Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мұрағаттанушы, тарихшы, драматург Амантай Сатаевтың өмір белестері мен ғылыми ізденістерін арқау еткен деректі фильмнің тұсауы кесілді. «Қазақтың тұңғыш архивариусы» деп аталған туындының авторы – Асқарбек Махмұтов. Ерен тұлғаның 90 жылдығына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің тиімділігін арттыру» бағдарламасы аясында жарық көрген таңдамалы шығармалар жинағы – ұлт руханиятына қосылған құнды мұра.
Фильмде Амантай Сатаевтың өмір жолымен қатар шығармашылықтағы табанды еңбегі баяндалады. Себебі ол – кеңестік кезеңде төл тарихымыздың құнды жауһарларын жасқанбай жинап, оны төрге сүйреген бірегей тұлға. Оның шығармалары арқылы тарихымыздағы «ақтаңдақтар» ашылып, мазмұнды мұраларымыз зерделенді. Ел тағдырына қатысты өзекті де өткір тақырыптарға барғаны үшін зиян тартқан кездері де аз болмаған.
Амантай Сатаев әр жылдары «Советтік Қарағанды», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында қызмет етті. «Қазақфильм» студиясында редактор бола жүріп, 40-тан астам деректі фильмге сценарий жазды. Мәселен, оның «Қара табан, қанды жол» атты толықметражды деректі фильмі – қазақ даласындағы репрессия мен аштық туралы жазылған алғашқы туындының бірі.
Деректі фильм мен тарихшының таңдамалы шығармалар жинағының таныстырылымына қатысқан зиялы қауым бір басына сан түрлі санаткерлік тоғысқан тағылым иесінің тағдыр жолы, ізденіс іздері туралы ой бөлісті.
«Ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты небір сирек әдеби-тарихи деректерді сұңғыла білімпаздық зерделілікпен жинастырып, жаңғыртқан, әрбір құбылыстың, оқиғаның түп-тамырына, бастау-негіздеріне үңіліп, сыр түйген Амантай Сатаев – табиғаты бөлек қайраткер. Оның шығармашылық жолы, мақсаткерлігі – ұлтын сүюдің жарқын өнегесі. Бүгінгі іс-шаралар бірегей тұлғаның есімін ұрпақ жадында жаңғыртып, зерттеулерін ғылыми айналымға шығаруға бағытталып отыр», дейді профессор Серік Негимов.
Амантай Сатаев жинаған архивтік мұраларда ұлы тұлғаларымыздың қайраткерлік жолы, ұлтымыздың қасиет-қалыбы туралы сыр шертетін маңызды мағлұматтар аз емес. Бүгінде қайраткердің қос қызы Жанар мен Сәуле Сатаевалар архив саласында еңбек етіп, әкелерінің мұрасын насихаттауға ауқымды үлес қосып жүр. Амантай Рақымжанұлы бір естелігінде: «Заман өзгереді, әлі-ақ зердесі ояу жастар келеді. Менің жазғандарымның бәрі – қазақ халқын бір сатыға көтеретін дүниелер», деп толғаныпты.
– Табандылық пен талмай іздену оны үлкен еңбектерге алып келді. Жұмыстан үйге келгесін демалуды білмейтін. Бәріміз ұйқыға кеткенде жазу үстеліне жайғасатын әкелерін таңертең сабаққа баратын балалары әлі сол орында көріп таңғалатын. Өзі ойға алған тақырыбына қатысты әлдеқандай тың дерекке қол жеткізсе, балаша қуанатын. Сарғайған парақтарға сарыла қарап, том-том кітапты тауыса оқитын. Бұл қасиет оның бойында жастайынан қалыптасса керек. 16 жасында Мәскеу Архив және тарих институтына оқуға түскенін білесіздер. Сабақтан қолы қалт еткенде Ленин атындағы кітапханаға барып, ондағы қазаққа қатысты ақпараттар мен деректердің бәрін қағазға түсіріп алатын көрінеді. «Мәскеуге барғанда бірауыз орысша білмейтінмін, араға алты ай салып орыстарды да басып оздым», деп күлетін. Мәскеулік профессор оның ізденімпаздығына таңғалып: «Сатаев, сен орыс әдебиетінен емтихан тапсырмасаң да болады. Зачет», дейтін көрінеді. Аттила, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Нияз батыр, Абай, Тәттімбет, Төле би, Шоқан, Мұстафа, Әміре, Мағжан сынды тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу мақалалар жазды, әдеби шығармаларына да олардың бірсыпырасын арқау етті. 1966 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне академик Әлкей Марғұланға арнап «Көне мазарлардың сыры қандай?» деген тақырыппен ашықхат жазды. Әлекең көп ұзатпай тарих тереңіне үңілген інісіне жауап жолдады. Мұның бәрі жеке бастың мәселесі емес, ұлт тарихын түгендеуге қосылған ұшан-теңіз еңбек еді, – деп еске алды Амантай Сатаевтың жары Гүлжан Сатаева.
«Тұран» университетінің профессоры Сәуле Тастүлекова «Қазақтың тұңғыш архивариусы» деректі фильмі кейіпкердің тарихи бейнесін, кісілік келбетін аша білген туынды деп бағалады. Ғалым идея авторларына алғыс білдіре отырып, аталған туындыны республикалық телеарналардан көрсету қажет деген ұсынысын жеткізді.
АЛМАТЫ