Өз заманында Толстой ақсақал: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті көркем нәрселерге бару да бірте-бірте тыйылуы мүмкін. Мақалалық дүниелермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін» деген екен. Бұл пайымның айтылғанына, міне ғасырдан да ұзақ уақыт өтіпті. Толстой тәмсілі шынға айналып келеді.Қоғамда қанша жазушы болса, сонша оқырман қалды. Бұл – бүгінгі әдебиеттің ауа райына қатысты айтылған дәл сөз. Адамдардың жазуға, руханиятқа қызығуы тіптен әлсірегенін осыдан байқаймыз. Оқырманның азаюы әлемде де өзекті мәселеге айналса да, Батыспен салыстырғанда қазақ әдебиетінде шығармашылық жетістіктер әлдеқайда аз. Мәселен, қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Толстой біздің бұл халімізді де тап басып танып айтыпты. Бұдан бөлек публицистік сарыны басым жазбалардың көркем әдебиетке таңылып жүргені, бұл үрдістің белең алып бара жатқаны тағы бар.Әдебиетті әр адам өзінше түсінеді, өзінше пайымдайды. Әркімнің көкей кеңістігінде өз «әдебиеті» бар. Көркем ой мен сұлу сөздің түйіскен тұсы – әдебиет хақында өзіміз емес, өзге ұлттың қандай ой айтары бізге таңсық. Осы орайда таңсық дүниенің астарына үңіліп, Аустрияның жас жазушысы Александр Вадиммен онлайн-байланысқа шығып, сөйлесіп көрген едік.
– Аустриялық қоғамның көркем әдебиетке көзқарасы қандай?
– Халықтың бәрі Стефан Цвейгті оқыған деп айта алмаймын. Бірақ көпшілігі классикаға қызығады. Мұны, әсіресе үлкен кісілерден жиі байқаймын. Ал жас оқырмандарға келер болсақ, мен қазір «Жастарды әдебиетті оқуға қалай алып келеміз?» деген зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын.
– Зерттеу барысында қандай ой түйдіңіз?
– Әдебиетке байланысты негізгі проблема Аустрияда қандай болса, Орталық Азия елдерінде де сондай. Бұған Қазақстанда өткен әдеби форумдарға барғанда көзім жетті. Ол мәселе әдебиеттің маркетингтік-менеджменттік жағына байланысты. Халық ақын-жазушыларды, жаңа шыққан кітаптарды күнделікті теледидардан немесе басқа да жарнама орындарынан көре алмайды. Өйткені әдебиет кеңістігі қаланың бір бұрышындағы кітапханалармен ғана шектеліп қалған. Қарапайым оқырманның осындай түсінікте қалуына әдебиетті жасаушылар мен оны қолдаушылар, жергілікті билік органдары кінәлі деп есептеймін.
– Көркем әдебиеттің оқылуы үшін не істеу қажет?
– Біріншіден, шығармадағы оқиға желісі оқырманды жалықтырып алмауға тиіс. Екіншіден, әдебиетке жастарды алып келу керек. Жастардың әдебиетке келуін күткелі, міне, қанша уақыт өтті, ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ. Бұл өте өкінішті. Шын өнермен бетпе-бет кездескенде адамның танымы, түсінігі, ойлауы қайта туғандай өзгереді. Және жастардың көпшілігі сыни көзқараста ойлай алар болса, әлем әдебиетінде талай жаңалықтар орын алар еді.
– Оқырманды қалай жалықтырып алмауға болады?
– Қазір барша елдің сатылымында ең бірінші орынды смартфондар алып тұр. Кітап емес, ұялы телефондар. Меніңше, халыққа айфон қалай сатылса, кітаптың да жарнамасы сол деңгейде болғаны жөн. Ал кітап – оқырманының қызығушылығын арттыру үшін жазылған шығарма қызығып оқитындай көркем болсын. Әрі оған тарих пен аңыздың сюжеттері керек. Әсіресе қазіргі қоғамның түсінігіне сай заманауи тарихи аңыздар. Қысқасын айтқанда, ХХІ ғасыр кітап оқуды сәнге айналдырса деймін.
– Ал өзіңіз осы мақсатта қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?
– Өзімнің ұйымдастыруыммен жеке сайт жасадық. Онда жастарды мәдени және демалыс орындарына, мейманханаларға кітап оқуға шақырып, суретке түсіріп, оны сол сайтқа жариялаймыз. Өзгелерге қызығушылық тудыру мақсатында кейде атақты адамдарды да қатыстырып жатамыз. Бұл – жұмысымның бір қыры. Кітапты басып шығарушы баспагерлермен қоян-қолтық араласып тұрамын. Әр кітаптың ішкі-сыртқы дизайнын, пішінін заманауи талапқа сай орындауға атсалысамын.
– Авардың халық ақыны Расул Ғамзатов: «Аптасына бір өлең оқыған адам – азамат, күніне бір өлең оқыған адам – ақын», деген екен. Кітапты көп оқитын боларсыз?
– Ойлап қарасам, кітап оқымаған күнім жоқ сияқты.
– Қай жанрды қалайсыз?
– Көбіне роман оқығанды ұнатамын.
– Қазақ шығармаларынан оқығандарыңыз бар ма?
– Аударманың жоқтығынан сіздердің әдебиетпен таныс емеспін. Бірақ сіздерде өткен әдеби форумдарда қазақ авторларын неміс тіліне аудару мәселесі көтерілді. Алдағы уақытта қазақ кітаптарын қолыма алып қалуым мүмкін.
– Әлем әдебиетінен кімдерді сүйіп оқисыз?
– Орыс әдебиетінен Л.Толстойдың, Ф.Достоевскийдің, Н.Гогольдің шығармаларымен жақсы таныспын. Біздің халық классиканы оқығанды ұнатқандықтан болар, мен ғана емес, бұл жазушылардың шығармашылығынан Аустриялықтардың да хабары бар.
– Аустриялық қаламгерлер туралы не айтасыз?
– Аустриялық жазушылар жұртшылыққа кең танымал десем болады. Оларға еңбектері үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Және жас қаламгерлердің де бір шоғыры қалыптасқан. Олар өте белсенді және еңбекқор. Эльфрида Елинектің 2004 жылы Нобель сыйлығын иеленуі елімізде әдеби ахуалдың реттелуіне көп әсер етті. Сол уақыттан бері қоғамда әдебиетке деген көзқарас біршама өзгергендей.
– Қай шығарманы оқуды ұсынар едіңіз?
– Йозеф Рот, Стефан Цвейг және Харуки Муракамиді айта аламын. Әлем әдебиетінде қарап тұрсаңыз, жазушы да, шығарма да көп. Көптің ішінен қайсысын суырып аларыңды кейде білмей жатамыз. Сол үшін әр адамға оқушылық талғам керек. Кез келген кітапты ашып, оқи беруге болмайды. Оқиға желісі ерекше немесе жазылу тарихы қызықты шығармалар кездесіп жатады. Осы орайда мына бір әңгіме есіме түсіп отыр: Оскар Уальд Жорис Карл Гюисманстың «Наоборот» романын оқып болған соң, өзінің «Дориан Грей» шығармасын (роман) жазуға кіріскен екен. Міне, бұл әдебиетте авторлардың бір-біріне ықпалы күшті екенін байқатса керек.
– Әңгімеңізге рахмет!