Отандық ғалымдар қиярдың жаңа сұрпын шығарды. Көкөніс бірнеше өңірдің ауа райына төзімді. Сондықтан бірқатар облыстағы шаруалар арасында сұранысқа ие болғалы тұр.
Бұл сұрыпты ақтөбелік зерттеушілер алматылық әріптестерімен бірге жасап шыққан. Қиярдың жаңа сұрпын шығару үшін ғалымдар үш жылға жуық еңбек еткен. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары алматылық әріптестерімен бірге көкөністің бес түрлі тұқымын алып, далада және жылыжайда кешенді тәжірибе өткізді. Нәтижесінде, ауа райы күрт құбылмалы аймақтарда мол өнім беретін өсімдік тұқымын алды.
Биология ғылымдарының кандидаты Әлия Базарғалиева жаңа сұрыпты қолдану аймағының ауқымдығын атап: «Бұл сұрып Ақтөбе облысына ғана жерсіндірілмеген. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облыстары және басқа да облыстардың ауа райына өсіруге толығымен болатын сорттың қатарына жатады», деді.
Ғалымдар тұқымның сапасына сенімді болып отыр. Себебі топыраққа түскен әрбір дәні жерді жарып шығады екен. Соған сай өнімі де мол. Осыған қоса шыбын-шіркейсіз-ақ тозаңданатын қасиеті бар. Өсімдікті сұрыптау нәтижелі болғандықтан, тиісті патент те берілді. Ендігі міндет – шаруаларға табыстап, нарыққа жетерліктей етіп өсіру.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Абтиев: «Біз ғылыми зерттеуден өткен тұқымды ірі алқаптарға себуге дайынбыз. Жергілікті бағбандар ашық аспан астында және жылыжайларға егіп, нәтижесін көрсе, ақтөбелік ғалымдар шығарған қияр тұқымына сұраныс жоғары болғалы тұр», деп сенімін білдірді.