• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Ауыл 30 Қаңтар, 2024

Әлеуетті арттыратын бағдарлама

180 рет
көрсетілді

Ауыл тұрғындары бүгінде тұрмыс-тіршілікке қажеттіні іздеп алысқа бармайтын болған. Наубайхана, ет-сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорындар әр ауылда дерлік бар. Қысқасы, дастарқанға қояр дәм-тұз өз бау-бақшасы мен қора-жайынан немесе ауылдасынан табылады, артылғанын қалаларға апарып саудалайтындар да аз емес. Құрылысқа қажетті материалдарды шығарушылар да баршылық. Ауылдағылар мұндай мүмкіндікті «Ауыл аманаты» бағдарламасымен байланыстырады.

Мемлекет басшысының елі­мізде халықтың табысын арттыру жөнінде берген тапсырмасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы өңірде нәтижелі жүзеге асырылып келеді. «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», деді Президент «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жолдауында. Осы орайда өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен Түркістан облысында 19,8 млрд теңгеге 3 200-ден ас­там жоба қаржыландырылғанын айта кетелік. Жоба аясында 16 аудан­да 64 ауылдық округ таңдап алынып, жаңадан 75 кооператив құрылды. Нәтижесінде, 3 413 жаңа жұмыс орны ашылды. Елі­мізде ауыл шаруашылығы жал­пы өнімінің 14%-ы облысқа тиесілі. Облыстың аграрлық секторында 92,3 мың агроқұрылым жұмыс істейді және өңірдің мил­лионға жуық тұрғынының эко­номикалық әлеуеті ауыл ша­руа­шылығымен тікелей байланысты. Бағдарламаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды коо­пе­ративтер негізінде дамы­ту­ға ба­сымдық берілуде. Қар­жы­лан­ды­рылған жобалар ішін­де, 967,6 млн теңге 40 ауыл шаруа­шы­лы­ғы кооперативін тех­ни­­ка­лық жабдықтауға бағыт­тал­ған. Сө­зіміздің басында айтып өткені­міз­дей, ауылдарда бағ­дар­лама аясында ашылған шағын кә­сіп­орындар немесе қолға алынған іс көп.

Мысалы, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылының тұрғыны Жайсанкүл Буйрашева «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млн теңге несиеге нан пісіруге қажетті құрылғыларды сатып алған. Пештің бірнеше түрін пайдаланып, өнім көлемін арттырған.  Кондитерлік нан өнімдерін шығаруды отбасылық кәсіпке айналдырған. Өзінен бөлек келіні мен күйеуі көмектеседі. Қазіргі таңда күніне 100-120 нан пісіреді. Болашақта қаладағы барлық дүкенді қамтуды жоспарлап отыр. Ал Қарнақ ауылындағы «Тәжитдин ата» АӨК бройлер етін өндіреді. Жобаның құны 71,6 млн теңге болса, «Ауыл аманаты» бойын­ша оған 27,6 млн теңге бөлінген. Өндірістік кооператив жыл сайын 50 тонна құс етін шығара отырып, ауданы 15 сотықтан аспайтын жерді үнемді пайдаланудың үлгісі болып отыр. «Тәжитдин атада» өнім өндіру және сату тізбегі құрылған, ал құс етінің килоcы 1 500 теңгеден көтерме бағамен сатылады. Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында орналасқан «Иқан Агро 2» АШӨК-і сүт өңдеумен айналысады. Жобаның құны – 400 млн теңге, «Ауыл аманаты» аясында қаржыландырылған несие қаражатының көлемі 27,8 млн теңге. Күніне 6 тонна, жылына 2 мың тонна өнім шығаратын коо­перативте 20 жергілікті тұрғын жұмыс істейді.  Ауылдан кәсіп ашып, табыс тауып отырғандар Отырар ауданында да көп. Мысалы, Талапты елді мекеніндегі «Ran» ЖК балық өсірумен айналысады. Жоба құны – 12 млн теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7 млн теңге берілген. Жеке кәсіпкер өз бақшасында төрт бассейн салып, оған сазан шабақтарын жіберген. «Әр қайсысында 3,5-4 мыңдай шабақ бар, 70-100 грамм аралығында. Биыл жазға қарай тауарлы балық болады. Бола­шақ­та осы қазандықтардың санын 20-ға жеткізу көзделіп отыр. Одан кейін әрі қарай көлге ауысамыз. Қызығып жатқандар өте көп», дейді Н.Махамбетов. Ал Балтакөл ауылындағы наубайхана иесі Біржан Жүнісовтің айтуынша, күніне 300-350 дана нан сатылады екен. Жұмыссыз жүрген Б.Жүнісов «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, жергілікті әкімдікке жүгінген. Жергілікті атқарушы орган өкіл­дері құжаттарды рәсімдеп қана қоймай, бизнес-жоспар жасауға да көмектескен. Нәтижесінде, ауыл тұрғыны өзінің шағын ісін ұйымдастыру үшін 8 млн теңге несие алған. «Әзірге ауылдағы, көрші ауылдағы дүкендерге өткізіп жатырмыз. Сосын ауылдағы ас-жиындар болса, солар жеке тапсырыс береді. Дүкендерге 100 теңгеден, үйден алушыларға 110 теңгеден сатып жатырмын», дейді Б.Жүнісов. Наубайхана ашып, тұрмысы жақсара бастаған жеке кәсіпкер несиені мерзімінен бұрын жабуды және тағы одан да ірі соманы алуды жоспарлап отыр. Наубайхана Балтакөлдегі «Ауыл аманатының» жалғыз жобасы емес, алақандай ауылда «Алға-БАМ» тары өңдейтін зауыты да бар. Өйткені ауыл тары өсірумен танымал болғанымен, оны өңдеу үлкен жобаны қажет ететін. Қазір зауыт тәулігіне 5 500 келіге жуық тары өңдейді. Зауытта сусымалы өнімдерді құюға және буып-түюге арналған станок, өндірістік желі, диірмен секілді барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Отырар елді мекенінің тұрғыны Ғабит Ермекұлы 7,5 млн теңге несиеге «ангус» тұқымды 15 бас ірі қара сатып алған. «Жергілікті малдарға қарағанда шөпті талғамайды. Ауа райына да бейім. Осы малдың басын көбейтіп, кәсіпті әрі қарай жалғастырып, дамытсам деген ниетім бар. Бағдарлама халыққа өте ыңғайлы жасалған. Ауылдың әл-ауқатын көтеру, кәсіппен айналыссын деген мақсатпен беріліп отырған жеңіл несие», дейді жеке кәсіпкер. Ал Төлеби ауданында бағдарлама аясында межеленген 1 млрд 124 млн теңгеге 193 жоба ма­­құлданды. Бір ғана мысал, Бі­рін­­ші мамыр елді мекенінің тұр­ғы­ны Тимур Жақыпов пластик есік-терезелер дайындау ісін қолға ал­ғ­ан.  Жеңілдетілген 2,5 пайыздық не­сие арқылы 8 млн теңге алған жеке кә­сіпкер қазіргі таңда айына 200 шаршы метр есік-терезе дайындайды. Мұнда 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдеріне облыс және Шымкент қаласы тұрғындары арнайы тапсырыс береді.

Сондай-ақ  күні кеше Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінде сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде жұмысын бастаған цех тәулігіне 2,5 тоннаға дейін сүт өндей алады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқан кәсіпкер Бақытжан Оспановтың айтуынша, бүгінде ғимаратты толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн 250 мың теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн теңгесі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылған. Бұл жерде май, қою сүт, құрт, сүзбе, айран және қаймақ өңделіп, «Майтөбе сүт» деген брендпен саудаға шығарылады. Алдағы уақытта нысанда 2 ауысыммен 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 242 өтінім мақұлданып, 1 млрд 411 млн 502 мың теңгені құрайтын 220 жоба қаржыландырылды.

Айта кетелік, Ауыл шаруашы­лығы министрлігі 2024 жылы да «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

 

Түркістан облысы