Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы Апеннин түбегінде аталған елдің басшысы Серджо Маттарелла, премьер-министр Джорджа Мелони, Рим Папасы Францискпен және жергілікті бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Бірқатар маңызды келісім жасалды.
Жалпы, бұл сапар Қазақстан үшін де, Италия үшін де маңызды. Өйткені Апеннин түбегі – ірі сауда әріптесіміздің бірі. Тауар айналымы бойынша Қытай мен Ресейден кейінгі орында Италия жайғасқан. Қазіргі таңда өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, алдағы уақытта елдеріміз арасындағы тауар айналымын 20 миллиард долларға жеткізу жоспарда бар. Бұған мүмкіндік мол. Мысалы, екі ел арасындағы экономикалық байланыс былтырғы қаңтар-қазанда 13,1 млрд долларды құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 0,7 пайызға жоғары ($13,0 млрд).
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан әдетте Апеннин түбегіне тауар экспорттайды. Мысалы, 2023 жылғы қаңтар-қазанда 12,1 млрд долларға тең өнімді Италияға жөнелттік. Әсіресе, мына тауарлардың экспорт көлемі артқан. Бидай – 67,3 миллионнан 158,2 млн долларға дейін, тас көмір – 0-ден 5,2 млн долларға дейін, титан мен одан жасалған бұйымдар – 0,7 миллионнан 3,9 млн долларға дейін, басқа өсімдік майларын алу кезінде алынған қалдықтар – 0,2 миллионнан 2,8 млн долларға дейін, желімделген фанера 0,3 миллионнан 2,2 млн долларға дейін көбейген.
Дегенмен тауар айналымында шикі мұнайдың үлесі өте жоғары. Салыстырмалы түрде қарасақ, экспорттың 97,4 пайызы қара алтынға тиесілі. Бұдан кейінгі орында бидай (158,2 млн доллар; 1,3 пайыз), ферроқорытпалар, (91,3 млн; 0,76 пайыз), өңделмеген алюминий тұр (27,7 млн; 0,23 пайыз).
Осы орайда Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары кезінде осы мәселеге де назар аударылғанын айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге ден қойып отыр.
«Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық «ENI» компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз», деді Қ.Тоқаев.
Италиядан Қазақстанға импорт 2023 жылғы қаңтар-қазанда 32,4 пайызға өсіп, млрд долларды құрады. Бұған қара металдардан жасалған жіксіз құбырлар, түтіктер және профильдер (15,8 миллионнан 64,0 млн долларға дейін), тракторлар және ертоқым тартқыштар (1,1 миллионнан 43,0 млн долларға дейін), өзге де тамақ өнімдері (7,1 млн-нан 36,2 млн долларға дейін), топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдық (7,1 миллионнан 20,1 млн долларға дейін) көлемінің артуы ықпал етіп отыр. Сонымен қатар машиналар және арнайы мақсаттағы механикалық құрылғылар (6,3 миллионнан 17,4 млн долларға дейін), бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдар және олардың бөліктері (7,8 миллионнан 17,6 млн долларға дейін), шоколад және құрамында какао бар басқа да дайын тамақ өнімдері (3,4 миллионнан 12,8 млн долларға дейін) секілді тауарлардың импорты көбейген.
Ал жалпы Апеннин түбегінен бөлшек саудада сату үшін буып-түйілген дәрілік заттар (74 млн доллар), қара металдардан жасалған жіксіз құбырлар, түтіктер және профильдер (64 млн доллар), құбырларға арналған арматура (56,8 млн доллар) импорттаймыз. Бұдан бөлек, тракторлар мен ер-тоқым тартқыштар (43 млн доллар), өзге де тамақ өнімдері (36,2 млн доллар), вакциналар, қан сарысулары, қан (28,3 млн доллар), топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдық (20,1 млн доллар), бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдар және олардың бөліктері (17,6 млн доллар) басымдыққа ие.
Сондай-ақ Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Тоғызыншы территорияда 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап 2023 жылғы қыркүйекке дейін Италиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағынының көлемі 7,4 млрд долларды құрады. Соның ішінде 2023 жылдың 9 айында инвестициялардың жалпы ағыны 107,4 млн долларға жетті. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3 пайызға артық.
Италиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың таза ағыны 2013 жылдан бастап 1,3 млрд долларға дейін жетті. Ал 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 73,2 млн долларды құрады. Қазақстанда италиялық инвесторлар энергетика, геологиялық барлау және табиғи ресурстарды өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, байланыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларды іске асырып келеді.
Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыратын ірі италиялық компаниялардың ішінде «Bonatti» (мұнай-газ саласы), «Cimolai» (металл құрылымдары), «Eni» (мұнай-газ саласы және ЖЭК), «Neos» (әуе тасымалдары), «Petrol Valves Group» (клапандар өндірісі), «Renco» (құрылыс), сондай-ақ «Savi Italo» және «Tre-Bio» (АӨК) ерекше атап өткен жөн.
Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына сәйкес қазіргі уақытта елде италиялық инвесторлардың қатысуымен кемінде төрт инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олар: Ақтөбе облысында «Eni» компаниясының «Бадамша-2» жел электр стансасы (құны 36 млрд теңге); Түркістан облысында «Eni» компаниясының «Шәуілдір» күн электр стансасы (құны 12 млрд теңге); Ақтөбе облысында «Сormatex» компаниясының қой жүнінен өндіру зауыты (құны 5 млрд теңге); Ақтөбе облысында жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт (құны 5 млрд теңге).
Тағы бір маңызды бағыт – «жасыл энергетика» көздеріне көшу. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алды. Мемлекет басшысы сапары кезінде осы мәселеге де екпін берді.
«Италияда электр энергиясының үштен бірі «жасыл энергетика» көздері есебінен өндірілетіні белгілі. Осы тәжірибені ескерсек, италиялық компаниялар да аталған жобаларды іске асыруға ниет білдірген кәсіпорындардың қатарына қосыла алады. Біз бұл маңызды саладағы әріптестікті, мейлі ол өндіріс, технология трансферті немесе тәжірибе алмасу болсын, дамытуға аса мүдделіміз», деді Қ.Тоқаев.
Жоғарыда Ақтөбе және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр стансалары салынатынын айттық. Енді италиялық компания Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр стансасын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіруді жоспарға енгізген. Осындай жобалар елдегі баламалы энергетика көздерін арттырады, сондай-ақ Париж міндеттемесін уәделі мерзімде орындауға мүмкіндік береді.
Сапар кезінде Қ.Тоқаев «NEOS» әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады. Бұл кездесу де екіжақты байланысты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені тоғызыншы территория мен Апеннин түбегін жалғайтын тікелей әуе қатынастары сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Қазіргі таңда «Алматы – Милан» әуе рейсіне сұраныс жоғары. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған. Ендігі жерде «Алматы – Милан» бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр.
Сапар барысында тағы бір маңызды мәселе талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сөз болды. Мемлекет басшысы «Bonifiche Ferraresi» компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. Қазақстан – Италияға бидай жеткізуші мемлекеттердің бірі. Осы орайда компания басшысы дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспарларымен бөлісті.
Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен және БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесті. Жиын барысында жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңызы айтылды.
Жалпы, еліміз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы секілді басқа да халықаралық ұйымдар аясында гуманитарлық көмек көрсету бойынша іргелі жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, былтыр Қазақстан алты мемлекетке 9,2 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Газа секторындағы күрделі ахуалды ескере отырып, Палестина халқына қайырымдылық шарасы ретінде 1 миллион доллар бөлді және 2 рет гуманитарлық көмек жеткізді. Табиғи апаттан зардап шеккен Ауғанстан, Түркия, Пәкістан және басқа да елдерге қаржылай көмек көрсетті.
Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде Цюй Дунъюйға FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды. Ал Синди Маккейнмен кездесуде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді.
Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев сапар барысында Рим папасы Францискпен кездесіп, бейбітшілік жөнінде әңгіме-дүкен құрды. Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары табысты өтті деуге толық негіз бар. Жоспарға сәйкес Еуропадағы ірі серіктеспен арадағы экономикалық байланыс одан әрі нығая бермек.