Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13-14 ақпан күндері Қатарға мемлекеттік сапармен барып, екі елдің саяси, сауда-экономикалық байланыстарын нығайтатын бірқатар маңызды кездесу өткізбек. Осы сапар қарсаңда еліміздің Қатар мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиевті әңгімеге тартқан едік.
– Арман Қайратұлы, бүгінде отандық дипломатияның белсенділігі артқаны байқалады. Қойнауы қазына-байлыққа толы ел үшін халықаралық байланыстарды күшейту аумалы-төкпелі заманның талабына сай болса керек. Осы орайда Қатар елімен ынтымақтастығымыз қай деңгейде, алдымызға қандай міндеттер қойып отырмыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса тәжірибелі кәсіби дипломат ретінде еліміздің әлемдік байланыстарына үлкен дем бергені сөзсіз. Қазақстанның алты құрлықты қамтыған екпінді дипломатиясы араб елдерімен де ынтымақтастықты нығайтуды күштеп қолға алды. Мұны Президенттің халықаралық жұмыс бағытындағы белсенді қызметінен байқауға болады.
Қатар – еліміздің сенімді серіктесі. Елдеріміздің түрлі салаларда әлеуеті мол, алға қойған міндеттері ұқсас, стратегиялық жоспарлары бірін-бірі толықтырады десем артық айтпаймын. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін бірнеше нақты инвестициялық жоба қолға алынды. Келісімдер мен шарттар жасалып, ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша жұмысты күшейтуге жол ашылды.
Келесі кезең – стратегиялық серіктестікке қол жеткізу. Осы орайда биыл 13-14 ақпанда Қазақстан Президентінің Қатарға тұңғыш мемлекеттік сапары ұйымдастырылады. Сапар барысында екі ел басшылары мазмұнды келіссөз өткізіп, ынтымақтастықты еселеу жолдарын талқылайды. Жалпы, ел басшысының Қатарға мемлекеттік сапармен баруы екіжақты қатынастар тарихындағы ең маңызды оқиға болмақ.
Былтыр маусым айында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни елордамызға жұмыс сапарымен келіп, Астана халықаралық форумына құрметті қонақ ретінде қатысқаны мәлім. Бұған қоса Мемлекет басшысы Қатардың Әмірімен халықаралық іс-шаралар аясында үш рет жүздесті. Ал одан бұрын 2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дохаға жұмыс сапарымен барғанын және шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің елімізге мемлекеттік сапары ұйымдастырылғанын атап өтпеске болмайды. Екі ел басшыларының осындай жиі кездесуі ынтымақтастықты еселеуге деген өзара ұмтылысты айғақтайды.
Мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау үшін Үкімет басшылығы мен мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары екі ел арасында түрлі сапарлар ұйымдастырды. Былтыр мамыр айында сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан делегациясы Доха қаласына барып, Қатар Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Әбдірахман Әл Тәнимен және ірі компаниялардың басшыларымен мазмұнды келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің тең төрағалығымен Қазақстан-Қатар жоғары деңгейдегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының 6-отырысы өтті.
Бұған қоса екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында тығыз әріптестік орнатылған. Былтыр желтоқсан айында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Қатар Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмед Әл-Хаммади саяси консультациялардың кезекті 2-раундын өткізді.
– Нақты инвестициялық жобалар қолға алынғанын атап өттіңіз. Қатармен осы саладағы серіктестік жайы қандай?
– Инвестициялық серіктестік – қазіргі жұмыстың негізгі бағыты. Қатар инвесторлары, ірі компаниялары елімізде бірнеше жобаны жүзеге асыруға мүдделі. Жалпы, Қазақстанмен серіктестікті күшейтуге деген қызығушылықтың күрт өскені байқалады. Бұған Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан оң бетбұрыстар ықпал етіп отыр.
Нақты салаларға келер болсақ, бүгінде Қатардың «Hassad Food» компаниясы Астанада астық өңдеу зауытын салу жобасын іске асырмақшы. Бұл жоба экспортымыздың әлеуетін күшейтуге қомақты үлес қосады деп сенемін. Зауыттың негізгі өнімдері – глютен мен крахмал. Олар Түркия, АҚШ, Канада және басқа да көптеген елдерде үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Бұған қоса кәсіпорынның арқасында елімізде қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Айтып өткенімдей, елдеріміздің алға қойып отырған міндеттерінің арасында үйлесімділік бар. Осының бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Қатар үшін азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, өз нарығын сапалы әрі экологиялық таза өнімдермен үздіксіз қамтамасыз ету маңызды. Ал елімізде сыртқы нарыққа ұсына алатын мүмкіндіктың мол екені белгілі. Мұны Қатар тарабы жақсы түсініп, серіктестік орнатуға дайындығын білдіріп отыр.
Осыған байланысты Қатармен аграрлық салада бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл қордың негізгі міндеті ретінде тараптар еліміздегі сүт өңдеу саласын дамытуды көздейді. Жоба сүт өнімдері нарығының бәсекелестігін арттырып қана қоймай, дайын өнімді алыс-жақын елдерге экспорттауға да мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, қатарлық инвесторлар елімізге осы саладағы үздік технологияларды алып келуге әзір.
Қатар мемлекетінің инвесторларымен газ өңдеу зауытының, магистралды газ құбырларының құрылысы, сондай-ақ қаржы, телекоммуникация салаларындағы инвестициялық серіктестікке қатысты келіссөздер жүргізіліп келеді. Келешегі зор бағыттар ретінде тау-кен және баламалы энергетикада нақты жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылап жатырмыз.
Аталғандардың барлығы Президентіміздің Қатарға мемлекеттік сапарының күн тәртібіне енгізілген. Жемісті келіссөздер нәтижесінде инвестициялық салаға зор серпін беріледі деп күтеміз.
– Шетелден инвестиция тарту ел экономикасының қарқынын арттыра түсетіні сөзсіз. Бұған Мемлекет басшысы айрықша назар аударып отыр. Осы ретте «Екі ел арасындағы инвестициялық жобалардың қарапайым жұртшылыққа тигізер пайдасы қандай?» деген мәселеге тоқтала кетсеңіз.
– Бұған дейін атап өткенімдей, инвестициялық жобалар дегеніміз – жаңа кәсіпорындар, яғни жаңа жұмыс орындары. Сонымен қатар кәсіпорындардың шығаратын өнімдері импортқа тәуелділікті азайта отырып, жергілікті нарықта бәсекені күшейтеді, осылайша, өнімдердің бағасы қолжетімдірек болып, сапасы арта түседі деген сөз.
Қатар мемлекетін Қазақстанға инвестиция салуға шақыра отырып, еліміздегі әлеуметтік маңызды нысандарға да назар аударуын талап етеміз. Осы орайда Астана қаласында озық технологиялармен жабдықталған, заманауи көпбейінді медициналық орталықтың құрылысын жүзеге асыру туралы уағдаластық бар. Аталған медициналық хаб бірнеше бағыт бойынша, оның ішінде жедел жәрдем, диагностикалық және оңалту блоктерінен құралады.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Қатар даму қоры Алматы облысында 120 орындық перинаталды орталықтың құрылысын бастаудың қажетті шараларын қолға алды. Мұның барлығы екіжақты инвестициялық серіктестік көптеген саланы, оның ішінде әлеуметтік маңызға ие жобаларды да қамтитынын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Дохаға жоспарланған сапары аясында Қатардың ірі компанияларының өкілдерімен кездеседі және іс басында жүрген беделді кәсіпкерлермен дөңгелек үстел өткізеді. Жалпы, инвестиция бағытындағы қызмет пен оның нәтижелері Мемлекет басшысының жеке бақылауында.
– Жұмыс барысында экономикалық күн тәртібіне аса үлкен мән беріліп отырғаны көрініп тұр. Сіз экспортқа бағытталған жобаларды атап өттіңіз, ал қазір Қатар тұтынушыларының Қазақстан өнімдерінен хабары бар ма? Жалпы сұраныс қандай?
– Қатар халқының саны 3 млн-ға жуық болса да, азаматтарының тұрмыс деңгейі әлемде ең жоғары елдің бірі екені баршаға мәлім. Нарықтағы бәсекелестік пен халқының сапалы өнімге деген талабы да соған сәйкес.
Осы ретте екі ел үкіметтері сауда айналымының көлемін арттыруды көздеп отырғанын атап өтуге болады. Бұл бағытта оң өзгерістер бар. 2023 жылы өзара сауда көлемі 3 есеге артты.
Айта кетерлігі, еліміздің шүйгінді даласында жайылған мал етіне сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстаннан экспортталған қой және құс еті Қатардың ірі сауда желілерінің сөрелерінде қолжетімді.
Бұған қоса еліміздің шағын, орта және ауыр өнеркәсіп өнімдеріне, сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласындағы өнімдер мен қызметтерге қызығушылықтың артқаны байқалып отыр. Осы орайда Қазақстан іскерлеріне тиісті қолдау көрсетіп келеміз.
Алайда жалпы қазіргі өзара сауда көрсеткіштері екіжақты қатынастардың жоғары деңгейіне сәйкес келмейтіні анық. Осыған байланысты екі ел басшылары келіссөз барысында үкіметтеріне өзара алыс-берісті күшейту туралы нақты әрі межелі міндеттерді белгілеп бермек.
– 2022 жылы футболдан Әлем чемпионатын өткізген ел ретінде Қатар спортсүйер қауымға, жалпы көпшілікке таныс. Танымалдықтың нәтижесінде бұл елге саяхаттап барып жатқан халық саны да артқан болар. Өзімізге оралсақ, Қазақстанда туризмді дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Туризм және спорт министрлігі шетелдік туристер ағымы екі есеге артты деп мәлімдеді. Осы орайда Қатар мемлекетінің азаматтары да Қазақстанға көптеп саяхаттап жатыр деп айта аламыз ба?
– Әрине, айта аламыз. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2022 жылы елімізге 553 Қатар азаматы саяхаттап келген болса, былтыр олардың саны бір мыңға жуықтады. Шын мәнінде, Қатардан Қазақстанға турист ретінде келген адам саны бұдан да көп, өйткені ресми статистика тек Қатар азаматтығына ие адамдарды есепке алады. Алайда Қатар мемлекетінде тұрғындардың басым көпшілігі басқа елдердің азаматтары екенін атап өткен жөн.
Тікелей рейстер санының артуы – мұның нақты көрсеткіші. Биыл жаңа бағыттар іске қосылады. Қазір Қазақстан мен Қатар арасында аптасына тұрақты 14 тікелей рейс және еліміздің 5 қаласынан чартерлік рейстер ұшады. Бұған қоса азаматтарымыз 30 күнге дейін визалық талаптардан босатылған. Сондықтан Қатар мемлекетінен келетін туристер саны әлі де артады деп айтуға толық негіз бар.
Қатар мемлекеті де Қазақстан азаматтары жиі баратын туристік орталыққа айналып келеді. 2022 жылы 13 мыңнан астам азаматымыз Қатарға саяхаттап барса, былтыр бұл көрсеткіш 40 мыңға жуықтады.
Еліміздің танымалдығын арттыру мақсатында туризмге жауапты мекемелерімізбен бірлесіп, Дохадағы туристік көрмелерге де белсенді түрде қатысып отырамыз. Түрлі роуд-шоулар ұйымдастырылады. Қазір Дохада елімізге саяхат ұйымдастыратын бірнеше Қатар компаниясы бар, олардың саны артып келеді.
Биыл осы бағыттағы күш-жігерімізді еселеуді жоспарлап отырмыз. Доха қаласында бірқатар мәдени іс-шара өткізу көзделген. Оның ішінде биыл қыркүйекте Астанада өтетін айтулы дода – халықаралық көшпелілер ойынына жергілікті халықтың назарын аударуға, қатарлық спортшыларды тартуға мүдделіміз.
– Енді Қатар мемлекетінде тұрғылықты өмір сүріп жатқан отандастарымыздың жай-күйіне тоқталсаңыз. Олар Дохада қандай іспен айналысады, жалпы саны қанша?
– Бүгінде Қатарда 1 мыңнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Олардың көбі еңбек ету мақсатымен барған. Сонымен қатар 50-ге жуық азаматымыз сол елдегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Бұған қоса онда кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарымыз да бар.
Жалпы, елімізден Қатарға барып жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың көбі энергетика, медицина, қаржы, азаматтық авиация салаларында еңбек етеді. Айта кетерлігі азаматтарымыздың басым көпшілігі – халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие аса білікті мамандар.
Әсіресе мұнай-газ сервисі саласында азаматымыз көп. Қатарда бұл сала өкілдеріне деген сұраныс өте жоғары. Еліміздегі ірі мұнай-газ жобаларын кеңейту жұмыстарының аяқталуын ескере отырып, мұнай-газ сервисі мамандарымыз үшін Қатар келешегі зор ел ретінде қарастырылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде мәлімдегені белгілі.
Сонымен қатар бірқатар азаматтарымыз Қатардың ұлттық компанияларында және Дохадағы ірі халықаралық компанияларда басшы лауазымдарына ие. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен үздіктер бас қосқан мекемелерде жұмыс істеу арқылы құнды тәжірибе жинайды. Ең бастысы, Қатардағы азаматтарымызбен жиі кездесеміз. Олар өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратынын айтып отырады.
– Екіжақты қатынастарды талқылай отырып, маңызды мәселелердің түйінін тарқаттыңыз. Мемлекет басшысының алдағы сапары еліміз үшін жемісті болады деген ойдамыз.
– Расында, Президентіміздің Қатар еліне тұңғыш мемлекеттік сапарынан күтеріміз көп. Күн тәртібі аса өзекті мәселелерді қамтиды. Екі ел басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша уағдаластықтарды саралап, болашаққа нақты жоспарларды айқындап береді. Бұған қоса, ғылыми, әскери және ақпараттық технологиялар саласындағы серіктестіктің келешегі талқыланады.
Әлемде тұрақсыздық белең алған кезде сенімді серіктестерімізбен байланысты бұрынғыдан да күшейте түсу – қажеттілік. Халықаралық аренада Қатар бірнеше рет елімізге қолдау көрсетуде аянып қалған жоқ. Бізде де «Дос болсаң – берік бол» деген халық даналығы бар емес пе?
Мемлекет басшысы қазақ-қатар қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтерді. Саяси диалог нығайды, экономикалық жобалар іске қосылып жатыр, екі ел халықтарының байланысы артып, алыс-берісі ұлғайды. Біздің міндетіміз – оны еселеу.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»