Құтқарушылар еңбегі қашанда құрметке ие. Ел де қиын-қыстауда қолұшын беруге әзір, жанашырлығы мол осы бір мамандық иелерін құрметтейді. Таяуда ақ боранның ішінде адасқан, айы-күні жетіп отырған әйелді аман алып қалған құтқарушының есімі нәрестеге берілді.
Сол күні Ерейменнің етегі түтеген боран болатын. Қарға адым жер атап басу – мұң. Төрткүл дүние ақ шымылдық жамылған. Аяз да ашуына міне бастапты. Әлдебір шаруаның ыңғайымен жолға шыққан жолаушылар адасып кеткен. Араларында әлгі әйел де бар. Жолаушылар былай тұрсын, сайланып шыққан құтқарушылардың өзі ақ боранда оң-солын аңғармастай. Шұғыл хабар түскеннен кейін адамдарды құтқаруға асыққан олардың да денесін үсік шалған. Әйтсе де көрер жарығы, татар дәмі таусылмаған екен, барлығы дін аман.
Жол үстіндегі азапты тартқанымен, аман қалған ана перзентханадан шыққанда ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа құтқарушы да барыпты. Жарық дүниеге шекесі торсықтай ұл келген. Отбасы болып ақылдаса келе, періштедей жебеп, демеп, ақ бораннан аман қалуларына себепші болған құтқарушы Амангелді Доскеновтің есімін сәбиге берген. Сөз арасында бұл отбасының жетінші баласы екендігін айта кетелік.