Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады.
Рыбакина екінші матчын дүниежүзілік рейтингіде 57-орында тұрған ресейлік Анна Блинковамен өткізді. Осыған дейін қос қарсылас 2017 жылы Санкт-Петербургте өткен турнирде кездесіп, онда ресейлік спортшы 5:7, 6:2, 6:3 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Блинкова брейк жасап, сол басымдығын сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте де ресейлік теннисші брейкпен алға кетті – 2:1. Дегенмен өз ойынын таба бастаған Рыбакина таразы басын теңестірді – 2:2. Артынша тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда Рыбакина босаңсыған сәтті қалт жібермеген Блинкова тағы алға шыққанымен (3:1) жерлесіміз есепті теңестіре алды – 4:4. Блинкова қайыра брейк жасап, матчқа доп бергенде, есеп қайта теңесті – 5:5.
Есеп 6:5 болған мезетте ресейлік спортшы екі матчболын мүлт жіберді. Есесіне жарты сағаттан астам уақытқа созылған тай-брейкте Рыбакина сегіз матчболын пайдалана алмады – 6:7 (20:22). 2 сағат 46 минутқа созылған аса тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 3 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Сондай-ақ Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады. Ал ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик, Александр Недовесов жарыс жолынан шығып қалды.
Осылайша, Аустралия ашық чемпионатында Қазақстанның бірде-бір теннисшісі қалмады.