Қысы жайлы, қар ұзақ жатпайды дейтін Түркістан өңірі тұрғындары үшін биылғы қаңтар мен ақпан боранды күндерімен, сықырлаған аязымен де ерекшеленді. Әсіресе, таулы аудандарда ауа райы аяқ астынан құбылып, жапалақтап жауған қарды жел көтеріп, аяғы алай-дүлей боранға ұласқан күндер көбейді.
Тау етегіндегі ауылдарға барар жолдар жабылып, электр жарығы өшкен, көгілдір отыннан ажыратылып, әп-сәтте әбігерге түскен жұрттың үйден шықпай боранның басылуын күтуден басқа амалы болмас. Бірақ... Түнгі екіден кейін толғағы қатты қысқан Төлеби ауданы Алатау ауылының тұрғыны Жанна Сәрсенова жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем көлігі ауылға жаындағанда қалың қардан шыға алмай қалған. Жүргізушіні қалдырып, өздері қажетті жабдықтарымен жаяу кеткен жедел жәрдем қызметкерлері аяғы ауыр келіншекке тиісті көмекті көрсетіп үлгерген. Айы-күні жетіп отырған келіншекті перзентханаға уақтылы жеткізе алмайтын болғандықтан, үй жағдайында телефон жарығымен босандырып алыпты. «Бес ұлым бар. Қызымның борандатып дүниеге келгені ұмытылмайтын болды. Жедел жәрдем келген соң, 5-10 минуттан кейін босандым. Бораннан шыға алмадық», дейді көпбалалы ана.
«Үй тас қараңғы, газ жоқ болғандықтан суық еді. Перзентханаға қажетті уақытта жете алмайтынымызды білгендіктен, жолда нәрестені жауратып алмау үшін үйінде босандыруға тура келді. 03:27-де үйінде босандырдық, дүниеге қыз келді», дейді Төлеби аудандық №12 жедел жәрдем бекетінің фельдшері Ербол Сартаев сол түнді еске алып.
Жедел жәрдем мамандары қайта жолға шығу қауіпті болғандықтан, төтенше жағдай қызметкерлерін күтіп, тек 1 жарым сағаттан соң перзентханаға шыққан.
«Шақыру бойынша шығып бара жатқанымызда жолдарды қар басып қалған еді. Өзім жол салып бардым. Бірақ көрсетілген мекенжайға жете алмай қалдық. Фельдшер жігіттер «керек затымызды алып кете берейік, сіз шығып артымыздан келіңіз» деді. Таулы аймақ болған соң ауа райының күрт өзгеретінін білеміз, күрек салып алғанбыз көлікке. Жолды тазалап, бұлардан соң 20 минуттан кейін бардым», дейді жүргізуші Асан Алтаев.
Бүгінде бес ұлдан кейін дүниеге келген Ақниет есімді сәбидің жағдайы жақсы. Дәрігерлер денсаулығына төнетін қауіптің болмағанын айтады.
«Нәресте салмағы 3,3 кило, бойы 54 см болып жарық дүние есігін ашты. Бұл кісі негізі перинаталды орталықта босануға тиіс. Бірақ толғағы тез арада үдеп, үлгермей қалды. Бораннан шыға алмай қалды. Нәрестесінің де, өзінің де жағдайы жақсы күйде жеткізілді. Келгелі бері ешқандай ауытқулары жоқ. Баласын емізіп, өзін жайлы сезінеді», дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі Жанат Нұрымбетова.
Осылайша, боранды түнде шақыртуға барған аудандық №12 жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері Ербол Сартаев, Асан Алтаев, Пернебек Нұржан қолайсыз ауа райына қарамастан, аяғы ауыр анаға шұғыл көмек көрсете білді.
Айта кетелік, жыл басынан бері Леңгір перзентханасында 78 бала дүние есігін ашқан. Ал боранды күні 4 әйел босанған. Оның үшеуі – қыз, біреуі – ұл.
Түркістан облысы