әупірімдеп жүріп кішкен­тай көрермендеріміздің рухани сұранысына жауап беруге барынша тырысып жүрміз. Мұ­ның барлығы қуыршақ театрына деген көзқарастың дұрыс еместігінен. Алысқа бармай-ақ, көршілес елдердің қуыршақ ­театрларына кірсеңіз, көңіліңіз көтеріліп, шабыттанып шыға­сыз. Осындай көңіл күй кішкен­тай көрермендерімізден бұрын, әсіресе әртістерімізге де аса қажет екені анық. Салтанатымен талайды тамсандырған астанамыздың төрінен балдырғандарымызға арналған еңселі қуыршақ театры бой көтерсе, бас қаламыздың сәніне қалай жарасар еді?!.

– Қазіргі ақпараттық техно­ло­гияның қарыштап тұрған за­манында баланы қуыр­шақ ­театрымен таңғалдыру мүм­кін бе? Қуыршақ театрына бал­­дыр­ғандардың келу белсенділігі қалай?

– Қуыршақ деген сиқырлы әлем ғой. Қанша жерден ақпараттық технология қарыштап дамып, заман жаһанданғанымен бала таным бәрібір қуыршақпен ойнап, сырласуын тоқтатпайды. Сол сияқты қуыршақ театрынан да бала техника қозғай алмайтын, тек сезім ғана селт еткізіп, қиял ғана қиянға самғататын шынайы эмоцияларға жолығады. Әйтсе де бір байқағаным, қазір заман солай ма екен, ата-аналардың баласын театрға әкелуге уақыттары бола бермейді. Күні бойы жұмыста, кешке тұрмыстың машақатымен әуре. Сол қарбалас баланың рухани сұраныстарына әлбетте салқынын тигізбей қоймасы анық. Баланы болашағымыз деп қарасақ, оның бүгінгі сәби сұраныстарымен де жүйелі жұмыс істеп, сезімдерін барынша байытуға, өмір туралы түсінігін кеңейтуге күш салу керек. Егер балаңыз үш жасында біреуге жаны ашып, мейірімнің не екенін сезінбесе, онда оның ертеңінен де ізгілікті іс күтпей-ақ қойыңыз. Себебі бала көргенін, көріп түйсінгенін бойына сіңіреді. Ал ол сезім ізгілік пен мейірімнен, қамқорлықтан құралса, демек болашағымыз да баянды деген сөз. Сондай эмоцияның барлығын бала қуыршақ театры арқылы танып, талғайды. Таным көкжиегін кеңейтеді. Көп ата-ана, әсіресе қазақ ата-аналар осы жағына салғырт қарайды. Жай ғана салыстырып қарайтын болсақ, орыстілді аудитория 100 орындық залды лық толтырса, қазақша қойылымда жарты зал толса, соған қуанамыз. Бұл нені білдіреді? Ата-аналардың әлі де театрдың құндылығын толық­тай танымай келе жатқанды­ғын аңғартады. Бүгінгі қуыр­шақ театры­на баратын бала – ер­тең­гі драма мен опера және балет театрларының көрермені, демек зайырлы мемлекеттің зиялы қа­уымын құрайтынын естен шы­ғар­мауымыз керек. Себебі бала – біздің болашағымыз. Ал бо­ла­шағымызға немқұрайлы қарау – ұлт алдындағы үлкен қылмыс.

 

Драматургтер театрға келмейді

 

– Театрдың тірегі – драматургия десек, қуыршақ театры­на арнап пьеса жазатын автор­лар бар ма?  Жалпы, бала та­қы­рыбына бойлап жүрген дра­ма­тургтердің ізденісі көңі­ліңізден шыға ма?

– Бала тақырыбы – мөлдір әлем. Оларды таңғалдыру қандай оңай болса, иландыру сондай қиын. Сондықтан баламен байланысты дүниенің барлығы шынайы болғаны жақсы. Ал сәби психологиясынан, қуыршақ табиғатынан хабары жоқ автор әлбетте бала мен қуыршақ арасында алтын көпір бола алмасы анық. Білесіз бе, мені таңғалдыратыны – Астанада қуыршақ театры ашылған 2007 жылдан бері қойылымдарымызға бірде-бір қазақтың ақын немесе жазушысы келгенін көрмеппін. Келсе тек «Мына бір пьесам бар еді, қоюға бола ма?» деп келуі мүмкін, бірақ кейін ол пьесаның жағдайы қалай екенін біліп әрі қарай құнттап жатқаны да некен-саяқ. Біздің жастау кезімізде жағдай мүлдем басқа болатын. Ақын-жазушылар, тіпті композиторларға дейін қуыршақ театрынан шықпайтын. Сәкен Жүнісов, Оразбек Бодықов, Оспанхан Әубәкіров, Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев сынды ағаларымызды қуыршақ театрынан жиі көретінбіз. Жай ғана келіп қоймай, балаларға арнап пьеса жазып, қойылымдары­мыз­ға лайықтап музыка да шыға­ра­тын. Соның бірі – Оспанхан Әубәкіровтің «Алдар көсе» қойы­лымы. Спектакльдің композиторы Нұрғиса Тілендиев аға­мыз болды.  Әлі есімде «Алдар көсе» қойылатын күні қос автордың қасына режиссер Абдолла Қар­сақбаев ағамыз қосылып, зал­дың соңғы қатарында отырып қойылым тамашалайтын. Бала­мен бала болып, солармен бір­ге қосыла ішек-сілесі қатқанша күліп отырған ағаларымыз­дың аяулы бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Баланың ортасында жүріп жазған шығарманың бәрібір бәсі бөлек болады. Ал біз­дегі үлкен проблема – драматург­тер театрға жоламайды, алыс­тан отырып жаза салғысы келеді. Соның салдарынан қуыршақ пен көрермен арасында байланыс орната алмайды. Кезінде бас қаламыздың төрінде Қуыршақ театрын ашатын болып, жаңа театрдың шымылдығын ерекше бір ұлттық қойылыммен түргіміз келді. Сенесіз бе, соған лайықты пьеса таба алмай, «Қыз Жібек» жырының балаларға арналған сахналық нұсқасын өзім жазып шығуға тура келді. Мұны талантым тасығаннан жазды дейсіз бе? Қуыршақ табиғатын түсініп, бала тілімен әсерлі сөйлете алатын автор таба алмаған соң, амалсыз осындай қадамға бардық. Себебі қуыршақтың табиғаты басқа. Ол көпсөзділікті көтермейді, плас­тика мен мимикаға басымдық берілсе ажары ашылып, құлпыра түседі. Осы сынды бұл саланың өзінің талаптары бар. Мәселен, бірнеше жыл бұрын жазушы, драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шы­ғар­масын қуыршақ театрында қойдық. Авторды премьераға ша­қыруын шақырсақ та, ол кісі қа­лай қабылдар екен деп қатты уайымдадық. «Осындай қасіретті та­қырыпты қуыршаққа ойнатып, мазақ еткендерің бе?» деп рен­жісе қайтеміз деп қобалжыға­ным­ды да жасырмаймын. Қойылым соңына қарай авторға қарасам, Роза ханым көзінің жасын сүртіп отыр екен. Қуанып кеттім, тіпті көзімнен жас та шығып кетті. Спектакльден кейін: «Мына спектакль талай жерде қойылып жүр ғой. Киносы да шықты. Адам жылата алмаған жанымды мына кішкентай ақ қуыршақ жылатты-ау...» деді. Бұдан артық қандай баға керек? Міне –  қуыршақтың құдіреті!

– Осыдан 17 жыл бұрын елорда төрінде шымылдығы түрілген мемлекеттік қуыршақ театрының негізін қалауға атса­лыстыңыз. Аяғын апыл-тапыл басқан жас театрды бағ­бандай баптап, анасындай аяла­дыңыз десек те болады. Театр­дың бүгінгі жай-күйі қалай? Қандай жаңалықтары бар?

– Иә, бұл театр шынымен менің төл балам секілді. Өмірге келгенінен бері өзім баптап келе жатырмын ғой. Мен үшін бүгінде одан асқан ыстық мекен жоқ. Репертуарынан бастап, театр­дың жағдайы, әртістерімнің жай-күйі, бәрі-бәрі алаңдатады. Өйт­ке­ні балаға қызмет етіп жатқаннан кейін қойылымдарымыз­дың барлығы сәби санасына сәуле шашуға, мейірім мен махаб­бат­қа тәрбиелеуге бағытталса дей­міз. Солардың жанын ізгілендір­гім келеді. Қуыршақ театры­ның бүгінгі көрермені – еліміз­дің ертеңі екендігін қазірден бас­тап ескеріп, сол мақсат жолында тер төгуіміз керек. Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналардың көпшілігі баламның қарнын тойғызып, киімін бүтіндесем, ағылшын тілін оқытып, қалауын алып берсем болды, тәрбие мәселесі сонымен тәмам деп ойлайтын болуы керек. Ал баланың жан әлемінің жеті­луі, оларды рухани кемелденді­ру­ге көп мән беріле бермейді. Ал өмірінде қуыршақ театрына бір келіп қойылым көріп, қиял­дап көрмеген, кейіпкерлердің көңіл күйіне алаңдап, түрлі се­зім­дер­ді бастан кешіп көрмеген бала­ның ертең ерен істердің басында жүретіндігіне сенім аз. Өйт­кені баланың материалдық сұранысымен қатар рухани қа­жеттіліктеріне де мән беру аса ма­ңызды әрі жауапты дүниелер­дің бірі. Сондықтан да мен әр қа­зақ баласының кемелдік биігі­н­е же­туін қалаймын. Қуыршақ бала қиялын асқақтатады. Осы­ны ұмыт­пасақ екен. Міне, театры­мыз­дың ашылғанына биыл 17 жыл болады екен, осы уақыт ара­лы­ғында мақсатымыздан бір сәт те ауытқыған емеспіз. Тек енді алдағы уақытта қуыршақ театры­на арналған ғимарат мәселесі оң шешімін тапса, бұған дейін техникалық жағдай жар бермей келе жатқан көптеген ой-мақсат, армандарымызды жүзеге асы­рамыз ғой деп сенемін. Шүкір, жыл сайын әртістеріміздің қа­та­ры жас актерлермен толығып, бір қауым елге айналып келе­міз. Әр төрт жыл сайын Қазақ ұлттық өнер университетінде менің шеберханамнан тәрбиеленіп шы­ғып жатқан әртістер қатары­мыз­ға қосылып, еліміздегі қуыршақ өнерін өркендетуге ат­салысып жүр. Жыл сайын өте­тін халықаралық «Құралай» фес­тивалі де қуыршақ өнері­нің тек ел аумағымен шектелмей, алыс-жақын шетел өнерімен біте қайнасуға мол мүмкіндік сый­лауда. Алла ғұмыр берсе алда­ғы уақытта да көрермендерімізді жақсы, тағылымы мол қойы­лым­дарымызбен қуанта береміз ғой деп ойлаймын.        

–  Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»