Жақында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот процесі өтеді. Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл атап өткендей, зорлық-зомбылық әрекеттеріне барған адамдарды қатаң түрде жазалау керек, оларға ешқандай жеңілдік те бермеу қажет.
«Салтанат Нүкенованың ісі бойынша сотқа дейін немесе сот процесі кезінде сотталушыны ақтау мақсатында нақты фактілерді қасақана бұрмалауға әрекет жасалатыны туралы ақпарат пайда болды. Кейбір адамдар «Бишімбаевты ақтау науқанына» кірісіп те кетті. Адамдардың бұған қалай қатыса алатынын, зорлық-зомбылықты қалай ғана ақтап шығатынын түсіну мүмкін емес. Сондықтан аталған іс бойынша сот процесі әділ өтетінін, жазадан құтылып кетуге жол берілмейтінін анық білдіруіміз керек», деп жазды Динара Зәкиева.Бұдан бөлек Омбудсмен зорлық-зомбылықпен күрес жолында «заңның үстемдігі мен құқық тәртібі» қағидатын қатаң ұстану қажет екенін айтты.
«Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес біз, депутаттар мен мемлекеттік органдар қыркүйек айының басында заң жобасын дайындадық. Бұл ретте Мемлекет басшысы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне «мүлдем төзбеушілікті» дамыту қажет екенін атап өтті. Бұл әрқайсымызға да байланысты. Мен өз құзыретімнің шеңберінде сот барысын жіті қадағалайтын боламын. Біз саналы қоғам ретінде әйелдер мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың әр жағдайында әділдіктің жағында болуымыз керек», деп қорытындылады Динара Зәкиева.Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өз әйелін өлтірді деген күдікке ілініп, қамауға алынғаны белгілі болды.
Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевқа «Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабымен қоса, «Азаптау» бабы бойынша айып тағылғанын хабарлады.