Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік беделді жоғары оқу орындарының өкілдігін ашу туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің өкілдігі ашылып, ғылыми әріптестіктің іргетасы қаланды.
Химия өндірісінің жілігін шағып, майын ішкен жергілікті мамандардың айтуынша, өңірлік университеттің ресейлік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуы заңдылық. Өйткені Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің локомотиві саналады. Екі университет арасындағы байланыс өткен жылы орнатылды. Президент тапсырмасын жүзеге асыруды қолға алған өңірлік университет ұжымы әуелі «Қазфосфат» ЖШС, Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің басшылық құрамымен бірлесіп, үшжақты меморандумға қол қойды. Кейіннен Тараз төрінде «Менделеев сыныбы» жобасының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Расында да, мыңдаған жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» ЖШС үшін бұл жобаның маңызы зор. Кадр тапшылығын жою жолында үшжақты келісіммен іске асырылатын жобаның барлық тарапқа тиімді екені анық. Сондай-ақ химия бағыты бойынша білімін толықтырғысы келетін жастарға да таптырмас мүмкіндік. Содан да болса керек, біршама уақыт бұрын ТМД елдері арасында тұңғыш рет химия өнеркәсібі саласындағы желілік кампустың тұсауы кесілген еді.
Қолға алынған ірі жоба әрі қарай да сәтімен жалғасты. Енді, міне, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ресейлік жоғары оқу орнының өкілдігі ашылып отыр. Іс-шараның ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ресейлік университет ректорының міндетін атқарушы Илья Воротынцев, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Пак, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова және өңірлік университеттің профессор-оқытушылары қатысты.
Илья Воротынцев желілік білім беру бағдарламасының іске асырылуы екі оқу ордасы арасындағы іскерлік байланысты нығайта түсетініне сенімді. Ал Тараз өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы Шолпан Есімова «Менделеев сыныбы» жобасының сәтімен іске асқанын айтып, білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, химия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында елімізде Ресей химия-технология университетінің филиалын ашу жөніндегі бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы алғанда, бұл жобаны іске асыру жұмыстары 2023 жылы Алматы қаласында өткен екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында толыққанды зерделеніп, Тараз қаласында шетелдік университеттің филиалын ашу туралы шешім қабылданған болатын. Баянды бастаманы жүзеге асырудың бірлескен жол картасы да әзірленген еді. Енді, міне, атқарылған барлық жұмыс оң нәтиже беріп отыр.
Дерекке жүгінсек, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында Д.Менделеев атындағы университеттің филиалы өз жұмысын бастайды. Жергілікті оқу ордасы химия саласында ғылыми-технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге қабілетті халықаралық білім беру стандарттары деңгейінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау міндетін жүзеге асырмақ. Химия және химиялық технология саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.
ТАРАЗ