Қостанайда көпшіліктің көркем әдебиет оқуға деген ынтасын, кітапқа құштарлығын арттыратын онлайн байқау басталмақ. Облыс әкімдігі қолдап, облыстық кітапхана қолға алып жатқан игі жоба ақпан мен мамыр айының аралығында өтеді және төрт кезеңнен тұрады. Үлкен-кішіні бөле-жармай, кітап оқитын зерделі қауымды толық қамтыған мұндай ауқымды байқаудың өңірде тұңғыш рет өткелі отырғанын айта кеткен жөн.
«Байқау онлайн өтеді. Оқылатын кітаптар да, қазылар алқасының құрамы да анықталды. Кітаптардың тізімі сайтта жарияланады. Оқырмандар сол сайтқа тіркелген соң, ұсынылған кітапты берілген уақыт ішінде оқып шығады. Одан кейін онлайн тест тапсырады. Ал осы үш кезеңнен өтіп, іріктеліп шыққандар финалдық кезеңде эссе жазады. Қорытынды кезең офлайн режімде өтеді. Осылайша, кітап оқитын ортаны қалыптастырып, көпшіліктің көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түспек ниет бар», дейді облыстық кітапхана басшысы Дариға Дүйсебаева.
«Оқы және жең» онлайн байқауын ұйымдастырушылар оқуға ұсынылған кітаптарды оқырмандардың жас ерекшелігін ескере отырып таңдағаны көрініп тұр. Мысалы, бірінші кезеңде 10 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі, 15-тен 18 жасқа дейінгі жасөспірім оқырманға Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясы», ал 19-ға толған және одан жоғары жастағы ересек оқырмандарға Смағұл Елубайдың әйгілі «Ақбоз үй» трагедиясы ұсынылып отыр.
«Осы байқауға дайындық барысында облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы бәрімізді кітапханаға бірнеше рет жинап, оқырманға қандай кітап ұсынамыз деген мәселені әбден пісіріп, пысықтап алдық. Оқырманның жас ерекшелігін, кітаптардың электрондық нұсқасының болуын ескердік. Әр кітаптың өзіндік жүгі, айтар ойы бар. Таяуда ғана байқаудың сайты ашылды. Оған қазірдің өзінде 500-ден астам адам тіркелген. Осыған қарағанда, аталған жоба ұлттық әдебиетімізді насихаттап, оқырмандарымызды оятатын сәтті жоба болатын сияқты», дейді қазылар алқасының мүшесі Шынар Төлегенова.
Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаздарға 150 мың теңгеден ақшалай сыйлық беріледі. Жүлдегерлерге 100 мың, 50 мың теңгенің сыйлығы дайын тұр. Мұның сыртында, кәмелетке толмаған 4 озық оқырман еліміздегі ең үздік балалар лагеріне жолдама алады. Ал ересектер үшін Меңдіқарадағы М.Қарабаев атындағы шипажайға 2 жолдама қарастырылған.
Қостанай облысы