Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өткізген «Барыс» Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына 2:3 есебімен жол берді.
Елордалық команда плей-офф сатысына шығу мүмкіндігін әлі де жоғалта қойған жоқ. Сондықтан барыстықтар әрбір ойында жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық.
«Барыстың» бас бапкері Олег Болякин елордада өткен кездесуде қақпаны қорғауға жерлесіміз Никита Бояркинді шығарды. Ол біраз уақыт бойы «Номад» командасы сапында өнер көрсеткен еді.
Кездесу барысында ресейлік клуб сапынан Степан Хрипунов 15-минутта көзге түсті. Одан кейін командалардың есепті өзгертуге бірнеше мүмкіндігі болған. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс ене қойған жоқ.
Ойынның 50-минутында елордалық клубтан Портус Оберг таразы басын теңестірсе, одан кейін ресейлік командадан Кёртис Валк – 52, Анатолий Голышев 56-минутта қақпаны дәл көздеп, басымдықты арттырды. Ал 57-минутта «Барыс» сапынан Кристиан Хенкель мергендік танытты, есеп – 2:3.
Енді «Барыс» алдағы екі ойынын сырт алаңда өткізеді. Алдымен 24 қаңтарда Ресейде СКА (Санкт- Петербург) командасымен кездессе, одан кейін 26 қаңтарда «Лада» (Тольятти) клубымен шеберлік байқасады.