• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Ақпан, 2024

Геосаясат, жол және байлық

168 рет
көрсетілді

Президенттің кеңейтілген жиындағы сөзінде көп нәрсе айтылды. Әріптестерім, Мәжіліс пен Сенат депутаттары, өздеріне жақын тақырыптар туралы пікірлерін жеткізіп, жазып жатыр. Мен де ең маңызды болып көрінген мына мәселені түртіп алдым.

Бірінші – сыртқы саясат. Пре­зидент: «Дүниежүзінде жағдай өте күрделі» деген жұмсақ сөзінің артында, жағдайдың әлде қайда қиын екенін аңғаруға болады. Айналамыз – соғыс немесе қырғи-қабақ қарым-қатынасқа толы көршілер. Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина, Қытай мен Тайван, Әзербайжан мен Армения және т.с.с. Осындай өліара шақта Қазақстанның дипломатиясы тыныш, сапалы, мүдделі жұмыс істеуі үшін ішкі атмосфера дұрыс болу керек. Елдің ішін түзесек, дипломаттар да алаңсыз өз ісін алып шығатынына күмән жоқ.

Екінші – жол. Ес білгелі жолдың жыры біткен емес. «Семей-Алматы», «Семей-Ақсуат» сияқты тозған жолдармен жүрген адам ретінде айта аламын. Жалпы, Президент жол мәселесін алғаш рет көтеріп жатқан жоқ. Талай айтты. Бірақ жол саласындағылардың бітіргені шамалы. Әлде оларға аса қатаң жаза қажет пе? Егемендігіне 32 жыл болған ел үшін  «Алматы-Астана» автобанының болмауы – ұят құбылыс. Жол – логистиканың күре тамыры, туризмнің негізі. «Ақтау-Өскемен» автобанын салу керек деп күліп те айттық, жылап та айттық. Бүкіл Қазақстанның қалалары бір-бірімен байланысу керек. Сонда нәтиже болады. Айтуға ұят – Қызылорданың қазағы Ақтауға бару үшін Ақтөбеге дейін жүру керек. Абсурд қой. Қысқасы, биыл Алматы мен Астананың жолы айнадай болуға тиіс. Президент айтты – жасалады.

Үшінші – байлар. «Ұрланған капиталды елге қайтару» деген бастама дұрыс. Алайда соны желеу етіп, өз еңбегімен байыған кәсіпкерлерге зиянын тигізетін күштік құрылымның өкілдеріне де жазаны қатаңдату керек. Президент сөзінде осы кейсті айтты. 1928 жылы байларды қудалаған төңкерістің немен аяқталғанын көрдік. Ұлт олигархтар мен кедейлерден тұрмайды, ұлтты тұрақтандыратын – орта тап. Орта тап азайған қоғамда төңкерістің иісі шығады. Орта таптың көбеюіне Үкімет те, қоғам да мүдделі. Ша­ғын және орта бизнесті қолдап, қуда­­ламай, жағдай жасаса, қоғамда орта таптың үлесі артары анық. Тоқ­сан ауыз сөздің тобықтай түйіні:  Президент Олжас Бектеновке карт-бланш берді. Енді Олжас Абайұлы нәтиже көрсетуі керек.

 

Самат НҰРТАЗА,

Мәжіліс депутаты