Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бердібек Сапарбаев тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, сондай-ақ басқа да қайраткерлер, ғалымдар, қызметтес серіктері мен шәкірттері баяндама жасады.
Конференцияда мемлекет және қоғам қайраткері туралы кітаптың тұсауы кесіліп, тағылымды өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Іс-шара аясында «Ерен де берен Бердібек» және «Бердібек Сапарбаев. Өнегелі өмір» атты кітаптар таныстырылды. Жинақта қайраткер жайында деректер, туыстарының, үзеңгілес әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Оқырман қауымға жол тартқан кітаптардың тұсауын авторлармен бірге Бердібек Мәшбекұлының зайыбы Қалдығайша Сапарбаева кесті.
Жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың конференцияға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. «Бердібек Мәшбекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі және адал қызметі – жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге», делінген Президент хатында.
Бердібек Мәшбекұлы туралы естелігімен бөліскен Мәжіліс төрағасы біртуар тұлғаның «екінші өмірі» басталғанын жеткізді. «Туған халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп, тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену – екінің бірінің тағдыр-талайына бұйыра бермейтін бақыт. Ондай тұлғалардың есімі мемлекеттің, ұлттың тарихында ұмытылмастай алтын әріптермен жазылып қалады. Ол кісінің ғұмыры бейнелеп айтқанда аттың жалында, түйенің қомында өтті. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік етті. Бердібек Мәшбекұлы мәселесі күйіп тұрған бес бірдей облысқа басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды. Ол нағыз кризис-менеджер болды деп айта аламыз», деді Е.Қошанов. Оның айтуынша, Б.Сапарбаев 90-жылдары еңсесі түскен, экономикасы құлдыраған Қызылорда облысын ең күрделі кезеңнің өзінде аз уақытта аяққа тұрғызды. Жарық пен жылусыз отырған Оңтүстік Қазақстан облысында да іргелі істерімен ел есінде қалды. Министрлікті басқарған тұста да көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытқан нағыз атына заты сай әлеуметтік министр болған.
Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов ел жанашыры, мемлекет қайраткері Бердібек Мәшбекұлының тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға ерекше үлес қосқанын атап өтті. Осындай дара қасиеті мен іскерлік қабілеті үшін бір жүйеде, бір ұжымда қызметтес болмаса да, сол кісіге қарап бой түзейтінін жеткізіп: «Тағдыр тоғыстырған бір оқиға бар. 2016 жылы жерге қатысты митингілер өтіп, бүкіл республика шулап жатты. Жер митингтері мен діни радикализм өршіп тұрған кез. Бердібек Мәшбекұлының Ақтөбеге барғанына да көп болмаған. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген Бекеңмен тез тіл табысып кеттік. Жұмыс таңғы 7-де басталатын. Күні бойы кездесу, жиналыстар өтеді. Бердібек Мәшбекұлы уақытын тіпті асқа қимай, өзі басқа да жұмыстарын бітіріп жататын. Сөйтіп, кешкі 9-дан кейін Штабтың есептік кеңесімен жүрді. Жеті бағытта жасалған жұмыстың нәтижесін айтуға регламент жетпес. Жоба барысында Бекеңнің керемет қырлары мен қасиеттерін тани түстік. Соның тек үшеуін айтсам. Ол – нағыз лидер, ұлт пен тілдің жанашыры мен жұртқа жақын мемлекеттік қызметкер. Ендігі міндет – ағамыздың асыл мұрасын кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу», деген Ж.Асанов Бердібек Мәшбекұлы басқарған 5 өңірде де осындай конференция ұйымдастырып, мол тәжірибесі мен басқару өнеріне терең зерттеулер жүргізілсе деген ұсынысын білдірді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрген үзеңгілесі туралы жылы естеліктерін айтты. «Бердібек Мәшбекұлы – Қазақстан тәуелсіздік туын тұғырға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың бірегейі. Оның 90-жылдардың тоқырауында Қызылорда облысын жойылудан сақтап қалғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді», деді ол. Бұл еңбегін Бердібек Мәшбекұлының туған жері ғана емес, тұтас Отанының алдындағы перзенттік, қайраткерлік қызметі деп бағалаған ол: «Өзін халықтан тысқары ұстамаған, адал еңбек етіп, сол арқылы елге ұйытқы бола білген Бердібектің сол ізгі қасиетін болашақ ұрпақ үлгі етсе дейміз. Қандай өңірге әкім болса да аянбай еңбек етіп, соның бәріне де абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақ халқы оны қимастықпен шығарып салды. Бұл Бердібек Мәшбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі деп білемін», деді.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова конференцияның мақсаты – Б.Сапарбаевтың мемлекеттік басқару ісіндегі іргелі бастамалары мен озық тәжірибелерін зерттеп, пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру екенін атап өтті. «Ең әуелі, ол кризис менеджер болды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Мемлекет басшысы халықтың жағдайын жақсы білетін, әр істі тыңғылықты атқаратын Бердібек Мәшбекұлына ең қиын, күрделі салаларды сеніп тапсыратын» дей келе, оның экономика ғылымдарының докторы болғанын, теориялық түрде меңгерген білімін іс жүзінде пайдаланып, инвестиция тарту механизмдерін жүзеге асырғанын да тілге тиек етті. Одан бөлек, отандық ғалымдарға қолдау көрсете отырып, пандемия тұсында коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысының басы-қасында жүргенін жеткізді. Түбі бір түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және қалпына келтіру мен жаңғыртуда берекелі істердің ұйытқысы болғанын, ұлт тарихы мен мәдениетінің дамуына да қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Ал Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов сөзін: «Әркімнің көңілі құлайтын адамдар болады. Санамызға із қалдырған екеудің бірі – Бердібек Мәшбекұлы» деп бастады. Оның айтуынша, Бердібек Сапарбаев – шешеннің тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын ақиқаттың көзіне тура қарай алатын тұлғалардың бірі болды. Бойындағы өнерін, қабілетін кәсіп деп емес, қасиет деп қарайтындардың сойынан еді. «Бекеңнің биік талғамы мен толғамы жан жүрегінде тебіреніп, көрініс тауып жатушы еді. Дәл сол кездерде Құнанбай фильмі түсірілді. Бекеңе мән-жайды түсіндіргеннен кейін «Бұл тек киногерлер мен шығыс жұртының ғана емес, иісі қазақтың намысы, қазақты әлемге танытқан Абайды берген ұлы тұлға Құнанбай» деп салды. Осы бір сөз бізге де қамшы болып тигендей, киномызды бір ай он сегіз күнде тәмамдадық», деді өнер майталманы.
Ал ғылыми ортаға көрсеткен қамқорлығы туралы ағынан жарыла сөйлеген Президенттің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья елеусіз ғана еңбек етіп жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми зерттеу институтына қанат бітіріп, отандық вакцинаның шығуына атсалысқан Бердібек Сапарбаевтың азаматтығын айрықша атап өтті. Кейіннен «QazBioPharm» ұлттық холдингін басқарғанда да қызметтік көлік пен кабинеттен бас тартып, халық үшін қызмет етудің үлгісін көрсеткенін айтты.
Тұлға туралы естелік айтқан Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновация университетінің проректоры, профессор Махметғали Сарыбеков: «Бердібек Мәшбекұлы – пенделіктен өзін биік ұстап, адамгершіліктің биіктігіне жеткен тұлға еді», деді. Әкім ретіндегі алты ерекшелігіне тоқталған ол: «Оның аналитикалық ойлау қабілеті өте жоғары еді. Өзінен бұрын өңірді басқарған әріптестеріне үлкен құрметпен қарайтын, оның адамды тани білетін, өзінің бір «ішкі рентгенінен» өткізетін қасиеті болған. Соның арқасында мамандарды таңдап, оларға күрделі мақсаттардың орындалуын сеніп тапсыратын. Бердібек аға – шынайы достыққа ашық болған тұлға. Сатқындықты, екіжүзділікті, өтірік айтқанды кешірмейтін. Мұндай «достарды» өзінің «ішкі тізімінен» сызып тастайтын. Ең негізгі қасиеті – халыққа жақындығы», деді.
Жиынға жиналған жұрттың жүрегінде мықты маман, асыл аға, әкімдердің әкімі ретінде танылып, жылы естелігімен қалған Бердібек Сапарбаевтың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болса игі. Қызметтес әріптестері мен үзеңгілес достары айтқандай, тырнақ астынан кір іздеген сәттерінде аман алып қалған адалдығы, ашықтығы мен әділеттілігі секілді сан қырлы қасиетін ұрпақ сабақтастығына айналдыра алсақ, ер сеніміне селкеу түсірмеу деген сол болса керек.