Ұлт кескіндеме өнерінің тарланбозы Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Ұлттық бейнелеу өнері десе, Әбілхан Қастеевтің есімін бренд деп білеміз. Халық суретшісінің «Көгілдір көйлекті қыз», «Амангелді сарбаздары», «Қалыңдық» секілді өзге де туындыларын замандастары, майталман мамандар жоғары бағалағаны анық.
Бейнелеу өнері алыбының мерейтойына орай Тараз қалалық «Анаға тағзым» орталығының ұйытқы болуымен іс-шара өтті. Қастеев мұрасын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті суретшілер қатысып, Бродский студиясында шеберлігін ұштаған өнер иесінің туындылары туралы ойларын ортаға салды.
«Уақытында Әбілхан Қастеевті өз көзіммен көріп, қайталанбас тұлғаның қасында болдым. Даңқты суретшінің галереясынан әкемнің паровоз жүргізіп бара жатқан картинасын тамашалап, керемет сезімді бастан кешірген едім», деді еңбек ардагері Гүлбахрам Ақылова өткен шаққа көз жүгіртіп.
Іс-шара барысында сөз алған режиссер Қаржаубай Сыдықназаров пен Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының жетекшісі Айдархан Сихаев Әбілхан Қастеев картиналарының ерекшелігі туралы толғамды ойларын бөлісті.
«Әсілінде суретші мамандығына қызыққан кез келген жас Алматыдағы Қастеев галереясын көзбен көріп, оның қолтаңбасының ерекшелігін жүрекпен сезінуі керек. Әбілхан мұрасының артықшылығын түсінген жас қана мықты маман бола алады», деді А.Сихаев іс-шара барысында сөйлеген сөзінде.
Жас таланттардың бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру, Қастеев мұрасын ел ішінде насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кездесуде өзге де мамандар пікірлерін ортаға салды. Өнерпаздардың әдемі әндерімен әдіптелген іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне Д.Қонаев атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұжымы атсалысты. Кітапханашылар ұйымдастырған көрмені тамашалаған көпшілік Әбілхан Қастеев туындыларымен тереңірек танысты.
ТАРАЗ