• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Ақпан, 2024

Балаларды қолөнерге баулиды

183 рет
көрсетілді

Әйтеке би ауданы Тереңсай орта мектебі технология пәні мұғалімі Самат Назаровтың ауыл балаларын қолөнерге баулып жүргеніне 30 жылдан асты.

Тереңсай – Әйтеке би ауда­нының орталығы Т.Жүргенов ауылынан 107 шақырым жерде, Ақтөбеден Қостанайға баратын тасжолдың бойында орналасқан қиырдағы ауыл. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары туған жерінде еңбек жолын бастаған жас маман содан бері талай өмір белесінен өтсе де ауылынан ұзап кетпеді, сүйікті мамандығынан қол үз­ген жоқ. Он саусағынан өнер тамған шебер ұл-қыздар­дың көркем еңбек пәніне де­ген қызығушылығын арт­тырып қана қоймай, олар­дың икемділігіне қарай бой­ла­рындағы қабілеттерін аша біледі. Еңбекке бау­луды бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінетін жұмыстардан бастайды. Қо­сымша сабақтарда ер балаларды шеге қағып, күрек саптау, білік темірлерді жону, тақтай сүргілеуге үйретеді. Жасы­ратыны жоқ, қазіргі кезде ауылда шегені түзу қа­ға алмайтын, күрек саптай білмейтін ақсаусақ бала көбейіп барады. Үй шаруа­шылығына жастайынан икемделмеген жеткіншек өскенде көп жағдайда шаруаға қыр­сыз болып қалады. Бала тәрбие­сіндегі осы олқылықтың орнын толтыру үшін техно­логия пәнінің мұғалімі қара­пайым қағидаларға сүйен­генді жөн көреді. Сол үшін де сабақтан тыс уа­қытта мек­теп­те «Қолөнер», «Шебер қол­дар» үйірмелерін ұйымдас­тырды. Қолы бос кезде үйін­де ұлт­тық нақыштағы дү­ниелер жасайды. Ағаштан түрлі бұйым жасағанды жаны сүйеді. Қолөнерге қажетті ма­териалды ауыл арасынан іздейді, аудан орталығынан алдыртады. Шебер қажетті материалдардың тез табылмайтынына қапалы, «Қолөнерге қажетті заттар толып тұрса, уақытымыз үнемделер еді, балаларды үйрету де оңайға түсер еді», дейді ол. Ауыл мек­тептерін технология пәніне қажетті түрлі құралдармен, ма­териал­дармен жеткілікті түр­де қамта­ма­сыз етсе, оқушы­лар­дың кәсіп­тік дағ­дыларды меңгеру сапасы да артатыны рас.

Қолда барды ұқсатып жүрген шебердің шәкірттері шетінен өнерлі. Тереңсай ауы­лындағы балабақша, мәдениет үйінің кіреберістеріне оқу­шылардың қолдан жасаған сәндік бұйымдары қойылған. Аудандық, облыстық, рес­пуб­­­ликалық шеберлік бай­қаулары мен көрмелерде Са­мат Аман­ғос­ұлының оқу­шылары жүл­делі орындарды иеленіп жүр. Шебердің шәкірт­тері қол­өнерді маман­дыққа айнал­дырып, кейбірі Ақтөбе қала­сында жиһаз жасайтын цехтарда еңбек етсе, енді бірі түрлі саладағы дизай­нер маман­дықтарын таң­дады. Терең­сай­дың топы­рағынан түлеген жастар Самат ағайынан алған тәрбие мен өнегені өмірде өз мақ­­саттарына пайдалана біл­ген­деріне риза. Өйткені өнерлі жан қай кезде де қажет.

 

Ақтөбе облысы