• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Ақпан, 2024

Жедел жәрдем жеткізіп үлгермесе де, дәрігерлер баланы ажалдан алып қалды

7207 рет
көрсетілді

Алматыда ақ халатты жандардың біліктілігі  сыналған оқыс оқиға орын алды. Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының (БШМККО) реанимациялық бригадасына екі жасар балаға өздері баруға тура келді.

Үй мен жұмыс арасындағы қарбалас уақытта жедел жәрдем бригадасы тұншығып жатқан баланы балалар ауруханасына алып бара жатады. Сәбидің жағдайы тіпті нашарлай бастағанда дәрігерлер уақытты босқа өткізбей, жақын жердегі Қазыбек би көшесіндегі Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) апаруды ұйғарады.

Бала бірден осы аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылып, реаниматологтар Геймлих  тәсілін қолданып, іштегі бөтен затты алып тастауға бірнеше рет әрекеттенгенімен, өкінішке қарай, нәтиже болмаған.

ҚЖШККА директорының орынбасары Ермек Желдібаевтың айтуынша, кішкентай науқастың өмірін аман алып қалу барысында ұжым тығырыққа тірелген. Ересектер ауруханасында балаларға арналған бронхоскоптың болмауына байланысты, оған бронхоскопия жасау мүмкін емес еді.

Алайда баланың жағдайы нашарлап, сатурациясы төмендеп, көгере бастаған соң реаниматологтар Нұрлан Рсалиев, Мамыржан Юлдашев және хирург Бақтияр Галиев шұғыл түрде интубация жасады. Интубация кезінде баланың тыныс жолдары ашылып, осыдан кейін ғана балалар ауруханасынан дәрігерлер жеткенше оның жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды.

БШМККО мамандары келгеннен кейін бронхоскопияның көмегімен баланың тыныс жолына тұрып қалған бұршақ алынды. Кішкентай ғана пациенттің жағдайы ҚЖШККА жансақтау бөлімінде бірнеше сағаттан соң қалпына келе бастағаннан кейін, одан әрі қарай емдеу үшін Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді.

«Бұршақты шығарып алу оңай емес, бұл негізінен бронхоскопия көмегімен жасалады. Балалар ауруханасының мамандары келгенге дейін біздің дәрігерлер дер кезінде әрекет жасап, оған қоса Балалар ауруханасының дәрігерлерінің «ересектер» ауруханасы жағдайында кәсіби түрде жасалған бронхоскопияның арқасында бала аман қалды. Бәріміз сәбиге алаңдап, оның жағдайын жіті қадағалап отырдық, қазір үйге шығарылғанын естіп қуанып жатырмыз», дейді дәрігер Ермек Желдібаев.

Балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев мұндай ересектер мен балалар ауруханалары мамандары шұғыл түрде науқасты қосыла құтқаратын оқиғалар жылына 2-3 рет қайталанатынын айтады.

Осы оқиғаға байланысты Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев: «БШМККО қабылдау бөліміне «103»-тен: «Науқас 2 жаста, аспирациялық синдром, реанимациялық бригаданы дайындаңыз» деп қоңырау шалынды. Қабылдау бөлімінде 7 маманнан тұратын бригада күтіп отырған. Шамамен 30 минут өтті, баланы әлі жеткізбеді: «Бізге жеткізуге уақыты болмады ма?!», «Бала аман ба?» деген сұрақтар туындады. Біз «103»-ке өзіміз қоңырау шалдық, олар науқасты жақын маңдағы басқа ауруханаға апаруды ұйғарған екен – уақыт өтіп жатты. Команда тез жиналып, 15 минут ішінде ҚЖШККА-ға жетті. Келгеннен кейін біздің топ бронхоскопия жасап, тыныс алу жолдарынан бұршақты шығарып тастады. Екі аурухананың жедел әрекетінің арқасында сәби аман қалды», дейді.

БШМККО дәрігерлері тек биылғы бір жарым айдың ішінде тыныс жолдарында бөгде зат бар 10 науқасты аман алып қалғанын айту парыз. Бұл пациенттердің барлығы – 1 мен 3 жас аралығындағы балалар.