Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында жерлесіміз Әмір Омарханов үшінші айналымға шықты.
Бастапқы кездесуінде жарыстың бірінші ракеткасы, италиялық Федерико Чинаны ұтып, сенсация жасаған 16 жасар теннисші екінші айналымда ұлыбританиялық Виктор Фридрихпен шеберлік байқасты. Бірінші партияда ұлыбританиялық 6:3 есебімен басымдық танытты. Екінші сетте тай-брейкте Әмір сәтті ойнады – 7:6 (8:6). Шешуші, үшінші партияда Ә.Омарханов матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3. Тартысты матч 2 сағат 13 минутқа созылды. Қарағанды теннис мектебінің түлегі ширек финалға шығу үшін доданың 14-ракеткасы, оңтүстіккореялық Хён Киммен таласады.
Қыздар арасында 17 жасар Асылжан Арыстанбекова аустралиялық Талья Кокиниске жол беріп, алғашқы айналымнан аса алмады.
Есесіне Әмір Омарханов пен Асылжан Арыстанбекова жұптық сында доданы жеңіспен бастады. Ә.Омарханов оңтүстіккореялық Чанджун Киммен бірге екінші айналымға шықты. Олар бастапқы кездесуінде испаниялық Изан Валентине/нидерландтық Тейс Богардты қапы қалдырды – 6:3, 7:5.
Омарханов пен Ким бір-бірін жақсы біледі. Енді екі теннисші жекелей сында үшінші айналымда өзара бір-бірімен кездеседі. Осыған дейін екеуі бір рет шеберлік байқасып, онда Әмір жеңген еді. Ал Асылжан Арыстанбекова белоруссиялық Юлия Перепихинамен бірге аустралиялықтар Рени Алэйм/Алана Сибасичті 6:1, 6:3 есебімен ұтып, екінші айналымға өтті.