Іргетасы сонау 1968 жылы қаланған ауыл мектебінде цирк студиясы жұмыс істейді. Ақмола облысына қарасты Макинка аулындағы жалпы орта білім беретін мектеп жанынан ашылған студияда 20 оқушы шеберлігін шыңдап жүр. Цирк өнерпаздары қазірдің өзінде республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып үлгерген екен.
«Жұлдызды жаңбыр» деп аталатын цирк студиясы жоғарыда аталған мектеп директоры Толыбай Рахимжановтың бастамасымен 2019 жылы ұйымдастырылды. Алена Литовченко өзі жетекшілік ететін студияда жас ерекшелігі жағынан әртүрлі оқушылар шығармашылығын дамытып жүргенін жеткізді.
«Студияда 7 жастан 16 жасқа дейінгі 20 қыз өнерін шыңдап келеді. Мектеп гимнастары осы күнге дейін цирк студиясында жинаған тәжірибесі мен үйренген шығармашылық дағдысын қойылымдар қоюда көрсете біліп, көрермендерін қуантып жүр. Қазір алдағы жазда өтетін Халықаралық фестивальға дайындық жүріп жатыр және «Халық ұжымы» атағын қорғау шартымен 8 нөмір, соның ішінде жеке нөмірлер де дайындап жатырмыз», деді ұжым басшысы А.Литовченко.
Шығармашылықтың шыңына шығуды қалайтын ұжымның аз уақыттағы жетістігі де жаман емес екен. Осы оқу ошағының басшысы Т.Рахимжанов өнерлі оқушыларының жетістіктері жөнінде: «Біздің оқушылар түрлі байқаудың жүлдесін иеленді. Айталық, «Vivat Astana-2021» республикалық балалар және жастар шығармашылығы конкурсының 1-орны мен Гран-при жүлдесін олжалады. Цирк студиясының тағы бір жетістігі, Астана қаласындағы Халықаралық XX International EUROPEAN CONTEST-FESTIVAL «GERMANY–KAZAKHSTAN» фестиваліне қатысып, Гран-при жеңіп алды», деді.
Студияда шеберлігін шыңдап жүрген 10-сынып оқушысы Алина Езова: «Цирк студиясына 2021 жылы келдім, осы бағыт мені қатты қызықтырады, бұл – менің қазіргі хоббиім. Біз күн сайын жаңа нәрсе үйренеміз. Жаттығулар өте қызықты өтеді», десе, Алинаның сөзін қостаған 10-сынып оқушысы Анна Скорнякова цирк студиясына қатысқанына бір жылдан асқанын, қызығып келетінін, болашақта да сол бағытты таңдайтынына сенімді екенін айтты.