Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттарға әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда талқылау ұсынылады. Құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Мемлекет басшысының отбасылық және тұрмыстық салалардағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.
Сонымен қатар ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасы да бірінші оқылымда қаралады. Бұл мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету тетіктері мен құралдарын бекітеді және ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтеді.
Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру туралы және құқық қорғау қызметі туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.