• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Ақпан, 2024

«Балауса» бағындырған асу

150 рет
көрсетілді

Қазір ғой, цирк деген сөзді естіген жұрт өнердің бәсін түсіріп жатқандай көрінеді. Ізденістің ізіне түскен цирк әртістерінің түрлі трюктері мен эксцентрикаға негізделген нөмірлері қалтарыста қалып барады. Расында да цирк қазір балалардың көңілін көтеретін өнер деңгейінде қалып қойған секілді. Үлкендер бұл өнерге аса мән бермейді. Бұған енді коммерциялық бағытты ұстанған кезбе цирк ұжымдарының да әсер еткені анық.

Кез келген бүлдіршіннің ғажайыпқа иланатынына талас жоқ. Біз акробаттардың икемділігіне, тәуекелге толы әрекеттеріне ұдайы таңдай қағамыз, клоундардың әзіл-әжуаларына тамсанамыз, жұмбақ сиқыршылардың еңбегіне қол соғамыз, қошемет көрсетеміз. Бұл енді иллюзио­нист сиқыршылардың толассыз ізденісі­нің жемісі шығар. Бір анығы циркті ұнат­пайтын адам кемде кем.

Халқымыз цирк өнері десе, Қазақ мем­лекеттік циркі ұжымының толайым табысын еске алатыны даусыз. Тәуел­сіздіктің елең-алаң тұсында кәрі құр­лық пен сары құрлықтың әлденеше елін аралап, алуан түрлі нөмірмен шетел­дік көрермендерді тәнті еткен ұжымның еселі еңбегі жұрттың жадынан өшпейтіні ақиқат. Елу жылдан астам тарихы бар ұжымның әр жылдардағы жаңа нөмір­лері талай биікті бағындырып, толайым табысқа жетуге жол ашқаны мәлім.

Тараз десе, «Балауса» цирк ұжымы еске түседі. Осы ұжым туралы әңгіме қозғала қалса, Талғат Әлші­ке­новтің та­бан­дылығына тоқталмау мүм­кін емес. Цирк өнерінің отымен кіріп, күлімен шық­қан маман кейінгі буын жастарға білге­нін үйретуден жалық­пай­тыны ақиқат. Ол әлеу­меттің еңсесі түс­кен қиын уақыт­тар­да өнер­ге деген адалдығынан айныған емес. Жан­кеш­тілігінің арқасында жас буын цирк әртіс­терін тәрбиелеп шығар­ды, оларға білгенін үйретті, тәжірибесі­мен бөлісті. Бір сөзбен айтқанда, жаңа буын өнерпаздар толқынын қалыптастыру ­жолында аянбай еңбек етті.

Дерекке сенсек, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Даңқ минуты» теле­шоуында талай жұртты талантымен тән­ті еткен пластикалық дуэт Дария Абдухасова мен Дана Рыспекова да Тал­ғат Әлшікеновтің тәлімін алып, тәжі­ри­бе­­сін толыстырған мамандар екен. Осы­ған қарап-ақ цирк өнерін жаңа биікке көтеру жолында талмай тер төгіп жүрген аза­маттың еңбегі қандай да болсын, жо­ғары бағаға лайық екенін аңғару қиынға соқпайды. 

Кенен Әзірбаев атындағы облыс­тық филармонияның «Алатау» ән-би ансам­блінің құрамында болған ұжым 2012 жылдың басында «Балауса» циркі деген атау алды. Талғат Әлшікенов жетекші­лік ететін ұжымның құрамында Талап Таубеков, Айдын Әлшікенов сынды өзге де талантты цирк әртістері жетіп арты­ла­ды. Олардың барлығы да ондаған нөмір­лер­де көрерменнің көңілінен шығатындай деңгейде өнер көрсетіп жүр.

Цирк ұжымы елімізде алғаш рет «Дала ер­келері», «Арқанмен секіру ойы­ны», қол­ға үйретілген көгершіндерден құрал­­ған «Ақтолқын» қойылымын жұрт­тың назарына ұсынып, «Икариика ойы­ны», «Буынсыз дене» нөмірлерімен көп­шіліктің көңілін аулады. Уақытында ма­гияға толы әрекеттер арқылы өнерсүйер қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алған ұжымның көптеген нөмірлерін ше­телдік көрермендер де тамашалап, толассыз қошемет көрсетті.

Цирк студиясы ретінде ширек ғасыр­ға жуық уақыт бұрын жұмысын баста­ған ұжымның қол жеткізген толайым та­быс­­тары да аз емес. «Балауса» ұжымы 2004 жылы Астана қаласында өткен шы­­­­ғар­машыл жастардың халықара­лық «Ша­быт» фестивалінде «Ақтолқын» нөмі­­­рі­мен жүлделі екінші орынға ие бол­са, «Плас­тикалық этюд» нөмірі үздік үш­тікке ілінді. Сондай-ақ «Дала еркеле­рі» А.Демяненко атындағы арнайы ата­лым бойынша марапатталды. Бұдан бөлек «Буынсыз дене» қо­йылымы Б.Жұмағұлов атындағы арнайы сыйлыққа лайық деп танылса, «Жонглер» тобы екінші орынды, «Ақтолқын» нөмірі бірінші орынды иеленді.

Жамбылдық өнерпаздардан құралған ұжымның халықаралық деңгейде жет­­кен жетістіктері де аз емес. Ұжым 2008 жылы Қытайда өткен цирк фестивалінде қола жүлдегер атанса, 2010 жылы Армения­да өткен цирк фестивалінде «Буынсыз дене» нөмірімен бірінші орынға лайық деп танылып, алтын жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар «Қазақстан» ұлттық арнасы ұйымдастырған «Жұлдызды сәт» телебайқауында топ жарды, «Хабар» ­телеарнасы өткізген республикалық «Аймақ­тар аламаны» тележобасының ­лау­реаты атағына қол жеткізді. 

2019 жылдың 1 ақпаны мен 17 сәуі­рі аралығында «MTG» агенттігі ұйым­дастырған, Түркияның Ыстанбұл қала­сында өткен «Сиқыршылар» фестива­­­лін­де үздік атанған Талап Таубеков ірік­­­теу кезеңінен іркілмей өтті. Соның арқа­сын­да Қатар астанасы Доха қаласын­да ұйымдастырылған, 118 мемлекет­тің си­қыр­шылары қатысқан «MAGIC FESTIVAL – 2018» фестиваліне жолдама алып, әлемнің «сен тұр, мен атайын» деу­ге лайық өнерпаздары қатысқан додада жүлделі екінші орын иеленді.

«Шыны керек, қайда еңбек етсем де, басқа бір жаққа жұмыс сапарымен барсам да, туған жерге деген құрмет ілкі сәтке де азайған емес. Өзің туған жерде еңбек етіп, кейінгі буын таланттардың талабын ұштап, олардың өнерін өрістеткенге не жетсін? Біз үшін одан асқан бақыт та, байлық та жоқ. Ең бастысы, бойымыздағы өнерді ізбасар жастардың сәтімен жал­ғастырғанын қалайсың. Бұл енді кез кел­ген аға буынның міндеті ғой», деген Талғат Әлшікеновтің «Балауса» цирк ұжы­мын әлі талай биікке бастайтынына ешкімнің таласы жоқ.

Қалай десек те цирк – өзіндік әлемі бар бекзат өнер. Өркендеген елдер дәл осы өнер­ді өрістетуге бекерден-бекер айрықша назар аударып отырған жоқ. Еліміздің әр қиы­рында еңбек етіп жүрген әртістердің еңбегін жанкештілік деп те бағалаған жөн шығар. Айлық пен шайлықтың аздығынан талай талантты азаматтар бойындағы талантын өлтірмеу үшін қыр асып кеткені белгілі. Сол тұрғыдан келгенде өңірлерде тер төгіп жүрген таланттардың жұмысы жоғары бағаға лайық.

 

Тараз