• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тұлға 21 Қаңтар, 2024

Мерейтойдың ізашар көрмесі

269 рет
көрсетілді

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған алғашқы кәсіби суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай жоспарланған мәдени іс-шаралар шеруі Алматыдағы кескіндеме өнерінің кемеңгері атындағы өнер ордасының өзінен бастау алды. Саналы ғұмырында 4000-ға жуық туынды жазған әйгілі қылқалам шеберінің 400-ден аса көркем шығармасы өз есімін иеленген бүгінгі Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорында сақтаулы тұр. Музей қызметкерлері бірнеше ай бойы әзірлеген «Ғасыр мұрасы» атты бұл көрмеге классик суретшінің 1930-1970 жылдар аралығында салған 300-ге жуық көркем және графикалық картинасын ел назарына ұсынды. Ә.Қастеевтің туындылары кеңестік Қазақстанның көркем шежіресі, тарихи жылнамасы іспетті. Бұл жұмыстарда ХХ ғасырдағы республикада болған, көшпелі халықтың дәстүрлі өмір салтын түбегейлі өзгерткен барлық маңызды тарихи оқиға көрініс тапқан.

Ә.Қастеевтен «сурет салуды кімнен үйрендіңіз?» деп сұрағанда, «Ешкінің мүйізінен, апамның киізінен, бұлақтың сылдырынан үйрендім» деп жауап берген екен. Бейнелеу өнеріне бейімділігі бала күнінен байқалған Әбілхан мал бағып жүріп, ұзақ күн табиғатпен армансыз сырласып, әктастан түрлі пішінді ойып, қолөнер бұйымдарын жасай бастайды. Анасына сырмақ пен текеметке ою салып көмектесетін де, ауыл қыздарын таңғалдырып әшекей жасайтын да Әбілхан болған екен. Кейін отбасы Шежім ауылынан Жаркентке қоныс аударады.

Ә.Қастеевтің бүкіл шығармашылығы елінің өткен және кейінгі тарихымен тығыз байланысты болды. Замандас қа­лам­дастардың айтуында, «Қастеевтің туын­дыларын тамашалау барысында бүкіл қазақ халқының тарихымен танысып, иен даласын жаяу аралап шыққандай боласың». Расында, мың түрлі бояу әлемін аралап жүргенде, теңдессіз туын­дылардан даланың хош иісі самал болып еседі, аспанмен астасқан алқап бетіндегі өсімдік пен жәндіктің дыбысы құлаққа келеді. Алғаш рет 25 жастағы Қастеев өз қабілетін жетілдіру үшін ауылдан Верный қаласына келіп, екі жыл бойы Н.Хлудовтың көркемсурет студиясында сурет салудың алғашқы сабағын алып, кескіндеменің негіздерін үйренеді. Ұстазы Николай Хлудовтың «Қазақ бейнелеу өнерінің қалай дамитыны саған байланыс­ты болады» деген бірауыз сөзі намысын қамшылап, бояудың әр грамын босқа ысырап жасамай, даланың рухын асқақтатқан белгілі туындыларын жаза бастайды. Бұл уақыттың еншісіне «Мектепте» (1930), «Колхоз тойы» (1937), «Бие сауу» (1936) сияқты шығармалары жатады.

Биылғы мерейтой көрмесінің бас­ты жаңалығы – бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған Кенесары портретінің көпшілікке ұсынылуы. Портрет 1936 жылы салынған. Кенесары тарихымен айналысқандардың бәрі жаппай қуда­ланып жатқан кезде бұл суретті қара­пайым музей қызметкері жасырып қалған көрінеді. Мұндағы Кенесары келбеті кейінгі жылдары салынған көзге үйреншікті хан бейнесіне ұқсамайды. Жас Әбілханның орындауындағы биік таудың етегінде, ақ ордасының алдында алқа-қотан әңгіме-дүкен құрып отырған нөкерлерінен оқшау бейнеленген ханның алысқа көз тіккен жанарында алаң басым. Киіз үй де, төселген сырмақ та, жақсы-жайсаңдардың үстіндегі киім де бояу тілімен өрнектеліп, қазақы нақыш құрайды. Бояуы қанық суреттің әрбір деталі қазақша сөйлеп тұр.

Көрмеге келгендерді қарсы алған шоқтығы биік шығарма, әрине, «Аман­­гелді Иманов». Суретші 1930 жыл­дар­дың ортасынан 1970 жылдардың соңына дейінгі қырық жыл уақытын Амангелдінің өмірін зерттеуге жұмсаған. Батыр өмір­ге келген, ұлт-азаттық көтерілісі болған Торғай өңіріне арнайы барып, үзеңгілестерімен, ағайын-туысымен кездесіп, көзкөргендердің суреттеп-сипаттауына қарай Амангелді бейнесінің 100-ден аса эскизін жасайды. 1944 жылы алғаш рет Амангелді бейнесін кескіндегені үшін Ә.Қастеев Қазақ КСР Халық суретшісі атағына ие болады. Бірақ халық батырының образына іштей көңілі толмай, зерттеуін жалғастыра береді. Нәтижесінде, 1953 жылы қалың қолды бастап келе жатқан ат үстіндегі әйгілі Амангелді бейнесі туады. Бүгінгі күні кинода, театрда көрініс та­уып жүрген Амангелді образы Қастеевтің кескіндемелік шығармасының негізін­де қолданылады. Амангелді тақыры­бындағы туындылар желісі мұнымен де түйінделмей, көтеріліс кезінде батыр бастаған сарбаздардың ұрыс сәтін бейнелеген «Торғай жорығы» атты батальды шығарма да көп ұзамай суретшінің бай мұрасының қатарын толықтырады.

Ә.Қастеевтің шығармашылығында портрет жанры маңызды орын алады. Абай, Жамбыл, Шоқан, Біржан, Ке­нен бейнесін түрлі қырынан жазды. Шығар­машылық шабытпен, жан дү­ние­сіне терең үңіле отырып жазған пор­т­рет­терде адам мінезінің өз мәнері, ерек­шелігі болатынын, жеке тұлғаның ішкі әлемі ғана емес, сыртқы келбеті де өз заманымен байланысты кескінделетінін айшықтайды. 

Бүкіл шығармашылық ғұмырында суретші бір ғана Абайға арнап оның отызға жуық образының эскизін жасайды. Қарындаш, акварель, майлы бояумен салынған суреттердің ішінде 1945 жылы салынған «Жас Абай» Ә.Қастеев шығармашылығындағы маңызды кезең болып саналады. Ол осы бейнені жазу үшін «Абай жолын» бірнеше мәрте оқып, ақын туған Семей өңіріне сапарлап барып, келгеннен кейін М.Әуезовтің өзімен ақылдаса отырып, жинаған мол дерегін жүрегімен қорыта келіп, қылқаламын қолына алған.

Ә.Қастеев – Жамбылдың жақын тұтқан сыйлас інісі болған. Жыр алыбының ауылында жиі мейман болып, жата-жас­тана, ақсақал шағын әдемі бейнелеген. Басында жасыл масаты бөркі, үстінде сары түсті шапаны бар, малдас құрған қалпы, сырласындай болған домбырасын аялай ұстап, терең ойға батып, шау тартқан шағындағы бейнеде даналық білінеді. Тіршілігінде қимас достарға айналған ақын мен суретші арасындағы сыйластықтың берік болғаны сондай, шайырдың көзі жұмулы, аппақ жүзі қуарып, бақиға аттанып бара жатқан ақыреттік сәтін бейнелегені кенеп үстін­дегі бақұлдасу сияқты жүректі шымырлатпай қоймайды...

Ұлттың ұлы тұлғаларының жар­қын бейнесімен бірге, суретші шығарма­шылығында қарапайым шопандардың, өндіріс озаттарының, тың игерушілердің, балықшылар мен мұнайшылардың жан­қиярлық еңбегімен қазақ елінің жаңа келбетін жасаған қарапайым адамдар­дың портреттері де елеулі орын иеленеді.

Ә.Қастеевке бүкіл шығармашылық ғұмырында нақты бір сюжеттер мен бейнелерге оралып отыру тән. Мысалы, өзге жұртты алып болат жолмен бейнелеу өнері арқылы таныстырған ша­ғын ғана «Түрксіб» туындысы 1932 жылы алдымен акварельмен салынған. Қастеевтің ең танымал туындыларының бірі болып тараған бұл туынды майлы бояумен 1969 жылы қайта жазылып, осы аттас ауқымды кескіндемеде жаңаша көрініс тапты. Еңбек жолын Түрксіб теміржолы құрылысында жер қазушы болып бастап, тағдыры темір жолмен тоғысқан суретшінің жанына бұл тақырып етене жақын. Екі суретті салыстырғанда, суретшінің шығармашылық эволюциясы айқын көрінеді, сондай-ақ мазмұны күрделеніп, жаңа бейнелермен байытылып шыққаны байқалады. Кенеп үстінде керіліп, сонау көрменің түкпірінен бұзып-жарып бері қарай келе жатқандай көз тартатын алып полотно – Ә.Қастеевтің мәңгілікке қалдырған шығармасы. Композиция нақты оқиғаға, қазақ даласына пойыздың келуіне арналған. Суреттегі пойыз далада ертегі кейіпкері ретінде пайда болды. Бұл суреттің маңызды ерекшелігі – автор пойызды алғаш көрген адамдардың шаттығын, қуанышы мен таңданысын, жаңа өмір мен жаһандық өзгерістердің символын көрсетеді. Суретші картинасында пейзажға айрықша мән береді. Сайын даланың төсін солқылдатып, атырапты тұмсығымен тіліп келе жатқан пойыз көрермендерге қарай жүріп келеді, ал композицияның сол жағындағы түйелер керуені ескіліктің белгісі ретін­де, керісінше, кеңістікке терең сіңіп кетеді. Реализмнің қыр-сырына қанық­қан Ә.Қастеевтің ашық бояу түсін таң­дауы көңілді қанаттандырмай қоймайды: түрлі түсті бояулар гаммасы су­рет­тің өн бойына мерекелік сипат береді.

Ә.Қастеев – қазақ даласының на­ғыз жыршысы. «Табиғат адаммен не­месе адам табиғатпен етене байланыс­ты» деген ұстаным – суретші шығармашылығы­ның темірқазығы. Оның пейзаждық компо­зицияларының жанрлық бастауы осыдан шығады. Көрменің жетекшісі Сандуғаш Жұмабекованың айтуынша, 1950 жылдары суретші пейзаж жанрында анағұрлым табысты еңбек еткен. Ол жасаған туған өлкенің бейнелері эпикалық ұлы­лығымен, панорамалық кеңдігімен, лири­ка­лық нәзіктігімен ерек­шеленеді. Ол жыл­дардағы өнер адам­дары, суретшілер идеологияға қыз­мет етті, тапсырыс орындады. Ал Қас­теевтің бейнелеуіндегі ландшафтарда адам әрқашан жаңа өмірдің авторы ретінде қатысады. 1950-1960 жылдары Ә.Қастеев «Жаңа Қазақстан», «Қа­зақстан жерінде», «Қазақстанның байлығы» «Қазақстан жері мен халқы», «Биік таудағы мұз айдынында», «Қапша­ғай ГЭС-і» сияқты бірнеше акварельді цикл жасайды, онда ол Қазақстанның ауқымды экономикалық қайта құрылуын бейнеледі. Осы жылдары суретші қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол екі рет Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.

Әбілхан Қастеевтің әрбір туындысы – туған жер мен оның адамдары туралы шабытты әңгіме, өмірі мен өнерін арнаған туған халқының ең жақсы және бақытты өміріне деген үмітінің көрінісі.

Алуан жанрда қалам тербеген сурет­ші шығармашылығымен таныстыруды мақсат тұтқан БАҚ өкілдеріне арналған кең ауқымды баспасөз турынан соң «Ғасыр мұрасы» көрмесі ашылды. Көрменің ашылуына Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Асқар Бөрібаев, Алматы қаласы әкімінің орын­басары Арман Қырықбаев, Ә.Қас­теев атындағы Мемлекеттік өнер му­зейінің директоры Гүлайым Жұмабе­ко­ва, белгілі өнертанушы Ермек Жан­­гел­дин, Халықаралық авторлар қауым­дастығының (ALAI) мүшесі, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнер сыншылары қауымдастығының мү­шесі Ли Камилла, ЮНЕСКО Қазақ ұлт­тық клубтар федерациясының вице-пре­зиденті Серқан Аязбаев, Ә.Қастеевтің ұлы Нұртас Әбілханұлы, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебінің директоры Рамазан Тұңғышбаев сөз сөйледі. Суретшінің қыздары Гүлдария мен Гүлназия Қастеевалар, немерелері Дәурен мен Сауран суретшінің өмір­баяны туралы естеліктер айтты.

 

АЛМАТЫ