• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 31 Қаңтар, 2024

Қысқы ойынның қарқыны

112 рет
көрсетілді

Қазақ спорты жылдан-жылға дамып келе жатыр. Әйтсе де күрмеуі шешілмеген мәселелер әлі де көп. Жазғы Олимпия ойындарында жақсы нәтиже көрсетсек те, қысқы спорт додаларында қынжылып қалатынымыз рас. Қаржыны бөлгенмен, қоржыны толмай қайтатын спортшыларымыз үмітті неліктен ақтай алмай жатыр? Мемлекеттің ең бағалы капиталы дені сау ұрпақ болса, кәсіби спортпен шұғылдану үшін балаларға барлық жағдай жасалған ба?

2022 жылы Бейжің қаласында өткен қысқы Олимпиада ел жадында алғаш рет табиғи қарсыз өткен дода ретінде сақталды. Бір­неше аптадан бері шаһарға қардың түспеуі спорт жан­күйерлерін алаң­датып қойғаны рас. Алайда қы­тай елінің аста­насы амалын тапты. Арнайы құ­рылғылар арқылы ойын өтетін барлық нысан алаңдарын жасанды қарға толтырды. Сөйте тұрып қытайлар норвег пен немістен кейінгі орынға табан тіреп, байрақты бәсекені абыроймен қорытындылады. Хош, айтпағымыз бұл емес. Қалауын тауып, қолдан қар жасаған көр­шілерімізге қарағанда, біздің та­биғат қысқы спортқа өте қо­лайлы. Тек инфрақұрылым мәселесін тездетіп шешкеніміз жөн.

1998 жылы Нагано қала­сын­да өткен қысқы Олимпиада ойын­дарының қола жүлде­гері, жер­лесіміз Людмила Про­кашеваның айтуынша, медаль алу үшін мық­ты спорт базалары мен жабық мұз айдындары болуы керек.

«Қазір коньки спортымен айналысуға ыңғайлы екі жа­бық стадион бар. Бірі Астана қа­ла­сындағы «Алау» мұзайдыны болса, бірі – Алматыдағы «Медеу» спорт комплексі. Соның салдарынан басқа өңірдегі спортшылар Астана қаласына келіп жаттығуға мәжбүр. Сондықтан спорттық ин­фрақұрылым мәселесін толық шешпей, чемпиондарымыз кө­беймейді», дейді ол.

Онысы шындық. Қашпаған қашардың уызынан дәметкендей, жаттығатын орны жоқ спорт­шылардан жеңіс дәмету – әурешілік. Бұл туралы Астана қа­ласының Дене­шынықтыру және спорт басқар­масының бұқаралық спорт бөлі­мінің басшысы Азамат Ағ­­за­мов­пен сөйлестік. Оның айтуын­ша, елорда тұрғындары мен спорт­шы­ларының жағдайы айтар­лық­тай жаман емес.

«Қазір халықтың саламатты өмір салтына ден қойып жатқаны жасырын емес. Сол себепті денешынықтырумен тұрақты шұ­ғылданушылар саны көбейіп ке­леді. Нақты Астана қаласы бойынша мәлімет берейік. Қазір спорттық инфрақұрылымдар жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қазір бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаламыздың 4 ауданында денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құ­рылысы жоспарда тұр. Жыл соңына дейін «Теміржол» мас­сивінде де жаңа комплекс іске қо­сылмақшы. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана», дейді А.Ағзамов.

Дұрыс, ауызды құр шөп­пен сүртуге болмайды. Жерлес­те­ріміз намысқа тырысып ба­ғады. Жақында Оңтүстік Корея­ның Канвон қаласындағы жас­өс­пірімдердің IV қысқы Олим­пиада ойындарында Полина Омельчук шорт-тректен қола жүл­дегер, ал шаңғымен тұғырдан секіру сайы­сында 38 қарсыласпен сынға түскен Илья Мизерных чемпио­н атанғаны туралы ақжолтай жа­ңалық бәрімізді ерекше қуант­ты. Бұл қарқынмен қысқы спорт­тың отанына айналған Нор­вегия, Нидерланд спортшыларымен де иық тіресетін күн алыс емес деп сенеміз.

Норвегия демекші, бұл мемлекетте спорттың дамуына ерекше әсер ететін мына бір тәжірибе бар. Балалар арасындағы жарыста ешқашан алтын, күміс, қола деген секілді медаль берілмейді. Додаға түскен спортшылардың бәрі бір­дей марапатталады. Мұның себе­бін спорт тізгінін ұстағандар бы­лай түсіндіреді. Егер бала жас кезінде тауы шағылса, келе­шек­те сол спортты тастап кету ықтималдығы көбейеді Ал же­ңілсе де, құрдасымен бірдей медаль алған өреннің спортқа деген ынтасы ашылады. Сонымен қатар Норвегияда бұқаралық спорт та жолға қойылған. Енді мына дерекке назар аударайық. Нор­вегияның 30–40 мыңдық қала­шықтарының басым бөлігінде кем дегенде 200 шақырымдық велосипед жолы, 3 шаңғы жолы, халықаралық талаптарға сай стадион және өзге де спорт нысандары болады. Шаңғы жолдарының барлығы жарықпен қамтамасыз етілген. Яғни тәуліктің кез кел­ген уақытында жаттығуға мүм­кіндік бар. Ал спорт залы мен мұ­зайдыны кез келген елді мекенде бар. Халық бос уақытында шаң­ғы теуіп, конькимен жарысқа түседі. Сол арқылы ішкі мәдениеті қалыптасқан. Төртжылдықтың бас­ты бәсекесі – Олимпия ойындарында да скандинав спортшылары бәйгенің алдын бермей келе жатқаны содан деп топшылаймыз.

Балаларды спортқа тартудың тағы бір жолы – феномен культі. Айталық, бір ғана Денис Теннің Димаш Құдайбергенмен жасаған коллаборациясы қаншама жас баланың мәнерлеп сырғанауға ынтасын оятты. Бала қандай да бір өнердің, яки спорттың ма­ңызынан бұрын, оны насихаттап отырған тұлғаға тәнті бо­лады. Сол арқылы еліктеген адам­ға ере жүріп, өз даңғыл жо­лын қалыптастырады. Бұл үде­ріске Үкіметтен бастап, мем­ле­кетіміздің әрбір азаматы атсалысуы керек.