«Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге тым араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа. Мысалы, отын-энергетика нарығындағы бағаны шектен тыс реттеу мұнай өндірісін төмендетіп, өнім тапшылығын туындатты. Үкімет бұл жағдайдан тиісті қорытынды жасады, ахуал біртіндеп түзеліп жатыр», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ұялы байланыс нарығында олқылықтар көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Президенттің пайымынша, бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет.
«Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады. Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған. Жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару мәселесін қайта қарау өте маңызды деп атап өтті.
«Бұл істе негізгі мақсат – мемлекеттік активтердің тиімділігін арттыру. Корпоративтік басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін енгізу қажет. Сол арқылы компаниялардың барынша ашық қызмет етуін қамтамасыз етуге болады. Үкімет алдағы екі жылда акцияларының едәуір бөлігі IPO-ға шығарылатын ірі нысандардың нақты тізімін жасауға тиіс», деді Қ.Тоқаев.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселені тілге тиек етті.
«Квазимемлекеттік секторда ауқымды реформа жасау қажет. Қай жерде мемлекеттің үлесі сақталуы керек, қай тұста бәсекені дамыту қажет деген мәселені біржола шешіп алған жөн. Әсіресе, «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компанияларда мемлекеттің үлесі басым. Сондықтан, жұмысты солардан бастау керек. Қорды түбегейлі сауықтыру үшін жүйелі әрі тың шаралар қажет», деді.
Президенттің айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорынының экономикалық құнын арттыру маңызды.
«Негізгі мақсат – инвесторлармен бірлесе отырып, ірі жобаларды кеңінен жүзеге асыру арқылы Қордың экономикалық құнын арттыру. Үкіметке бір ай ішінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеуді тапсырамын. Құжатта үш бағытқа баса мән берілуі керек: нарықтағы бәсекені арттыру, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелері», деді Мемлекет басшысы.