Жуырда Солтүстік Қазақстанның дәрігерлік мекемелері 19 жаңа жедел жәрдем көлігімен толықты. Бұл көліктер республикалық бюджеттің көмегімен облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған. Әрқайсының бағасы – 24 млн теңгеден.
Көліктер ресейлік «Газел» автокөлігінің негізінде жасалған. Жүрісі аса жайлы болмаса да, қар мен сазға бата қоймайтын екі белдемемен жарақтандырылған. Іші науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсететін құралдармен жабдықталған. «Оның ішінде өкпені қолдан тазарту мүмкіндігі бар, жүрекке қолдан массаж жасай аламыз. Осы көліктердің арқасында біз тұрғындарға жедел медициналық көмектерді толық жасай алатынымызға сенімдіміз», дейді облыстық жедел жәрдем орталығы директорының міндетін атқарушы Юрий Белоног.
Сатып алынған 19 көліктің 10-ы қалада қалдырылып, қалғандары аудан орталықтарындағы ауруханалардың техникалық мүмкіншіліктерін арттыратын болады. Осылайша, біздің облыс жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілу жоспарын 68 пайызға жеткізіп отыр. Облыстың медициналық мекемелерін жедел жәрдем көлігімен толық қамтамасыз ету үшін әлі 52 автокөлік алынуы керек.
Медициналық автокөліктерді тапсыру салтанатына қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов алдағы уақытта да бюджет есебінен облыстың ауруханаларына қажетті машиналардың алынатындығын айтты.
Айта кететін жайт, мемлекет тарапынан облыстың денсаулық сақтау саласына жыл сайын қомақты қаражат бөлінуде. Мәселен, былтыр 11,7 млрд теңге бөлінді. Облыста барлығы 19 аурухана, 63 амбулаториялық емхана бар. Соның 4-і – облыстық, 2-і – қалалық. Сондай-ақ облыстың елді мекендерінде 397 медициналық бекет пен 41 ФАП жұмыс істейді.
Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласының техникалық инфрақұрылымдары 77,4 пайызға ескірген. 480 адамға есептелген көпбейінді аурухананың құрылысы да белгіленген межеден көп кешігіп, әлі күнге аяқталмай жатыр. Алайда жоғарыда айтылғандай жақсы қадамдар да жасалуда. Соның ішінде медициналық мекемелердің өз ішіндегі тәртіп мәселесі де бұрынғыға қарағанда жақсарып отыр. Былтыр бұрынғы облыс әкімі Айдарбек Сапаров арыз-шағым көп түсетін бірінші емханаға ешкімге ескертпей, таңғы мезгілде өзі барып тексеріп, халықтың кезекте сарғайып тұрғанын, науқастарға отыратын орындар да жетпейтінін, есік алдының да ауру жандарға қолайсыздығын, көптеген мамандар негізгі қызметімен қоса, ақылы құрылымдарда жұмыс істегендіктен, мұндағы халықтың қолы оларға жете алмайтындығын әшкерелеп, үлкен дүмпу тудырған. Содан бері ауруханалар мен емханалардың ішкі тәртібі біршама жақсарған болатын. Осындай оқыс тексерістердің жиірек болып тұрғаны керек-ақ.
Солтүстік Қазақстан облысы