Бүгін Astana Hub корпоративтік қоры ai.astanahub.com цифрлық платформасын іске қосты. Жаңа платформа инновациялар мен әртүрлі салаларда жасанды зиятты қолдануға ықпал ететін бірыңғай кеңістікті қалыптастыру үшін үкіметтің, бизнес пен білім беру саласының күш-жігерін жұмылдырады, деп хабарлайды Egemen.kz қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ai.astanahub.com цифрлық платформасының қызметі халықты жасанды интеллект саласындағы Қазақстанның қызметі туралы ақпараттандыруға, ресурстар мен дерекқорларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар өз жобаларында жасанды зиятты қолданғысы келетін жасампаздар платформа арқылы білімдерін жетілдіре алады.
Сарапшылар қазіргі әлемде AI ең маңызды технологиялық тренд екенін растап отыр. Crunchbase зерттеуіне сәйкес, AI стартаптарына салынған инвестиция 2023 жылы 50 миллиард долларға жуықтады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9% жоғары.
«Бүгін біз технология мен жасанды интеллект біздің өмірімізде шешуші рөл атқаратын жаңа дәуірге қадам бастық. Біз қазірдің өзінде қызметтерді 100% цифрландырудың алдында тұрмыз. Қазақстанның жаһандық мақсаты – аймақтағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.