Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел осы елдің Милли Мәжілісінің төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті. Тараптар қазақ-әзербайжан қатынастарының даму динамикасын жан-жақты талқылады.
Атап айтқанда, сұхбаттасушылар екі бауырлас елдің парламентаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың, сондай-ақ ТүркПА сияқты көпжақты алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Сұхбат барысында Сахиба Гафарова Мемлекет басшылары арасындағы сенімді диалогтің маңыздылығына назар аударып, ең жоғары және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар бауырластық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін тілге тиек етті.
Парламент төрайымы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстан дипөкілдігінің рөліне де назар аударды. Осы ретте С.Гафарова 2023 жылдың желтоқсанында Әзербайжанда өткен Қазақстанның мәдениет күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Өз кезегінде Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжанның екі ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін үлкен маңызы бар бірқатар ірі экономикалық жобаны іске асырып жатқанын атап айтты. Сонымен қатар елші 7 ақпанға жоспарланған президенттік сайлау бауырлас Әзербайжанның одан әрі дамуына негіз болады деген үмітін білдірді.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың екіжақты қарым-қатынастардың маңызды өлшемі екенін айтып, таяу болашаққа арналған бірқатар нақты іс-шара мен бастаманы талқылады. Сұхбаттасушылар өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қазақстан дипломаты Әзербайжан Парламенті Халықаралық қатынастар және парламентаралық байланыстар комитетінің төрағасы Самед Сеидовпен де кездесті. Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар мәселе бойынша пікір алмасты.