Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнир басталды.
Жарыстың алғашқы күнінде төрт боксшымыз шаршы алаңға шығып, оның үшеуі келесі айналымға өтті. Атап айтар болсақ, 60 килодағы Бейбарыс Жексен моңғолиялық қарсыласын, 63,5 килодағы Ертуған Зейнуллинов пен 71 килодағы Сабыржан Аққалықов Мажарстан боксшыларынан басым түсті.
Өкінішке қарай, 75 килодағы Диас Молжігітов қарсыласына жол берді. Аталған халықаралық турнирге негізінен жас былғары қолғап шеберлері аттанған болатын. Олардың қатарында Асхат Жүсіпов (48 кг), Даниял Сәбит (51 кг), Кенже Мұратұлы (54 кг), Самат Жетібаев (54 кг), Асылжан Серікбай (57 кг), Жексен Бейбарыс (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Рахат Сейітжан (67 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Темірлан Мұқатаев (86 кг), Данияр Рахымбердиев (92 кг) пен Дамир Тойбай (92 кг-ден жоғары) бар.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы боксшыларымыз аталған турнирден 9 медаль олжалап қайтты: 6 алтын, 3 қола. Осылайша, жалпы есепте ел құрамасы бірінші орынды жеңіп алған болатын.