Шығармашылық әлемі халық өмірінің айнасына айналған қаһарман сюжеттерден бастау алатын Рақымжан Садығұлов, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар шебер суретші. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде суретшінің «Бұл – менің әлемім» атты жеке көрмесі ашылды. Ондағы кескіндеме, графика және гобеленнен құралған 70-ке жуық туындының әрбірі шығармашылық иесінің бай танымынан хабар береді.
Айтулы шебер шығармашылық өмірінде 150-ге жуық туындыны жарыққа шығарды. Сәндік-қолданбалы өнерінің шебері, мазмұны терең, композициялық құрылымы кең «Жаңа қала», «Менің бағым», «Томирис», «Шамандар», «Мәңгілік», «Аңырақай шайқасы» сынды ірі гобелендердің авторы. Көрмеде өнер иесінің «Ғасырлар жаңғырығы» (1995), «Домбыра» (1985), «Күз» (1985) атты гобелендері айрықша көзге түседі. Көрменің негізгі бөлігінен суретшінің кескіндемелік туындылары орын алған.
Автор өз шығармашылығында халықтың дәстүрлі тұрмысы мен көне дала өркениетінің мифологиясына, тарихы мен мәдениетіне басты назар аударады. Әсіресе «Ғасырлар тоғысында», «Абылайхан шайқас алдында» (1998), «Томирис» (2011), «Ұлы дала жәдігері» (2014), «Айшабибі» (2015), «Ару сезімі» (2016), «Түрік қағанаты» (2019), «Ұмай – ана» (2019) секілді кең тынысты шығармалары өнер кеңістігінде мойындалған іргелі ізденістер.
«Рақымжан Садығұлов – бейнелеу өнерінің бірнеше жанрын шебер меңгерген, әртүрлі техникада еркін жұмыс істей алатын талант иесі. Суретші шығармашылығын шабыттандыратын бастаулар қазақтың халық өнері мен тарихи тұлғалары. Автордың шығармашылығына тән ерекшеліктер – қанық колорит, түстік қатардың батыл контрасты. Оның кескіндемесі түстік жарықпен нұрланған стилистикасы сәнділікке жақын. Автордың ой-санасы мен рухын ғасырлық мәдени құндылықтармен сусындатқан дәстүрлі қазақ әлемінің бейнелері рухтандырады», дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Лаура Әбілдаева.
Өнертанушы атап өткендей, Р.Садығұлов теория мен тәжірибені, арнайы пәндерді оқыту әдістемесін жетік меңгерген кәсіби деңгейі жоғары маман. Ол «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандығы бойынша бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми мақалалардың және бейнелеу өнері мамандандырылған терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша түсіндірме сөздігінің, О.Таңсықбаев шығармашылығына арналған кітаптың авторы.
Суретші 30 жылдан бері өз шығармашылығымен бірге ұстаздық қызметті де қатар алып жүр. Оның жан дүниесі, кәсібі, өмір тынысы өнерден өріс тапқан. Мазмұнды іс-шараның ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым Садығұлов қолтаңбасы хақында пайымды пікір айтты.Алматылықтар мен қала қонақтары экспозицияны 16 ақпанға дейін тамашалай алады.
АЛМАТЫ