• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2010

ӨМІР ЖОЛЫНЫҢ ЖАРЫҒЫ­

703 рет
көрсетілді

Әр ауылдың көз­ден кетсе де көңіл­ден кетпейтін арда­гері болады. Ондай жандардың халқына сіңірген еңбегі, өмір жолындағы абзал іс-әрекеттері, айтқан ақылдары мен сөз­дері ой-саналарында қалып, кейінгі то­л­­қын жеткіншектерге үлгі-өнеге ретінде жалғасын табады. Сондай абзал арда­гер­лердің бірі Оңтүс­тік Қазақстан облы­сындағы, Ордабасы ауданының, Сары арық аумағында өмір сүрген марқұм әке­міз Әбілқайыр Махамбетұлы еді. Әкеміздің өмірден озғанына 19 жыл болды. 1916 жылы өмірге ке­ліп, әкеден 4 айлығында қалған. 7 жастан бастап күн демей, түн демей еңбекке араласқан. 1933-1936 жылдары Түркістанда ФЗУ-ды бітіріп, Арыс қаласындағы Киров атындағы орта мектепте мұғалім бо­лып қызметін бастаған. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін осы мектепте директорлық міндетін атқарған. 1941 жылы неміс-фашист бас­қыншылары Отанымызға тұтқиыл­дан шабуыл жасаған кезде жас ұстаз майданға өзі сұранады. 1942 жылдың қаңтарында Алматыда 3 айлық курста оқып, аға сержант атағын алып майданға аттанып кетеді. Ленинград маңында 1024-атқыштар полкының құрамында со­ғысады. Онда әкеміз саяси же­тек­шінің орынбасары міндетін ат­қарады. Кеңес әскерлері сапында ту­ған жерінің әр сүйемі үшін жау­мен шайқасып, аз да болса Жеңісті жақындатуға үлесін қосады. Әкеміз соғыс туралы, онда қаза болған жауынгерлер жайлы денесі түршігіп, көзі жасаурап есіне алатын. Сондай бір шабуылда өзі де жарақаттанып, гранат жарылған орда жатып қалады. Шабуылдан соң штаб бастығы әкемізді іздеген, себебі оның планшетінде офицер­лердің, жауынгерлердің құжаттары болған екен. Сол құжаттар арқылы жауын­герлер түгенделінетін. Содан ізде­ген­нің арқасында жарақат алған әкеміз табылып госпитальға жібе­рілген. Госпитальда бір жарым жыл жатып, оң аяғы тізеден жоғары кесіліп, елге 1943 жылы оралған. Егер адам өмірін бір кітапқа теңесек, соғыс жылдары, қан май­дан­дағы қиындықтар сол өмір кіта­бының аударылған ауыр беттері. Елге оралған әкеміз ұстаздық жо­лын жалғастырған. Соғыстан мез­гілсіз оралғанына қатты қапаланған ұстаз жүрегіндегі жара шәкіртте­рінің күміс күлкісімен біртіндеп жазыла бас­та­ған. Соғыс алдында әкеміз Алматыға келіп, Қазақ педагогика институты­ның тарих факультетіне сырттай оқу­ға түскен ғой. Ұстаздық ауыр жұ­мыс, дирек­торлық міндет, басқын­шылық со­ғыс бәрі жиылып келіп оқу­ын дер кезінде бітіруіне мүмкін­шілік бер­меген. Оқу бітіру сәті 1948 жылға түскен. Әкеміздің адал қызметін, бі­лімділігін, іскерлігін, бойындағы туа біткен мәдениеттілігін ескерген ау­дан басшылары мен облыстық бі­лім басқармасы ауыл жаста­рының білімін арттыру керектігін ескеріп, Қызылқұм ауданы “Бай­ырқұм” совхозының Гоголь атындағы мектебіне жіберген. Сол жерде, шалғайда малшылардың балалары үшін мектеп-интернат ашқан. Еңбек жолында көптеген шәкірттері мен олардың ата-аналарының алғысына бөленген. Өзі басшылық еткен оқу ордасында ұстаздық білім деңгейінің жоғары болуына, әр пәннің мақсаты мен міндеттерін ашып, оқу ісі мен тәрбие жұмыс­та­ры­на әдістемелік жа­ңа­лықтар енгізген. Пе­даго­ги­калық ұжымға үлкен талап қоя бі­ліп, тәрбие мәсе­ле­сі­­не терең мән берген. Әкеміздің арты­нан көптеген жаз­ба ең­бектері қалды. Олар болашақта жа­рық көру кезегінде. Ал оның га­зет, жур­налдар мен басқа да мето­дикалық басы­лымдарда жария­ланған мақалалары өте көп. Қау­заған та­қырыптары, кө­тер­ген мәселелері құн­дылығын әлі жой­­ған жоқ. Бір­не­ше жазба жұ­мыс­та­ры денені шы­нық­­­ты­ру, тазалық мәселелері, ас адам­­ның арқауы, қарттық кәрілік емес, т.б. арналған. Мұның барлығы әке­­міз­дің өмірден түйген тәжі­ри­белері, педагогикалық ізденісінің нә­ти­же­лері. Осындай елеулі еңбек­терінің арқасында Арыс аудандық партия қомитетінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырылады. Одан кей­ін Арыс ауданының мақта өсірумен айна­лысатын Пахташы ауылында орта мектеп ашылуының басы-қасында болып, соны аудандағы үлгілі-тірек мектебі етіп, білімге баулыған мыңдаған шәкірттерін өмір жолына аттандырып, өзі де құрметті дема­лысына шыққан. Кейіннен “Қараспан” совхозы, Сары арық әкімшілік аумағында әкеміздің атында бастауыш мектеп ашылып, оның ашылу салтанатына ұрпақтары қатысып демеушілік жасады. Ұстаздардың ұстазы бол­ған әкеміздің артында, өзі оқытқан шәкірттерінің жүрегінде, ел аузын­да өшпес із қалды. Жақсы ұстаз – мектептің жүрегі, елдің рухани байлығы. Сары арықтағы бастауыш мектеп жылдар өте ұлғайып орта мектепке айналуына халықтың сенімі мол, тілегі де сол. Отанымыз әкеміздің еңбегін жо­ғары бағалады. Ұлы Отан соғы­сының І және ІІ дәрежелі орден­дерімен, Октябрь Революциясы орденімен, 11 медальмен, көптеген ма­дақтау грамоталарымен мара­паттады. Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі атанды. Бірнеше рет облыс, аудан депутаттығына сай­лан­ды. Өз заманының адал пер­зенті – әкеміз өмірінде адам деген атына кіршік түсірмеді. Отанына шын жүрегімен беріле қызмет етті. Анамыз Сапаркүл екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиеледі, барлығы жо­ғары білімді азаматтар. 24 немересі, 34 шөбересі бар. Ұрпағын адал­дыққа, еңбекқорлыққа, отаншыл­дық­қа тәрбиеледі. Адам өмірде дұрыс жол табу үшін тек күннің жарығы емес, жан жарығы да қажет. Шәкірттерінің санасына, болмысына білім ұялата білген ұстаз олардың өмірде дұрыс жол табуына көмектеседі, олардың өмірде жет­кен жетістіктерін құнды етеді. Өз ұрпағына қамқор болған, өз ұлтының сана-сезіміне үлес қосқан әке-шешеміз мәңгілік жүрегімізде. Олардың жүріп өткен өмір жо­лының жарығын ұрпақтары жал­ғастыруда. Балташ МАХАМБЕТОВА. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тау самалы ауылы.