Қызылордаға Чех Республикасынан бизнес өкілдері келіп, өңірдегі инвестициялық жобалармен танысты. Шетелдіктер Сырдағы балық өнімдерін экспорттау, энергетикалық жобалар мен мұнай-газ құбырлары өндірісіне қызығушылық танытып отыр.
Чех іскерлерімен кездескен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтар жаңа іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға әрдайым дайын екенін айтты.
Қызылорда – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы дамыған, минералдық шикізат ресурстарына бай агро-индустриялық өңір. Облыс аумағында Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінен бөлек балық аулау кәсібі жолға қойылған 201 көл бар. Өңірде жылына мыңдаған тонна өнім өндіретін 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы құны 8,3 млн доллар болатын 3,3 мың тонна балық өнімдері экспортталды. Сыр балығын тұтынатын елдер арасында Еуропа мен ТМД мемлекеттері бар
– Энергетика саласындағы соңғы жаңалықтардың бірі – аймақта жиынтық қуаттылығы 89 мегаваттық 9 күн электр стансасы жұмыс істейді. Оның үшеуі шетел инвесторларының қатысуымен жүзеге асып отыр. Сонымен қатар «Акса энерджи» түрік компаниясы Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаваттық жылу-электр стансасын салып жатыр. Оның қуаты өңір сұранысын толық қамтиды. Экспортқа бағытталған, өңделген отандық өнімдерге бірқатар қолдау шаралары бар. Сыртқы нарыққа шығару үшін кәсіпорындарға жан-жақты сервистік қолдау көрсетіледі, жол шығындары 80%-ға дейін өтеледі. Сіздерге болашағы бар жобаларды іске асыруда мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетеміз. Біздің өңірге келген сапарыңыз Қызылорда облысы мен Чехия арасындағы достық байланысты одан әрі ұлғаятынына сенімдімін, – деді облыс басшысы.
Инвесторлар ұсынылған жобаларға қызығушылық танытып, алдағы уақытта аталған салалар бойынша әріптестік орнатуға ниет білдірді.
ҚЫЗЫЛОРДА