• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Несие 02 Ақпан, 2024

Агробанк: Шаруаларға септігі тисе игі

272 рет
көрсетілді

Бұл мәселе көтерілгелі көп жыл өтті. Әдепкіде шаруа күйттеген елдегі ағайынның осындай ішкі тілегі болған. Кейінгі он жылдықта барлық өңірде ашық айтылып, ел аралаған депутаттар алдында да жиі-жиі көтеріле бастады. Қуаныштысы, ауылдағы ағайын айтқан талап-тілек Астанаға да жеткен.

Қолдау жоқ емес

Былтыр желтоқсан айының басында Парламенттің қос па­латасындағы депутаттардың басым бөлігі Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ал­дына мәселені төтесінен қой­ды. Мұнда респуб­лика бо­йын­ша агро саладағы көп мәселені шешудің негізгі жол­дарының бірі – мемлекеттік аграрлық банк құру туралы фермерлер мен шаруашылық жетекшілерінің өтініші тағы да қаралды.

Сонымен, сең қайта жүр­ген­дей. Пар­ламент депу­тат­тарының, әсіресе «Ауыл» пар­тиясы парламенттік фрак­ция­с­ының табандылығымен мәсе­ле оң бағытқа ауысқандай. Бір жақ­­сысы, банкке қатысты ұсы­ныл­­ған заң жобасын қараған мем­лекет­тік органдар мәселенің оң шешім табуына қарсы емес. Енді депутаттар жолдаған сауалға берілген жауаптың нағыз сүбелі­сін сөзбе-сөз келтірсек.

Ауыл шаруашылығы министрі Ай­дарбек Сапаров «...Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін банк­тік кредит беру бөлігінде ауыл шаруа­шылығын қаржыландыруды кеңейтудің маңыздылығын назарға ала отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен Агробанк құру мәселесін пысықтауда, оның пысықтау нәтижелері бойынша қосымша хабарланатын болады» десе, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин «Ұлттық банк ұлттық даму институты ретінде Агробанк құруға қарсы емес» деп жауап берген. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов «..Агенттік депутаттар бастамасына қарсы емес және ауыл шаруашылығы саласын дамыту институты ретінде мемлекеттік Агробанк құру мүмкін деп санайды» деген еді.

Айта кетейік, бізде енді қолға алын­ған Агробанк жан-жақтағы көршілерде әлдеқашан пайда болған. Өзбектерден бөлек, Ресей, Беларусь, Қытай мемле­кеттерінде ашылған. Мұндай банк Еуропа елдерінде де азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жолында табысты жұ­мыс істеуде. Нәтижесінде, біздің дүкен­дер сөресінде өзіміздің отандық өнім­ді ығыстырған осы мемлекеттердің ауыл шаруашылығы тауарларын жиі бай­қайтынымыз жасырын емес. Өкініштісі де осы.

 

Банк басымдығы неде?

«Ауыл» ХДПП төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевпен тілдескенімізде құрылуға тиіс Агробанк бірнеше мақсат­та жұмыс жүргізуі керек. Соның ішінде негізгісі – ауыл шаруашылығы саласына беріліп жатқан қаражаттың бірнеше түрін оңтайландыру және бір көзден беру, сол арқылы қаржыны дұрыс бас­қа­ру, басқара отырып, әрі кеткенде екі не­месе үш пайызбен шаруаларды несие­лендіру.

– Екіншіден, банктің филиалдық желісін дамыту арқылы халықтың, ауыл­да­ғы кәсіпкерлер мен фермерлердің қо­лында жатқан бос ақшаны депозит, тағы да басқа бағдарламалар арқы­лы айналымға енгізу керек. Сол арқы­лы ауыл шаруашылығы саласына бөлі­не­тін қаржы көлемін ұлғайтуға бола­ды. Сондай-ақ аграрлық банкті бізде­гі екінші деңгейлі банктер сияқты ком­мер­циялық мақсатта емес, ең алдымен, ша­руалар мүддесіне жұмыс істету қажет. Ол үшін мемлекеттің 100 пайыз акционер болмағаны дұрыс. Оның бір бөлігін акционер ретінде шаруалардың өздері ие бола алады. Тағы бір дүние, кепілдік саясатын жеңілдету және кепілсіз несие беру. Қаржы институты банк ретінде жұмыс істегеннен кейін әр несие алушының өз есепшоты болады. Ол есепшотты, келген-кеткен қар­жыны, оның мақсатты-мақсатсыз бағы­тын банктың өзі қадағалайды. Сол арқылы банктің шот иесіне деген көз­қарасы қалыптасады. Жаңа банк ауыл шаруашылығымен айналыса­тын жас кәсіпкерлерге белгілі бір мөлшерде кепілсіз несие алуға мүмкіндік беріп және үлкен несиелер бойынша кепілдікті жеңілдеткені дұрыс. Қосымша жинақтау жүйесін енгізіп, ауыл жастары осы арқылы өз шоттарын ашса, сонда қаржысын жинақтап, белгілі бір мөлшерге жеткізген уақытта оларды қаражатпен қамтамасыз етіп, несиелендірсе, ұтарымыз көп, – дейді депутат.

Оның айтуынша, аграрлық банк бұрын болмаған жаңа бағдарламаны іске қосып, бизнеске арналған нысандарды, құрал-жабдықтарды оңтайлы шарттармен лизингке берумен айналысса, тіптен жақсы.

 

Жоба өз-өзін ақтай ма?

Агробанк бойынша арнайы заң қа­былданатын болса, алдын ала қар­жы­лық моделі жасалды ма? Жоба өзін өзі ақтай ма? Осындай сұрақтар туатыны заңдылық.

Расымен, бұл бір күнде туа салған жалаң идея емес. Сала мамандары арқы­л­ы бірнеше жыл бойы зерттелгені анық. Шет мемлекеттердің бұл бағыттағы тәжірибелері де сарапталған.

– Қаржылық модель бойынша қыс­қа­ша айтар болсақ, мұнда банк клиенттеріне несие беруді қаржылан­дыру көздеріндегі негізгі үлесі (49-83%)  мемлекетке тиесілі болады. Әуелі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаражатты пайдалану көзделген. Мысалы, алғашқы жыл­дары клиенттерге несие беру мемлекет­тік ресурстар есебінен жүзеге асса, кейін­нен мемлекеттің қатысу үлесі біртін­деп төмендейтін болады. Барлық аралық­тағы пайыздық кірістердің орташа жылдық өсу қарқыны жылына 24,1 пайыз деп болжануда. Клиенттерді несиелендіруге нарықта ұсынылатын депозиттер арқылы қаражат тарту, борыштық бағалы қағаздар шығару сынды ресурстар – барлық ресурс көлемінің 5-15 пайыз және ресурстарды несиелендіруге жіберілетін жеке қаражат (уақытша бос ақша) барлық ресурстар көлемінің 5-35 пайыз көлемінде бағытталады. Агроөнеркәсіптік кешен шығындарының бір бөлігі нарықтық пайыздық мөлшерлемелер мен мемлекет­тік бағдарламалар шеңберінде қаражат берілетін мөлшерлемелер арасындағы айырма ретінде мемлекеттік субсидиялар түрінде өтеуді де көздеп отыр. Бұл жерде пайыздық мөлшерлеме 1,5-2,5 пайызға дейін субсидияланады. Ал қазір жыл сайынғы субсидиялау көлемі 56 млрд теңгеге тең, – дейді Серік Егізбаев.

Айта кету керек, аграрлық банкте мекеме несие портфелінің үлкен үлесін бағдарламалар шеңберінде нарықтық мөлшерлемелерден едәуір төмен пайызбен алатын болғандықтан, орта есеппен нарықтық деңгейден төмен болады. Бір сөзбен айтқанда, банк өзін өзі әр түрлі сценарий бойынша 7-11 жыл ішінде ақтайды.

 

Айналымға ақша қайдан алынады?

Бүгінде елдегі агроөнеркәсіптік кешендерді «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымдары «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» қаржыландырады. 2022 жылы қаржы­лан­дыруға бағытталған 768,3 млрд теңгедегі «Бәйтеректің» еншілес ұйым­дарының үлесі 522,3 млрд, ал екін­ші деңгейдегі банктердің үлесі 246 млрд теңге бол­ған. 2014 жылы қаржы­ландыруға бағыт­талған 612 млрд тең­генің 451 млрд теңге­сі екінші деңгей­лі банктерге, ал 161 млрд теңгесі «ҚазАгро» құрылымдарына тиесілі болыпты. Салыстырып қарасақ, секторды қаржыландырудағы банктер үлесі 8 жыл ішінде екі есеге қысқарып, холдингтікі үш есеге ұлғайған. Бұл жерде екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына қатысты жобаларға несие беруді аса құптамайтыны көзге көрініп-ақ тұр. Мысалы, былтыр осы банктер 28 трлн несие берсе, оның ішін­де ауыл шаруашылығына қатысты кре­диттердің үлесі – 3,5 пайыз-ақ. Ал тұ­­тынушылық кредиттер үлесі 54 пайыз­ға жеткен. Бұл – фермерлер айналым қаражатын толықтыру үшін көбіне тұ­т­ынушылық несие алуға немесе пайыз­дық мөлшерлемесі 56 пайызға дейін жететін микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр деген сөз.

Мамандар пікірінше, «Бәйтерек» холдингіне қарағанда Агробанк бұл мәселелерді банкаралық несиелер, жеке және заңды тұлғалардың депозиттері, клиенттердің шоттарындағы қалдықтар, екінші деңгейлі банктерде уақытша орналастырылатын мемлекеттік бағдарла­малар қаражаты мен олар бойынша алы­на­тын, жыл сайын жүздеген миллиард теңге болатын пайыздық кірістер сияқты банктік төлем көздері арқылы шеше алады. Банктің жарғылық капиталын то­лықтырудың тағы бір көзі – банк акцияларын баға ұсыныстарын алғаннан кейін биржаға шығару. Осылар­ды ескерсек, жаңа банктің бірнеше қар­жыландыру кө­зі болады деп айтуға толық негіз бар.  

              

Пікірлер тоғысы

Сарапшылардың сөзінше, жоғарыда айтқандай, жаңа салалық банк құру үшін өзге елдердің тәжірибесін бір зерделеп алу керек. Мырзахмет Өксікбаевтың пікірінше, Агробанктің құрылуы ша­руа­­лардың жұмысын айтарлықтай жеңіл­детеді.

– Қазір халықтың 46 пайызы ауыл­да тұратынын, мал мен егін шаруа­шы­­лығымен айналысатын негізгі құрылым­дар сонда екенін ескерсек, Агробанк құ­ры­луға тиіс. Ал банк құрылса, ондағы кә­сіп­керлердің бәрі сол жерде есепшот аша­ры анық. Ондағы ақша айналымын көріп отырған банк те сенім білдіріп, кепілсіз не кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие беретіні белгілі. Сондай-ақ ауылдағы зейнеткерлер мен бюджеттік мекемелерден жалақы алатын азаматтардың тапқан табысы осы банк арқылы берілсе, ондағы қаржы айналымы да белгілі бір пайызға артатыны сөзсіз. Ең негізгісі, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» және басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттен жыл сайын бөлініп жатқан ақшаны топтастырып, мемлекеттің қатысуымен Агробанк ашу өте тиімді. Тағы бір айтатын нәр­се, қа­зір несие беретін ұйым көп. Бірақ олар ша­руа мүддесін ойламайды. Кері­сінше, солардың есебінен табыс табуды көздейді. Құжат рәсімдеуге де уақыт көп кетеді. Өзіңіз білесіз, ауылдағы шаруалар мұны дайын­дауда сүрініп жатады. Оның үстіне несие беретін ұйымдар 25-30 құжаттың тізбегін беріп, әуреге салып жатады. Меніңше, қазіргі цифрландыру заманында жаңашылдыққа, озық тә­жі­­рибеге негізделген салалық банк құ­рыл­­са, халыққа сол ұнамды болады. Мы­са­лы, қазір Каспий банктің цифрлық қыз­­меті елімізде жақсы дамыған емес пе? – дейді ауыл шаруашылығы сарапшысы.

Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Ават ауылында тұратын Арми­дин Таиров 1995 жылдан бері өз шаруа қожалығын жүргізіп келеді. «Ильтиз» атты қожалықтың басты кәсібі – бақ өсіру. 2000 жылдан бері қарай 10 гектар жерге өрік және түрлі сұрыптағы алма кө­шеттерін отырғызыпты. Алғашқы жыл­дары қаржыдан қиналған ол «елде тек ауыл шаруашылығына қолдау білді­ретін банк болса», деп армандағанын жасырмады.

– Агробанк мәселесіне келсек, мұны мен ғана емес, елдің әр түпкіріндегі ша­руа­шылық иелері қос қолын көте­ріп қолдайды. Кезінде біз көшет алуға ақша таппай, қарыз іздеп сенделген уа­қытымыз болды. Қазір де оңай емес. Мысалы, «Аграрлық несие корпора­циясы» АҚ арқылы несиеге ұмтылғаныңмен олардың көп құжат талап етуі, шаруалардың әрі-бері шапқылап, бірнеше мәрте іс-қағаздарды толықтырып жүріп, қаржыға әзер қол жеткізетінің өтірік емес. Осының арасында 4-5 ай, тіпті жарты жылға дейін уақыт кетеді. Екінші деңгейлі банк­тер шаруашылықтарға несие беруге, тіпті құштар емес. Олар біздің саладағы құрғақшылық, мал аурулары, сондай-ақ қыстағы аяздан жеміс бақтарының үсуі сияқты мың сан мәселеден қорқады, яғни берілген несие өтелмейді деп ойлайды. Ал Агробанк құрылып, барлық аудан орталықтарында бөлімшелері ашылса және құжаттарды жинақтауда белгілі бір жүйеге келсе, несие алу шарттары жеңілдеп, қаржы қаралу уақыты тым қысқа болса, онда сөз жоқ, мал мен егін өсіріп, одан өнім алып отырған шаруашылықтар жұмысы жанданатыны сөзсіз, – дейді төраға.

А.Таировтың айтуынша, бұл мүмкін­дік сырттан келетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне де үлкен тежеу. Сондай-ақ бар­лық шаруашылық жүргізіп отырған азаматтар жаңа заманауи технологиямен жұмыс істегісі келеді. Ал бұған қаржы қол­байлау. Салаға қатысты жеке банк құ­рылса, күрмеулі мәселе шешімін табары анық. Қызылорда облысындағы «Агро Өркен» ЖШС директоры Медеу Ес­қо­жаев та жаңа банк құрылса, ауыл шаруа­шылығына тың серпін беретінін айтты.

– Ауыл – қаланың асыраушысы десек, мұндайда елді мекендердегі мал мен егін шаруашылығында жүрген шағын қожалықтарға баса назар аударған жөн. Салаға бағытталған жеке қаржы ұйымы пайда болса, оны дамытып жүрген азаматтар арзан пайызбен несие рәсімдеп, шаруашылығын алға сүйрейді. Техника паркін жаңартып, асыл тұқымды мал өсіру, астықтың жаңа сұрыптарына қол жеткізу, т.б. мүмкіндіктерге жол ашылады. Әсіресе су тапшылығын жиі көретін оңтүстік аймақтарда тамшылатып не жаңбырлатып суаруға қажетті жабдықтарды алуға қаржы жетіспейтіні жасырын емес, – дейді ол.

Біздегі барлық агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің 70 пайызы – шағын және орта деңгейдегі шаруа қожалық­тары. Көбіне қаржыландырусыз және қолдаусыз қалатын да – дәл осы контингент. Агробанк жұмыс істеген кезде бұл мәселелердің барлығы ескерілуге тиіс.

Агробанк қаржы нарығы­ның заманауи жетістіктерін ескере оты­рып, фермерлер үшін белгілі бір пор­тал және қызметтердің барлық түрі – кредиттер, консультациялар, банкинг, қаржылық инвестициялар, нарықтық шолу мен зерттеу нәтижелерін, мониторинг және т.б. қажеттіні ала алатын банк болуға тиіс. Жаңа банктің тағы бір мақсаты – шаруаға несие беру ғана емес, қаржылық сауатты фермер, табысты және өзіне сенімді кәсіпкер тәрбиелеу. Сонымен, сең қозғалды, сен де қозғал, қазақ шаруасы!