• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Қаңтар, 2024

Табақсай тарландары

178 рет
көрсетілді

2009 жылы Астанаға баскетболдан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов келді. 1972 жылы КСРО құрамасы сапында Мюнхен олимпиадасының жеңімпазы болған Әлжан ағамыз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Мен Ташкентке жақын Табақсай ауылында дүниеге келдім. Әкеме жазда үй салуға көмектесетінмін. Бесінші сыныптан бастап мақта теруге баратынмын», дегені әлі есімізде.

Әлжан аға туып-өскен өңірден шық­қан спортшылар әлемдік аренаны бағындырып, Табақсайдың даң­қын дүркірете түсті. Боксшы Бақыт Сәрсекбаев Бейжің олимпиадасының чем­пионы атанды. Сәкен Бибосынов Токио олимпиадасының қола медалін жеңіп алды. Әбиба Әбужақынова дзюдодан әлем біріншілігінің жүлдегері болды. Сондықтан ба Табақсай десе, ә дегеннен спорт саласындағы талантты қандастарымыз ойға оралады. Мегаполистің іргесіндегі алақандай ауыл­дан Олимпиада, әлем, Азия чемпиондары шықты. Жақында Ташкентке барған сапарымызда талай спортшының томағасын сыпырған Табақсайға барудың сәті түскен еді.

Негізі, Ташкентке бокстан ел чемпионатын тамашалауға барған едік. 13 салмақ дәрежесінде сынға түскен бокс­шылар арасында бес қазақ өрені тұғырға көтерілді. 63,5 килода Руслан Абдуллаев чемпион атанса, 92 килода өнер көр­сеткен Мадияр Саидрахимов күміс ме­дальға ие болды. Ал 71 килода әлем чем­пионы Асадхужа Муйдинхужаевпен қаймықпай жұдырықтасқан Аман Қонысбек, Абдуқайым Машарипов (48 кг) пен Саят Ілиясов (60 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.

Чемпионат аяқталған күннің ерте­ңінде бокстан әлем чемпионы Руслан Абдуллаевтың туған жері Қыбырай ауда­нына қарасты Қыпшақ ауылын бетке алдық. Алдымен Руслан 6-сыныпқа дейін білім алған №13 мектепке соқтық. Бізді күтіп алған мектеп директоры Әлібек Әлімбаевтың айтуынша, ауылда шамамен үш мыңнан астам адам тұрады.

– 320 оқушы екі ауысымда білім алады. Руслан біздің мектепте 6-сыныпқа дейін оқыды. Кейін Шыршықтағы спорт интернатына түсіп, сонда тәмамдады. Өзбекстан чемпионатында 48 кило салмақта 3-орын алған Абдуқайым Машарипов та біздің оқу­шымыз. Бұлардан бөлек, Жасұлан Зайыров, Бекнұр Абдуғаппаров, Ислам Ержанов сынды оқушыларымыз түрлі спорт түрлерінен ел чемпионаттарына қатысып, мектебіміздің абыройын ас­қақтатып жүр. Көкпарға қатысатындар да жетерлік, – деді мектеп директоры.

Бұл мектепте Русланның қарындасы Роза да білім алады. 9-сыныпта оқитын ол волейболдан мектеп құрамасының белді мүшесі. Розамен де аз-кем тілдестік. «Мен волейболмен айналысамын. Негізі самбо күресімен шұғылданғым келген. Бірақ Руслан рұқсат бермеді. Әкеміз 2018 жылы о дүниелік болғаннан кейін барлық жауапкершілік Русланның мойнына түсті. Ол көбіне құрама жаттығуында болғандықтан үйдің шаруасымен Данияр ағам айналысады», деді Роза Абдуллаева.

Келесі күні Олимпиада шыңына көте­рілген әлемнің әйгілі баскетболшысы Әлжан Жармұхамедов, бокстан Олим­пиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев пен әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа бесік болған Бостандық ауданы Табақсай ауылын бетке алдық. Жол-жөнекей талай чемпионды баулыған Шыршық шаһарындағы Олимпиядалық резервті даярлау мектебіне соқтық.

– Самат аға (Самат Ілиясов – ред.) «Қазақстаннан меймандар келеді» дегеннен кейін, қуанып қарсы алып отырмыз, – деді мектептегі бокс үйір­месінің жаттықтырушысы Мұхаммед Байдәулетов. – Интернат 1978 жылы құрылған. Алдымен ескек есу мен бокс үйірмесі ашылған. Одан кейін әр жылдары бір-бір спорт түрінен қосылып, қазір 16 спорт түрінен 450 бала оқиды. Соның ішінде 52 боксшы бар. Мұндай спорт мектептері облыс орталықтарының бәрінде бар. Шыршықтағы біздің мекеме ең үздігі десем артық айтқаным емес.

Расында да Мұхаммед айтқандай, спорт-интернатының инфрақұрылымы өте жақсы екен. «Өздеріңіз куә болған Өзбекстан чемпионатында біздің қазіргі оқушымыз Шавкод Болтаев финалға дейін жетті. Саят Ілиясов 3-орын алды. Жалпы, жастар құрамасында 2 боксшы, жасөспірімдер құрамасында 4 боксшымыз өнер көрсетеді. Олар 10-11 сыныпта оқиды. Баходир Жалолов, Руслан Абдуллаев, Санжар Тұрсынов, Елнұр Абдураимов секілді әлемді мойындатқан боксшылардың барлығы осы мектепте білім алған. Сондай-ақ таэквондошы Светлана Осипова, Феруза Садықова, ескек есуші Нилюфар Закирова, ауыр­атлет Руслан Нуриддинов секілді мық­ты спортшылар да осы шаңырақтан шық­қан, – деді М.Байдәулетов.

1972 жылғы баскетболдан КСРО құ­рамасы сапында Мюнхен олим­пиадасының чемпионы болған Әлжан Жармұхамедов, бокстан Бейжің олим­пиадасының жеңімпазы Бақыт Сәр­секбаев, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов, дзюдодан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова секілді қазақтың біртуар ұл-қыздары шыққан Табақсайға да табан тіредік. Алдымен Сәкен Бибосынов оқыған бір қабатты ескілеу №8 мектепке бардық. Бізді мектеп директорының орынбасары Ерлан Бөртешов жылы қарсы алып, Сәкен туралы әңгімеге көшті.

– Сәкен мұнда 8-сыныпқа дейін білім алды. Мен оған еңбек пәнінен са­бақ бердім. Өте қарапайым, белсенді әрі талапшыл бала еді. Сәкен туған ағасы Тастемірмен бірге Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттыққан шағын ғана спорт залда тер төккен, – деді Е.Бөртешов.

Оның айтуынша, Сәкен өткен жаз­да арнайы келіп, әкесіне құдайы тамақ беріпті. Әкесі диқаншылықпен, ұжымшардың көлігін айдаған. Сәкенді боксқа ағасы Тастемір алып келіпті. Тастемір де білікті боксшы. Ал анасы үй шаруасымен айналысқан.

– Сәкеннің сынып жетекшісі – математика пәнінің мұғалімі Гүлзайра Анарбаева. Ал бастауышта Ардақ Мұса­құловадан білім алды. Бұрын бұл ауыл­да тек қазақтар түтін түтететін. Қазір аралас тұрамыз. Ауыл халқының біразы құқық қорғау органдарында, зауыттарда жұмыс істейді. Ал жастарымыздың көбі Астанада, Алматыда нәпақасын тауып жүр. Мектебімізде 173 оқушы бар.

16 мұға­ліміміз сабақ береді. Өзбекстан қа­зақ­тары атажұртта өтіп жататын түр­лі деңгейдегі байқауларға қатысады ғой. Біздің де оқушымыз Сабина Жора­бекова жақында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің грантын жеңіп алып, сол жаққа оқуға түсті, – деді ол.

Сәкен тұрған бір қабатты шағын ғана үйдің қабырғасы мектептің бау-бақшасымен жапсарлас орналасқан екен. Қазір онда басқа отбасы түтін түтетіп отыр. Боксшының әкесінің інісі осы ауылда. Енді сол үйге барсақ деген тілек білдірдік. Бізді Сәкеннің немере қарындасы Динара Бибосынова қарсы алды. «9-сыныпта оқимын. Сә­кен ағамызбен мақтанамыз. Ол ақыл­ды әрі айтқан сөзінде тұратын адам. Бізге әрдайым қамқорлық көрсетеді. Әкелеріміз 9 ағайынды: 4 ұл, 5 қыз. Біз Сәкеннің әрбір жетістігіне қуанамыз. Қолдау көрсетеміз. Әулетімізде бокспен айналысып жүрген бауырларым бар. Бірақ олар әлі кішкентай», деді Динара.

Бұдан кейін Табақсай ауылындағы №7 орыс мектебіне бас сұқтық. Аталған оқу ордасынан Әлжан Жармұхамедов пен Бақыт Сәрсекбаев сынды екі бірдей Олимпиада чемпионы шыққан. Олим­пиадаға бастау болған мектептің жанындағы шағын ғана залды да көрдік. Осы жерде Бақыт Сәрсекбаев пен Сәкен Бибосынов жаттыққан. Біздің кел­генімізді естіген бойда Бақыттың жеке бапкері болған Кәрім Махмудов та осы жерден табылды. Қазақстаннан Өзбекстанға қайта оралған Кәрім ағамыз жақында ғана мерейлі 70 жасқа толыпты. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысын біз де құттықтадық. Әрі қарай Кәрім бапкер әңгімені жалғап кетті.

– Бұл жерде кімдер жаттықпады дей­сіздер? Барлығының қолтаңбасы қалған. Әлжан Жармұхамедов те осы мек­тепте білім алған, – деп бастады аға­мыз әңгімесін. – Әлжан екеуміз дос болдық. Оның менен бірер жас үл­кендігі бар. Соған қарамастан екеуміз бірге жүретінбіз. Шатырдың үстіне шығып кептер ұстайтынбыз. Шөп оратынбыз. Трактор айдайтынбыз. Ол кіш­кентайынан әділ әрі қарапайым жігіт еді. Мектепті бітірген соң Шыршықтағы за­уыт­та екі жылдай жұмыс істеді. Кейіннен біржола спортқа, баскетболға ден қойды. Институтқа оқуға түсті. Осынау шағын спортзалда Сәкен Бибосыновтың ағасы Тастемірді де жаттықтырғанмын. Ол кезде Сәкен кішкентай болатын. Ара­сында келіп тұрды. Кейін Бақытпен бірге Қазақстанға қоныс аудардым да, Тастемірге Алматыға, Қызылордаға ба­руға кеңес бердім. Аяқалысы жаман болған жоқ. Ал Сәкен қазір күллі қазақ мақтанатындай боксшыға айналды, – деді К.Махмудов.

Бейжің олимпиадасында ел құрама­сына жалғыз алтын медальды сыйлаған Бақыт Сәрсекбаев Кәрім ағаның шәкірті ғана емес әрі жиені. «Бақыт Павлодардан Табақсайға келгеннен кейін өзім баулып, Өзбекстан құрамасына іліктірдім. Әр жылдары Өзбекстанның 7 дүркін чемпионы, 2002 жылы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы атанды. Әйткенмен, 2004 жылы құрамаға ілінбей Афина олимпиадасына бара алмадық. Одан кейін 2004 жылдың желтоқсан айында 69 кило салмақта Қазақстан біріншілігіне қатысып, чемпион атандық. Әрі қарай оның жұлдызды сәті басталды», деді бапкер.

Кәрім ағаның айтуынша, шағын спортзалды мектеп жанынан өздері 1978 жылы мемлекеттің қолдауымен салған. Бүгінде ол жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының финалисі Әсем Төлегенованы жаттықтырып жүр.

Табақсайдың төменгі жағындағы №9 мектепте бүгінде Қазақстан намысын қорғап жүрген дзюдодан әлем бірін­шілігінің қола жүлдегері Әбиба Әбужақынованың оқығанын біреу білсе, біреу білмейді. Кәрім ағамен әңгімелесіп отырып, күннің батып кеткенін де байқамай қалыппыз. Сол себепті Әбиба оқыған білім ошағына соғудың сәті түс­педі. Әбибамен телефон арқылы тілдестік.

– Табақсайға арнайы барғандарыңыз үшін көп рахмет. Онда туыстарым тұрады. №9 мектепте білім алдым. Са­бақты бір кісідей жақсы оқыдым. Кейін­нен Ташкентте, одан кейін Алма­тыдағы колледжде білім алдым. Дәл қазір бар мақсатымыз – Олимпиада жолдамасы. Ол үшін Гран-при додаларында биік тұғырдан көрініп, ұпай жинау керек. Бұйыртса жоспар орындалады деп сенеміз, – деді ол.

Қарап отырсаңыз, шағын ғана бір ауыл­дан төрт бірдей чемпионның шығуы тегін емес қой. Бүгінде Әлжан басқан топырақтан қаншама чемпион шығып жатыр. Осыдан кейін Табақсайды чемпиодар ауылы демей көріңіз.

Түнделетіп Табақсайдан Ташкентке жолға шықтық. Жолда көлік жүргізушісін көндіріп, бокстан әлем чемпионы Руслан Абдуллаевтың шаңырағына бардық. Чемпионның анасы Ұлбосынмен танысып, аз да болса әңгімелестік.

Олимпиадада кейбір мемлекеттің қолы жете алмай жүрген жүлделерді бір ғана аудан спортшылары жеңіп алғанын естіп те, көріп те жүрміз. Алысқа бармай-ақ, еліміздегі Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданынан төрткүл дүниеге танылған, төртжылдықтың іргелі додасында көк туды желбіреткен төрт саңлақ шыққан. Олимпиадада Ермахан Ыбы­райымов – алтын мен қола, Ислам Бай­рамуков – күміс, Ақжүрек Таңатаров – қола, Елдос Сметов күміс пен қола ме­дальды олжалады. Оған 1952 жылы Жам­­был облысының Луговой (қазіргі Құлан ауылы) асыл тұқымды ат зауы­тында туған таза қанды қас сәйгүлік Аб­сент (ақалтеке) 1960 жылы Римде алауы тұтанған Олимпия ойындарында бас жүлдені олжалады. Ақалтекені тіз­гін­деген Сергей Филатов еді. Сондай-ақ Ресейдің Дағыстан Республикасында Хасавюрт деген шағын ғана қала бар. Небәрі 155 мың халқы бар шаһардың спортшылары бүгінде еркін күрестен Олимпиададан 12 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алғаны да тамаша көрсеткіш. Бұлардың қатарын Табақсай да толықтырып тұр.

 

АСТАНА – ТАШКЕНТ – АСТАНА