АҚШ-тың Юта штатында (Солт-Лейк-Сити) конькимен жүгіруден өтіп жатқан төрт құрлық чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, командалық спринтте еліміздің ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды.
Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин, Никита Важенин мен Артур Галиев (резервте) квартеті чемпион атанған Канада құрамасынан 3,17 секунд қалып, екінші орынға табан тіреді. Ал үздік үштікті Оңтүстік Корея конькишілері түйіндеді.
Айта кетейік, биыл аталған додаға сегіз мемлекеттен келген 80-ге жуық спортшы сынға түсіп жатыр. Бүгін шешуші жарыс күні ерлер мен әйелдер арасында із кесу, жекелей сындағы 100 метр мен масс-старт жарысы өтеді.
Жалпы, төрт құрлық чемпионаты деген Еуропадан басқа құрлықтағы мемлекеттің спортшылары сынға түсетін жыл сайынғы дода.