Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының екінші күні артта қалды. Қазақстан қоржынында әзірге екі медаль бар.
Олимпиаданың алғашқы күні шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных чемпион атанып, тұңғыш алтынды жеңіп алды. Ал келесі күні шорт-тректен 1000 метр қашықтықта сынға түскен спортшыларымыз арасынан Полина Омельчук мәре сызығын үшінші болып кесіп өтіп, Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Ол 1000 метр қашықты 1:41,600 уақыт көрсеткішімен бағындырды. Аталған сында бірінші және екінші орындарды қытайлық спортшылар Цзинцзы Ли мен Цзиньчжу Ян жеңіп алды.
Осы жеңістерден кейін Қазақстан 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 6-орында келеді. Бүгінгі күнге дейін Канвон олимпиадасының медалін 18 мемлекеттің ұлттық құрамалары алып үлгерген. Медальдар кестесінде Франция көш бастап тұр. Франция – 4 алтын, 2 күміс, 1 қола, Италия – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола, Қытай – 3 алтын, 3 күміс, Германия – 2 алтын, 2 күміс, 1 қола, Словения – 2 алтын.