Қыстың екі айы да өтті. Осы уақыт аралығында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар тасжолдың 13 учаскесінде – 76 рет, облыстық маңызы бар 8 учаскеде 43 рет көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Бірақ ортақ талапқа мойынсұнғысы келмейтін жүргізушілер көп. Тәртіпке бағынбай жолға шығып кететіндерді жөнге салатын амал да жоқ. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз деп жүрген полиция мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері уақытпен санаспайды. Сарыуайымдары – жазатайым жағдайдың алдын алу...
Жолдар жабылғалы түрлі жол учаскелерінде 5 мыңнан аса техниканың қозғалысы тоқтатылған. Одан бөлек, бақылау-өткізу пункттеріндегі техниканы азайту мақсатында Көлік министрлігінің жол техникасы мен бөлімшелердің күшімен 27 автоколонна ұйымдастырылып, 4 мыңнан астам көлікті діттеген жеріне жол бастап, жеткізген.
Тіпті алдын ала телефонға ауа райының күрт бұзылатынын, жолдар жабылатынын айтып, күніне бірнеше мәрте хабарлама жолдайды. Соның өзін көзіне ілмеген жүргізушілер көбеймесе, азаймай тұр.
– Тұрғындарды ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы және жолдардағы көлік қозғалысының шектелуі туралы қыстың алғашқы екі айында 80 хабарлама миллионнан аса абонентке жетті. Ал «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу туралы 47 ақпарат жарияланды. Облыстағы 13 радиостансада халықты хабардар ету үшін 21 рет хабарландыру берілді, – дейді облыстың төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ақылбек Ахметжанов.
Мұндай жағдайда жол учаскелеріне жұмылдырылатын арнайы техника да, күштік құрылым қызметкерлері де көп. Былтыр 29 желтоқсандағы ақтүтек боранда 908 адам мен 505 техника тартылған. Төтенше жағдайлар күштері, жол полициясы және жол ұйымдарының күшімен 66 авариялық-құтқару, 9 іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 259 адам құтқарылды. Құтқарылған 259 адамның 36-cы – бала.
«Үш мыңға тарта адам – қар құрсауынан, 121 техника дрейфтен шығарылды. Жергілікті билікпен бірлесе отырып, 1 324 адам, оның ішінде, 150 бала жылыту орталықтарына орналастырылды», дейді Ақылбек Қосманұлы.
Жалпы, облыста республикалық маңызы бар жол – 1 853,5 шақырым. Осының ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мен қайта жаңғыртудан өтіп жатқанын қоспағанда 1 444 шақырым. Осы бір аралықтағы жолды қардан тазалайтын, күтіп-баптайтын компания – «КАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұловтың айтуынша, компания биылдың өзінде жаңадан 29 қар жинау техникасын сатып алған.
– Жай күндері – 50-60 техника, ал төтенше жағдайларда, ауа райы нашарлағанда 100-ге тарта көлік жолға шығады. Мұндай күндері қызметкерлер демалмастан, екі ауысымда жұмыс істейді, – дейді Ерлан Жұмағұлов.
Жол жайлы сөз қозғала кетсе болды, жолаушылардың дені «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға деген наразылығы барын айтады. «Республикалық маңызы бар жолдарға уақтылы құм немесе тұз себілмейді» деген сын жиі алдан шығады. Бұған филиал басшысы Ерлан Жұмағұлұлының айтар өз уәжі бар. Айтуынша, құм мен тұз қоспасын себудің де климаттық тәртібі бар. «Климат жағдайына келетін болса, осы қоспа тұрақты түрде себіледі», дейді ол.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарды жабу бір ғана органның құзырында емес. Облыстың полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Хантеміров «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, төтенше жағдайлар қызметі және облыстың полиция департаментінің өзара келісімі арқылы жүргізіледі.
– Былтыр желтоқсанның соңы мен биыл қаңтар айының басында қар қалың жауды. Астана қаласына барар жолда қалған 4 мыңға тарта көлікті жеткіздік. Тұрғындар жолға шығар алдында өз қауіпсіздіктері үшін хабарламаларға мән беріп, көліктерін сайлап шыққаны дұрыс, – дейді Бауыржан Андақұлұлы.
Қала ішіндегі ауа райы жақсы екен деп, соңында жарты жолда қалатындар бар. Күн райының ахуалын аңдамай, жолға шығу өте қауіпті.
– Тұрғындар қала сыртындағы ауа райының қандай екенін білмейді. Жол жабу – кездейсоқ қабылдана салатын шешім емес. Жол бойында патрульде жүрген қызметкерлер жағдайды бізге бейне және фотоматериалдар арқылы жібереді. Соны басшылыққа ала отырып, жолды жабу шешімі қабылданады. Ал тұрғындардың қауіпсіздігі үшін кейінгі кезде радиохабарларды тоқтатып қойып, жолдың жабылғаны туралы хабарландыру береміз. Ал полиция қызметкерлері өте күрделі жағдайда жандарын шүберекке түйіп, ақтүтек боранда ілесіп жүріп, көліктерді қауіпсіз жерге жеткізеді. Оны біреу білсе, біреу білмей жатады, – дейді Ақылбек Ахметжанов.
Түптеп келгенде, құзырлы орган өкілдері жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында қажетті іс-шараларды ұйымдастырып отыр. «Жол қозғалысына келгенде әркімнің ішкі тәртібі болуы қажет», дейді құқық қорғау органының қызметкерлері. Сіз өзіңізбен қоса, жақындарыңыздың да, жолаушыларыңыздың да амандығына тікелей жауаптысыз. Сондықтан тәртіпке бағыну – амандықтың алғашқы қадамы.
Қарағанды облысы