Алыс ауылдардағы, қаладағы мұқтаждарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмекті енді дрон тасымақ. Оның ерекшелігі жедел жеткізетінінде болып тұр. Мұндай жағдайға ғылымның жаңалығы, отандық ғалымдарымыздың жетістігі жеткізбек.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің зерттеушілері мүмкіндігі шектеулі жандарға дәрі-дәрмекті жылдам жеткізу үшін гексакоптер жасап шығарды. Аз қабатты үйлер мен алыс ауылдарға дәрі-дәрмек жеткізуге арналған ұшқышсыз ұшатын аппарат аталған университеттің «Электротехника, телкоммуникациялар және ғарыштық технологиялар» кафедрасында құрастырылды.
Жоба жетекшісі, аталған жоғары оқу орнының қауымдасқан профессоры Абдумежит Дараевтың айтуынша, магистранттар мен студенттер тобы қажет жағдайда дәрігерлердің жылдам көмек көрсетуіне септесетін, қолайсыз ауа райында да жол талғамай, жедел медициналық көмек көрсете алатын құрылғы жасауды өздеріне мақсат етіп қойған.
– Біз шалғай, қатынауға қиын соғатын жерлерге дәрі-дәрмекті жеткізетін ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасауға қажетті грант ұтып алдық. Осы жобаны іске асыруға университетімізде оқитын бакалавриаттар мен магистранттар атсалысып жатыр. Бұл ғылыми жұмыспен жарты жылдай жұмыс істеп келеміз. Қазіргі уақытта ұшақсыз ұшу аппараты қолданысқа дайын десе болады. Құрылғыны университет аумағында сынақтан өткізіп те үлгердік. Нәтижесінде, екі патент алдық. Енді бір айдан соң түрлі алаңдарда сынап көрмекпіз. Біздің біліміміз еліміздің дамуына жараса дейміз. Сондықтан алдағы уақытта аппаратты күнделікті өмірде қолдануға енгізуге еңбектеніп жатырмыз, – дейді ғылыми жоба жетекшісі А.Дараев.
Ал жоба зерттеушілерінің сөзіне қарағанда, құрылғыны дәрі-дәрмек тасуға қолдану жеткізу уақытын қысқартады, бұл өз кезегінде ел азаматтарының ыңғайлы өмір сүруіне, сол арқылы өмір сапасын жақсартуға жәрдемдеседі. Әлемде мұндай аппараттарды мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетуде кеңінен қолданады. Дәрі-дәрмекті жеткізу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану жеткізу уақытын қысқартып қана қоймай, қосымша жеткізуші адамның қызметіне және көлікке шығын шығармауға мүмкіндік береді. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының маневрлік және дәл ұшу қабілеті өте жоғары, сондықтан мұндай құрылғылар дәрі-дәрмекті ең қиын жерлерге де жеткізе алады. Тек дәрі-дәрмек жеткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылғының жүк көтергіш қабілеті де шектеулі болатынын естен шығармаған абзал.